Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Театр тар, неке сарайы жоқ

19.03.2020, 10:41 1141

Сүйінші! Театр салуға жер телімі бөлінді

Аймақтың ажары ай, апта, тіпті күн өте айшықталып келеді. Қаланың бос жатқан жерлері инфрақұрылымдық-индустриялық тұрғыдан игеріліп, әлеуетке қажетті нысандар салынуда. Дегенмен, халық саны артқан сайын әлеуметтік-экономикалық мұқтаждық та тиісінше туындайтынына көзіміз жетті. Оған дәлел ретінде 1970 жылдан бері Нартай Бекежанов атын иемденіп келе жатқан орталық алаңдағы 700 орындық театрдың тарлық етуін келтіруге болады. Республикалық, облыстық деңгейде өткізілетін шара барысында бұл рухани орынға қалың қауым сыймай қалатын кездерді жиі байқаймыз. Соңғы уақыттары тіпті көрермен болуға келгендер театр табалдырығынан ішке кіре алмай, еңселері түсіп кері қайтып жүр. «Халық» газеті бұған дейін де бұл мәселені 2013 жылы «700 мың халықта 700 орындық театр бар» тақырыбымен көтерген болатын. Қазір Қызылорда облысында халық саны 803 мыңды құрайды. Есептей беріңіз, жеті жылда 100 мыңнан астам адамға артқан Сырдың өнерсүйгіш жұртшылығы үшін рухани-мәдени орынның орындығы расында жетіспейді. Жуырда Абайдың 175 жылдығына орай «Абай жолымен» тақырыбында өткізілген айтыста да да Жүрсін Ерман аймақ басшысына қарата: «Айтыс тамашалауға келген ағайынды көріп тұрсыз. Сырдың бойына айтыстың ақ сарайын салып берсеңіз, артық болмайды» деп бір ауыз құлаққағыс еткені бар. Сонымен театр қашан және қай жақтан салынады?

 – Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына Сырдария өзенінің сол жағалауынан жалпы көлемі 5000 шаршы метр жер учаскесі «Облыстық қазақ музыкалық-драма театр құрылысы» нысанын салу үшін бөлінді. Облыстық бюджет қаражаты есебінен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (бұдан әрі – ТЭН ред.) әзірленуде. Тиісті заңдылықтарға сәйкес ТЭН-нің оң қорытындысы алынған соң нысанның жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады, – деп ресми түрде жауап берді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.

«Неке сарайы» құрылысы неге кешігуде?

Естеріңізде болса, 2017 жылды қорытындылап, 2018 жылғы жұмыс жоспарын халықпен бөліскен Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев «Сырдарияның сол жағалауындағы алғашқы мөлтек аудан жыл соңына дейін ашылады. Қазіргі кезде онда 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің кампусы мен жастар ресурстық орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар «Неке қию сарайы» салынады» деген еді. Бүгінде бұл сөйлемде айтылған балабақша да, университет те, жастар орталығы да пайдалануға беріліп, өз жұмысына кіріскелі біраз болды. Кезек салтанат сарайына келіп тұр. 2018 жылдың мамыр айында «Халық» газетінің бетіне «Неке сарайы» қашан салынады?» деген тақырыппен мақала жарияланды. Сол кезде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы М.Әлсеріков:

 – Жалпы, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы аумақта тұрғын үй, әкімшілік-офистік, мәдени ойын-сауық, сауда-көрме, спорттық объектілердің құрылыстарын жүргізуге отандық және шетел инвесторларын тарту мақсатында облыс әкімдігі тарапынан бірқатар шаралар ұйымдастырылып, инвесторлармен тиісті келісімдер жасалды. Нысанның құрылысына қажетті жер теліміне меншік құқығын табыстау мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің тарапынан заңнама талаптарына сәйкес аукцион ұйымдастырылып, оның жеңімпазы «Темірлан» ЖШС атанды. Бүгінде осы мекемемен келісім жасалып, аталған серіктестіктің есебінен сол жақ жағалауда «Неке қию сарайы» ғимаратының құрылысы жоспарланды. Нысанның эскиздік жобасын әзірлеу үстінде, сондай-ақ оның техника-экономикалық негіздемесі дайындалуда. Құрылыс жұмыстарын 2018-2019 жылдар аралығында жүргізу көзделуде, – деп жауап берген еді.

2018 жыл аяқталды, 2019 жыл да соңына тақап қалғанда аталмыш басқармаға тағы да сұрау салдық. Алған жауабымыз істің созбалаңға салынғанын тағы аңғартқандай.

 – Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауына жасалынған егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында «Неке қию сарайы» ғимараты қарастырылған. Алайда қазіргі таңда бюджет мүмкіншілігіне байланысты ғимарат құрылысы кейінге қалдырылып, алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – деді.

Мәселенің мәнісін білмекке ұмтылып, тағы да тиісті басқармаға 2020 жылдың наурыз айында хат жолдадық.

 – «Неке сарайы» ғимараты бойынша 2018-2019 жылдары көршілес облыста құрылысы салынған ғимараттардың жобасына зерделеу, салыстыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ең тиімді деп танылған жоба қолдау тапты. Жеке инвестор демеушілік білдіріп, жобасын әзірлеп беруге ниет білдірді. Осыған байланысты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, «Салтанат сарайы нысанының» құрылысына қажетті жалпы көлемі 1500 шаршы метр жер учаскесі бөлінді. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізілді. Оң қорытындысы алынған соң заңдылықтарға сәйкес тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады, – деп жауап берді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы М.Әлсеріков.

«Әні-міне салынады» деген құрылыстың басталады дегеніне екі жылдан астам уақыт болды. Бұйыртса, құжат атаулының «төркіні» саналатын неке куәлігін жаңа ғимаратта алатын күн де туады.

Жалпы, қаланың сол жағалауында білім беру, денсаулық сақтау, әкімшілік, мәдени, спорттық әлеуметтік нысандарының құрылысын облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, «Қызылорда қаласының сол жағалауында физика-математикаға бейімделген 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернатының құрылысы», «Ауысымына 100 келушіге арналған емханасымен қоса, 300 төсектік көпсалалы аурухана құрылысы (онкологиялық бөлімімен қоса), «ІV санаттағы жылына жоспар бойынша 5000-10000 донацияға арналған облыстық қан орталығының құрылысы», «Әкімшілік ғимарат құрылысы», «Көгалдағы хоккей алаңы құрылысы», «Салтанат сарайының құрылысы», «Облыстық қазақ музыкалық-драма театр құрылысы» нысандары. Сондай-ақ, Сырдария өзенінің сол жағалауында әкімшілік ғимараты нысанының құрылысы жоспар бойынша ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: