Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлылар ұқсастығы немесе мүсіндердегі мін

20.06.2020, 11:00 2156

HALYQLINE.KZ Өткенде басқа қалада оқитын танысым Қызылордаға келген болатын. Қызылордалық болса да, қаланы дұрыс білмейтінін алдын ала айтқан-ды. Өзі бір ойын-сауыққа, жеңіл-желпіге алдана қоймайтын адам болғандықтан, тарихи-мәдени ескерткіштерді аралатып, музейге, театрға, кітапханаға алып барайын деп шештім. Баратын жерлеріміздің қысқаша тарихын­ бір шолып өтіп, жауапкершілікпен дайындық жүргіздім. Жаттап алғанымды зырғыта­ айтып жүрген кезімде танысымның ескертпе­сінен кейін қалада орналасқан батырлардың ескерткіштері бір-біріне қатты ұқсайтынын білдім. Мұнан кейін өзімше зерттеу жүр­гізбекке бел буып, аз-кем мәліметтер жинақ­тауды бастап кеттім.

Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша батырларға арналған мемлекет қорғауына алынған біз білетін 3 ескерткіш бар. Олар – Бұқарбай, Жанқожа батыр және Жалаңтөс Баһадүр ескерткіштері. Ал, мемлекет қорғауына енбеген Қобыланды батыр мен Келменбет батырдың да ескерткіштері облыс орталығында орналасқан. Алдымен, ескерткіштердің орналасқан жері, уақыты, авторлары, т.б. туралы мәліметтермен таныс болайық.

Жалаңтөс Баһадүр ескерткіш­і. 2010 жылы салын­ған батыр баба мүсіні Сұлтан Бейбарыс және Жібек жолы көшелерінің қиылысында орнала­сқан. Ескерткіш Жалаңтөс Баһадүрдің 425 жылдығына арналып салынған. Авторлары – ҚР  Суретшілер одағының мүшелері, мүсінші­лер Н.Далбай мен Қ.Жарылқапов. Биіктігі 4 метр болатын ескерткіш қоладан құйылған, салмағы  6 тоннаны құрайды. Тұғырымен қоса есептегендегі биіктігі – 11 метр. Тұғыры гранитті тастармен қаланып, сырты мрамор тақ­талармен  қапталған.

Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші

Бұқарбай  Естекбайұлы  ескерткіші. 2012 жылы тұрғызылған мүсін Ғани Мұратбаев көшесі бо­йын­да орналасқан. Ескерткіш Бұқарбай Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойының қарсаңында ашылды. Ескерткіш Ж.Исмағұловтың жобасы бойынша қоладан құйылып, гранит таспен қап­талған тұғырға орнатыл­ған.  Ескерткіштің салма­ғы – 6 тонна, биіктігі – 6,1 метр. Тұғырының биік­тігі – 4,2 метр, ені – 1,5 метр, ұзындығы – 3,7 метр.

Бұқарбай батыр ескерткіші

Жанқожа  Нұрмұха­медұлы ескерткіші. 2014 жылы Теміржол вокзалы маңында Жанқожа батырдың 240 жылдық мерейтойы  қарсаңында  қала  орталығынан батырдың ескерткіші бой көтерді. Ескерткіш  қоладан  құйыл­ған, салмағ­ы – 5,3 тонна. Ескерт­кіштің биіктігі – 5,4 метр, тұғырының  биіктігі – 6 метр. Ескерткіштің авторлары – А.Кененбаев, Қ.Дулатов, Т.Серікбаев.

Жанқожа батыр ескерткіші

Қобыланды батыр ескерткіші. Қызылорда қаласының 190 жылдығына орай облыстық автомобиль жолдары басқармасы қаржысына салын­ған бұл ескерткіштің биіктігі 12 метрді құрайды. Мүсіннің сәулетшісі Сағидолла Құбашев болса, мүсінін жасаған – Мұратбай Үмбетов. Екеуі де жергілікті өнер май­талмандары.

Қобыланды батыр ескерткіші

Келменбет  батыр ескерткіші. 1999 жылы орнатылған ескерткіш Қорқыт ата және Ахмет Иассауи көшелерінің қиылысында орналасқан. Ескерткіштің биіктігі – 5 метр. Авторлары – жергілікті суретші-мүсінші  Қ.Зәкіров пен  шымкенттік мүсінші  Қ.Мәлібеков.

Келменбет батыр ескерткіші

Фотодан байқасаңыздар, Бұқарбай батыр қол астындағы сарбаз­дарын не халқын жігерлендіріп, жорық алдындағы сөзін айтып жатқан­дай. Ал, Жалаңтөс батыр хал­қына “қалайсыңдар” деп сәлем жолдап тұрған секілді. Сол сияқты Бұқарбай батырдың аты оң аяғын көтеріп тұрса, Жанқожаның аты сол аяғын алдыға серпіген. Мүсіншілер Келменбет батыр мен Қобыланды батырға бір ат “мінгізген” бе деп тағы ойлайды екенсің. Тек бірі найзасын тік ұстаса, екіншісі жауды түйреуге бағытталған. Жанқожа батырд­ың найзасы да аспанға “атылып” тұр. Бұл қаладағы орналасқан бес ескерткіштің ұқсастығы ғана. Жалпы  алғанда, біздегі ескерткіштер адамды ойландырудан, ой салудан ада. Иә, суретшілік те, мүсін­шілік те – өнер. Ал, өнер барлығын айқындап тұруы тиіс! Ең болмағанда, адамды мәжбүрлі түрде жақсы жағынан сөйлете алуы керек…

Рыскелді  ЖАХМАН,

«Халық» газеті

Суреттерді  түсірген  автор


Сіз  не  дейсіз?

Аманкелді  КЕНЕНБАЕВ,

суретші,  мүсінші:

Бізде мүсіншілердің ойы шектеледі

– “Қала аумағында орналасқан батырла­рдың мүсіндері бір-біріне ұқсайды” деген пікірді жоққа шығара алмаймын. Солардың ішіндегі Жан­қожа батыр ескерткішінің эскиздік жобасын жасадым. Әрине, ескерт­кішті тұрғызуда батырдың өмір жолым­ен таныстық. Батыр өмірінен мәлімет беретін бірнеше кітаптарды парақтап шықтық. Эскиздік жобасын жасауда барлық ақпараттарға сүйендік. Меніңше, бізде ескерткіштерді көркемдеу басым. Ал, біз Жан­қожа  бабамыздың бейнесін жасаған­да­ бұған жол бермеуге тырыстық.

Тағы бір айта кететін жайт, біздің елде мүсіншілердің ойы шектеледі. Демек, олардың идеясы толық жүзеге аспайды деп ойлаймын. Екі ортад­а тапсырыс беруші, мемлекет­тік комиссия өкілдері, басшылар, тағы  да  басқа  адамдардың  ойы қатар жүреді. Суретшіге, мүсіншіге еркіндік керек. Өз басым жаңа аты аталғандарды барынша сауатты болса­  ғой  деп  армандайтыным  бар.


Ғабит  КӘДІРБАЙ,

ақын, суретші:

Ескерткіштерде ерекшелік жоқ

– Қазақ батырларының бейнесін жасауда мүсіншілер қайталаудан аса алмай жатыр. Олай деуіме себеп те бар. 2016 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударғанда бұған көзім анық жетті. Жолай ана ескерткішке қараймын, жолай мына ескерткішке де көз тастаймын. Анау айтқандай ерекшелік жоқ, барлығы бір-біріне ұқсап кеткен. Негізі, ескерткіш  дегеніміз  тұлғаның барлық қырын ашып тұруы  шарт емес пе? Оны халық жазбай тануы және жазуын оқымай білуі керек. Яғни, ескерт­кіш авторы ол адамның ерекшелігін, тарихтағ­ы қайталанбас орнын ескерткіште бейнелеу­ге тиіс. Әйтпесе, бір-біріне  ұқсас мұндай ескерткіштердің қайсысы кімдікі екенін білмей дел-сал  болатын сияқтымыз.


Елдос  ТОҚТАРБАЙ,

жазушы, әдебиеттанушы:

Ескерткіш “сөйлеп” тұруы керек

– Ескерткіштер мен тастұғырға (бюст) аса қатты мән беремін. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы көрнек өнері деп жіктеп, соның айрықша бір түрі осы – ескерткіш екенін айтқан  екен. Ескерткіш, тастұғыр – сымбат өнеріне (скульптура) жатқандықтан, өнер туындысынан ерекше мән күтесің. Дұрысы, ескерткіш өнер туындысы болғандықтан, “сөйлеп” тұруы керек емес пе!? Мәселен, біз әдеби көркем шығарма оқығанда, кейіпкер тағдыры үшін алаңдап, тосын оқиғаға жан ауыртып, оқу процесі кезінде басымыздан түрлі күйді өткереміз. Сонда бұл қандай құдірет десек, сөз өнерінің, сөз қасиетінің құдіреті! Дәлірек айтсақ, автордың шеберлігі, өнер туындысының ерекшелігі ғой. Сол сияқты неге ескерткішті көрген кезде, адам эмоцияға берілмеуі керек, басынан түрлі көңіл күй сезімін өткермеуі керек? Өкінішке қарай, еліміздегі көптеген ескерткіштер инкубатордан шыққанд­ай, бір-біріне өте ұқсас. Қарап отырсаң, ешқандай мән-мағынасы жоқ. Бір сарын­дағы ескерткіштер  адамды  ойландырмайды, толғандырмайды. Ой болмаған жерде, адамның­  ақыл-ойы мен өрісі қалай дамысын?! Біздің  ескерткіштердің  басты  кемшілігі сол – қарауыл­дағы  күзетшідей  қақайып  тұруында. Басқа  қимыл  жоқ…

Қазан қаласындағы тағдырлы ақын Мұса Жәлелге қойылған ескерткішті көрдіңіз бе? Меніңше, “Моабит” түрмесіне түсіп, шаһид кеткен ақынның тағдырын бір ғана ескерткіш ашып  тұр.

“Өнер туындысына эстетикалық тұрғыдан қарайтын комиссия бар ма екен?” деп қоямын  ішімнен. Бірақ, дәл біздің елде комиссияның өзін де қақайтып қояды ғой, сондықтан­ бәрі жалған… Өте өкінішті жайт. Кембағал жұрттың бағы қашан жанар екен?!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: