Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соқыр Нышан

27.09.2023, 18:00 426

HALYQLINE.KZ

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Тіршілігі қайнаған қаланың ескі базары. Базарды қақ жарып ағатын арықты бойлай өскен алып дарақ көлеңкесінде қобызын сарнатып соқыр шал отыратын. Біздің үйдің балалары базарды жиі төңіректейміз. Оның себебі де жоқ емес. Қоғалыкөлдегі қойлы ауылдағы ата-анамызды сағынсақ, каникулды күтпей-ақ ауылға тартып кеткіміз келіп тұрады. Ауылға апаратын автобус осы базардан жүреді. Осы базарды ашса алақанынында, жұмса жұдырығында ұстайтын алтынға малынған апамыз Зағипа – осы базардың бастығы. Базардың ортасында сырты жұпыны көрінгенімен, іші кірсе шыққысыз үй – осы апамыздың үйі. Табалдырықтан бастап төселген қалы кілемнің неше түрлісі, өрлеп барып қабырғаға ілінген. Сарай толған жеміс-жидек. Апамыздың қолы жомарт жан. Бара калсаң, қойын-қонышыңды ауыл баласы үшін жеңсік астың неше атасымен толтырып жібереді.

Базарды бір аралап келіп, сарнаған қобыз үніне қайта құлақ түреміз. Біреу келіп бал аштырап жатыр, енді біреуі қобыз үніне елітіп көзінен жасы парлап, қалғып-мүлгіп тыңдап отырғандары бар.Әйтеуір бақсынның жаны адамсыз емес. Жіпсіз байланасың. Ауруы асқынып, дертіне дауа іздеген де, өмірдің қара бұлты басына үйіріліп қиналған да шырқыраған шыбын жаны осы жерден байыз тапқандай. Қобызын сарнатып, су басындағы Сүлейменнен медет, батагөй баба Қорқыттан бата сұрап, Қойлыбай бақсы піріне қол тапсырып, өз ұстаздары Есақай мен Адасқақтан аруақ шақырып барып, сәл үзіліс жасап, әңгімеге кіріседі. Алдына келген жанның жанына жағымды жылы сөздің тасқыны ағытыла жөнеледі. Жоқ іздегеннің жоғын, дертті жанның дертін, қиналғанның қиындықтан шығар жолын қолмен қойғандай баяндай жөнеледі.

Кейін білдік ғой, бүкіл Қызылорданы қобыз үнімен ұйытып отырған қарт біздің ауылдан екен. Соқыр Нышан – Ысмайыл Шәменұлы 1883 жылы Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Нәресте кезінде «өзінді алам, не көзінді алам» деген серті бар шешек ауруынан соң көзі көрмей, зағип болып қалады. Алты жасында анасы, жеті жасында арқа сүйер асқар тауы әкесі қайтыс болып, бесіктен белі шықпай жатып тағдырдың тақсыретінің ащы дәмін татып үлгіреді. Балалық шағы Ақмешіттегі Мұсаяз әулие бейітінің шырақшысы, ағасы Әуездің шаңырағында өтеді. Мұсаяз бейітіне зиярат етушілердің арасында дін ғұламалары, бақсы- балгерлер, жыршы, күйшілер көп болатын. Баланың өнерге бейімін байқаған Әуез Есақай, Адасқақтай атағы алыска кеткен бақсылардан киелі өнер үйренуге жағдай жасайды. Кемеліне келген жігіттік шағын қобызшы: «Аққуды» тартқанда аспанға көтерілген аққу жіпсіз байланып, айналып келіп қайта қонатын. «Желмаяның желісін» боздатқанда желіде тұрған інген иіп, емшегінен сүт саулап, боздап қоя беретін кезімді көрмедіңдер ғой», – деп еске алатын. Төңкерістен кейін астана болған Қызылордада Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан, Мұхтарлар бақсы өнеріне тәнті болып, таңды таңға ұрып тыңдаушы еді. Кейін коммунистерге кожа, молда, бақсы, балгерлер жау саналып, Ысмайыл бақсы бой тасалап, елге кетуге мәжбүр болады.

Соғыс басталардан бұрын Қаратабанға Әлкей Марғұлан әдейі іздеп келіп, күйін тыңдап, таңданып аттанған. Сол сапарда ғой Әлекеңнің Қарашеңгел, Қышқаланы зерттеп, картаға түсіріп кететіні. Елуінші жылы Қаратабанды су басып, Ысқақ бастаған бұл әулет Қоғалыкөлдің батысындағы Жетімасар жағындағы Айдаршоқыға коныс аударғаны. Біздің құдамыз Ысқақтың жары Мырза – Бақмұхаммед қожаның ұрпағы. Соқыр Нышан да Бақмұхаммед. Дуанақожа аталып кеткен Қожа Ахмет Иассауи негізін қалаған софылық ілімнің Сыр бойындағы өкілі саналатын Маһди қожаның төрт ұлының бірі Қожжан қожаның бауыры Бахмұхаммедтің бесінші ұрпағы Құрбаннан тарайтын ағайынды кісілер. Өзі жарымжан жан бақсы Мырза әжемізді сағалап жүретіні содан. «Ысқақтың бағы» деген бақ «Октябрь» каналының жамбасында бертінге дейін болды. Ескі көздер Ысқақ бағындағы тұттың дәмін әлі ұмыта қоймаған шығар. Мен Мырза әжемізді көрдім. Жеңгем Сәрсеннің нағашы әжесімен жақсы араластық. 1994 жылы қалың қар жауатын кыста менің Бесарықтағы үйімде айға жуық жатты. Анам екеуі талай тарихтың тінін тарқатқан, жады мықты әңгімешіл жан еді. 1959 жылы жеңгем Сәрсеннің әкесі Емберген құдамыз Қоғалыкөл ауылының орталығындағы «Бәлтік» мешіті жанынан жер алып, үй-жай салуға қам қылды. Бұл әулеттен іргесі ажырамаған Нышан да жана қонысқа бірге келді. Ересектер кесек кұйып, там салу камында болса, бес жастағы Сәрсен кобызшы атасын жетелеп, қораның аяғына еккен тарыны қоритын. Жағалай жіп тартып, оған калбыр, қарақшы ілінген егістік басына бақсыны іздеп аракідік келушілер де болатын. Соқыр Нышан келушілердің тамырын ұстап отырып, аһлап, уһлей бастағаннан-ақ қобыздың басына таққан қоңыраулар мен моншақтар сыңғырлап, сыңси бастайды. Меккедегі Мұхаммедтен бастап әулие-әнбиелерді жағалап келіп, «Бегім Сейіт бабам-ай, Бегім-ай, менің анам-айлап», қобыз шала бастайтын. Аспанға аққу, қаз ұшырып, бота, түйе боздатып, азан-қазан қылып сарнатып барып, келген кісінің жайына көшетін.

1962 жылы кемпірімен Қызылордаға қайта көшіп, «Айтбай» мешіті жанынан жай алып, сонда тұрды. Балалары кобызшыны ескі базарға апарып тастап, намыстанып тұра қашатын. Алда-жалда біз бара қалсақ, «Әй, барыңдар, Қымбатқа сәлем айта бар, саған бал ашпаймын» деп танып қоятын. «Қобызымды да, киесін де саған берем» деп Қымбатқа қанша айтса да, шешем көнбей қойды. «Ендеше қызың Сәрсенге берем» деп кейін ықыласы маған ауды» дейді жеңгем Сәрсенкүл. «Кейін мен көп ауырып, үйдегі ыдыс- аяқ салған гарнитурдағы ыдыстар сыңғырлап, баяғы бала кездегі кобыз моншақтарының сыңғыры құлағыма келетін. Қиналған сәттерімде ақ киімді Нышан атам өңімде де келетінін айтқанымда, анам Қымбат: «Әттең, соқыр Нышан атамыздың өнері мен киесі иесін таппаған екен ғой. Сені жағалап жүргені ғой» деуші еді. Енді ғой біліп жатқанымыз, Ахат Жанаев ағамыз азаматтық танытып, бабамыздан Қорқыттың тоғыз күйін, бақсының «Елім-ай, халқым-ай» күйін жазып алып, таспаға түсірді. Асылдын асыл екенін көзден таса болғанда бағалайтын, бақсы, балгерді, молда, ишандарды жау көрген марғау заманда өмір сүрдік, ненің парқын білдік?! Кімді кінәлаймыз?», – деп жеңгем өксумен өткен өнер иесі жайлы әңгімесін аяқтады.

Жұмабай  БАЙЗАҚҰЛЫ,

Сырдария  ауданы,

Бесарық  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: