Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда филармониясында – жаңа маусым

02.10.2025, 11:10 166

Бүгін Сыр елінің мәдениет және руханият ордасы Қызылорда облыстық филармониясы 53-ші жаңа маусымының шымылдығын түрді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар өнер ордасының бұл маусымы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Ақмешіттің алғашқы астана болғанына 100 жылдық мерейтой құрметіне арналды.

Халықаралық музыка күнімен тұспа-тұс келген мерейлі күнде өнер ұжымының жетекші солистері өнер көрсетіп, тыңдарманға ұмытылмас музыкалық әсер сыйлады. Арнайы бағдарламада көпшілік назарына виртуоз музыканттардың орындауындағы әлемдік классика мен дәстүрлі музыканың жауһарлары ұсынылды.​

Өз тыңдармандарын жанрлық алуандығымен таңдай қақтырған концертте Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, дирижері – Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Руслан Балмасов, облыстық симфония оркестрі, көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе және Сыр елінің шоқтығы биік өнер шеберлері,
«Құрмет» орденінің иегері Ш. Бимбетова, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері А. Ноғайбаева, М. Сүгірбай және Ә. Қуаңбаев, «Құрмет» орденінің иегері С. Байсейтова, «Тұран» сыйлығының иегері С. Тасбергенова, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары М. Аманжолов, А. Табынбаев, О. Нұралиев, А. Әбді, А. Махамбетжанова, А. Қожахметов, Ә. Шөжен, А. Төреғали, Б. Серік, Ж. Аманбай, М. Жантөре, Н. Рүстемұлы (қыл қобыз) және «Томирис» би ансамблі мен аралас хор ұжымы өнер көрсетті. Кеш тізгінін облыстық филармония концерт жүргізушілері А. Жаппарбердиев пен Б. Нармағанбет ұстады.

Тарих толқынында талай мәдени оқиғаларға куә болған филармония үшін дәстүрлі өнер мен отандық композиторлардың еңбектерін кеңінен насихаттау – басты қағида саналады. Бұл ретте ұжым жарты ғасыр бойы осы бағыттан таймай, өнер биігін бағындырып келеді. Филармония солистерінің бүгінгі маусымашар концерті осы үрдіске айқын дәлел болды.

Кеш режиссері – «Мәдениет саласының үздігі» Азиза Іздіқұлова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: