Фонтомас француз жазушылары Аллен Сувестр мен Марсель Алленнің фантастикалық кітабының кейіпкері ретінде 1911 жылы жазылған болатын. 1913-1914 жылдары алғаш рет «Фантомас» киносы түсірілді, бірақ ол кездегі кино дыбыссыз, яғни мылқау кино болған соң, көрермендер аса қызығушылық таныта қоймады. Арада жарты ғасыр өтті, режиссер Андре Юнебель қайтадан қолға алып, 1964 жылы «Фонтамас», 1965 жылы «Фантомас разбушевался», 1966 жылы «Фантомас против Скотланд-Ярда» деген трилогия түсірді. Кино жанр жағынан комедия, сол кездегі супер агент Джеймс Бондқа арналған пародия еді. Басты рольге шақырылған Жан Маре, Луи де Фюнес, Милен Демонжо бұны өздерінің кино мансабындағы сәтті әрі бақытты билет деп есептеді. Кино түсіру барысында Луи де Фюнес түрлі импровизация жасауы Жан Мареге ұнамай керісіп қала берді, Маре кино сценарий бойынша түсірілуі керек деп есептеді. Нәтижесінде кино сәтті шығып, дүниежүзілік прокатта астрономиялық қаражат жинады.
СССР-де «Фантомас» киносы Москвада өткен француз киносының апталығында көрсетілді. Госкино бірлестігі прокатқа көрсетуге сатып алғысы келгенде, француз жағы сол кезде үлкен бюджет ақшасымен түсірілген екі сериалы «Анна Каренина» фильміне айырбастауды ұсынды, осылайша екі жақ келісімге келді. Совет кинотеатрларында «Фантомасты» көрсетуі үлкен ажиотаж туғызды. «Фантомасты» 125 млн совет адамы көрді, бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш еді. Сонымен қатар «Фонтомасқа» еліктеген жасөспірімдер қылмысы 15 пайызға өсті. Бұдан бұрын 50-жылдары көрсетілген «Тарзан» фильміне еліктеп талдан-талға секіріп мертігіп, жасөспңрімдер жарақаты да 15 пайыз болған еді. Кинодағы зұлымдық ғұламасы Фантомастың «ха-ха-лаған» күлкісі естеріңізде шығар. Бұндай күлкі фильмнің түпнұсқасында жоқ болатын, оны орыс тіліне дубляж жасағандар қосқаны бәле болды. Жас балалар үйіндегі телефонмен және көшедегі телефон кабинасынан кез келген номерді теріп: «Бүгін түнде сені өлтіруге барамын, есігіңді іліп қойсаң да, маған құлыпты бұзып ашу түк емес» деп қорқынышты «ха-ха-лаған» күлкісімен аяқтайтын. Ол кезде қазіргідей телефон номерін анықтайтын құрылғы АТС-те жоқ болатын. Сондықтан совет милициясының жұмысы бастан асып жатты. Газет, темекі сататын дүңгіршекті тонап болғасын, «бұны істеген Фантомас» деген қағаз тастап кету сәнге айналды. Ондай қылмысты анықтау мүмкін болмады, тоналған және қорқып қалған сатушылардың бар айтатыны: «ол Фантомас» дейтін. Жасөспірімдер әйелдердің қара капрон шұлығын басына киіп алып тонайтын. Кейбір жастардың ересектері cаусақ ізін қалдырмау үшін тонаған дүкенді өртеп кететін болды.
1968 жылы көктемде МВД басшысы Н.А.Шелоков арнайы Кеңес өткізіп, жасөспірімдер арасында қылмыстың күрт өскенін айтып, КПСС ОК-не хат жолдады. Осындай ой ең алдымен, әрине, сотталып келген ұры-қарыларға келеді және бет-жүзін қара капроннан ешкім танымайтын еді. Сол кезде шыққан «Фантомас» бандыларының ірісі Ростов Дон қаласынан шықты. 1968 жылдың қазан айынан 1973 жылдың маусым айына дейін көптеген дүкенге беттеріне қара капрон шұлық киген бандылар шабуыл жасау нәтижесінде үш адам ауыр жарақат алып мүгедек болып, екеуі өліп кетті. Москвадан арнайы шақырылған тергеушілер бандыны көп ұзамай қолға түсірді, олар ағайынды Владимир мен Вячеслав Толстопятовтар (фотода) болып шықты, екеуіне де ату жазасы берілді. Сот процесі ашық болып, орталық теледидардан көрсетілген соң 1973 жылы «Фантомас» киносын прокаттан алып тастады, кейін қоғамда қайта құру кезінде бейне-саллондарда «Фантомас» қайтадан көрсетіле бастады. Сосын бейне магнитофон сатылымға шығып, үйден-ақ көретін болдық, қазір Ютуб каналынан кез келген уақытта көруге болады.
«Фантомас» киносының әсері мен тұратын Қазалыны да айналып өткен жоқ. Қазалы қаласы мен Абай ауылының аралығы – үш шақырым, адамдар Қазалы қаласына автобусқа отыру үшін жаяу келетін, екі ортада талдар арасынан, сол жылдары екі ортада қатынаған адамдарды бетіне қара капрон кигендер тонап ақшасын тартып алғандар болды, алайда ұрып-соғу болмағандықтан тез ұмытылып кетті.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!