Премьера
Әр заманның өз ғалымы, өз батыры, өз шындық іздеушісі мен әділдік жолының жолаушысы болады. Мұны түсінетін адам ғана айналасынан осы тектес қасиетке ие адамдарды іздейді. Бірі тауып, өзіне ғибрат алар, енді бірі осы ұғымдар төңірегінде ойланып та көрмеген. Ал біреулері мұндай адамдар шоғырын өмірден таппауы мүмкін. Оны қиялдан тудырып, өмірге әкелгісі келеді.
Жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлы өз қиялындағы Идальгоны пьесаға айналдырып, заманының әділдік, шындық, адамгершілік, ақиқат арнасына ден қойған адамын сөйлете білді. Оның бұл шығармасы өткен аптаның жұмасында Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрында көрерменге жол тартып, премьерасы өтті.
«Идальго» – Сайлаубай Жұбатырұлыныңтрагикомедия жанрында жазған алғашқы пьесасы. Онда Сервантестің «Дон Кихот» романының елестері байқалады. Пьесаның басты кейіпкері Қиянхан әділдік, ақиқат, адамгершілік қағидатын берік ұстап, өмірде өтірікпен, жалғандықпен, көзбояушылықпен күресуші тұлға есебінде көрінеді. Ол өмірдің мәні, байлықтың, барлықтың, бақыттың түп тамыры туралы сұрақтарға жауап іздеп, белгілі байға, қоғамда беделді қайраткерге, ибалы арулар мекемесіне соғып, олармен тілдеседі, айтысады, сөз таластырады. Көп шындықтың ішінен ақиқаттың ақ адалдығын табуға ұмтылады. Айтыстан жеңіліп, біреудің әйеліне араша болам деп таяқ жеп тауы шағылады. Бірақ өз ойынан әділдік, адалдық, ақиқат жолынан қайтары жоқ. Пьесаның негізгі мәнін ұғынатындар – өмірдің мәнін ұғынатынын айтады шығарма иесі.
- Шығарманы туындатушының мақсаты – қоғамға пайдалы дүниелер айту ғой. Сондықтан, әр шығармамызда осы мақсат шеңберінде ойланып, қалам тербейміз. Көптен бері пьеса жазу ойда жүрген еді, сол таңдау «Идальго» шығармасына түсті. Адамгершілікке, әділдікке, шыншылдыққа қамшылап шақырушы 400 жылдық ғұмыры бар Сервантестің «Дон Кихотының» мотивациясымен біраз нәрсе айтылды. Қоғамда небір мәселе болады ғой, бірақ маңыздысы – соның тым ушығып, бәсең алып кетпеуінде. Ал ол – мәңгілік күрес, мылтықсыз майдан. Бірден Дон Кихоттар шығып, қоғамды тазалап, бәрін реттейді деген дүние жоқ. 100 пайыздық таза алтын болмайтыны секілді, періште қоғам болуы мүмкін емес. Ол ертегілерде ғана болады. Бірақ осы өз шындығымызда, өмірімізде мейлінше салауатты, адал, әділетті орта болуы – көкейіміздегі арман. Сондықтан, бұл мәселелерге бәріміз кінәліміз, бәріміз күрескеріміз. Және солай істеуге тиістіміз де. Көркем дүние болғаннан кейін, шығармада гипербола бар, бейнелік образды шамалы үшкірлеп, өмірдегі кейбір шындықтардан жоғарырақ көтеріліп сөйлеген шешімдер бар. Тоқетерін айтқанда, шығарманың астарында қоғамның көркем құбақан қалпын, адамгершілігін іздеудің мотивациясы жатыр, – деді жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы.
Шығарманы сахнаға өңдеу де бірталай уақыт пен тәжірибені қажет етеді. Оны көрерменге қоюда бар қиын болғаны – сөздің мағынасын актерлерге сезіндіру. Содан кейін ғана оны ойнаған адам өзгені де сендіре алады. Спектакльді қойған режиссер осылай дейді.
- Қандай драмалық шығарма болса да, сахнаға келгенде өзгеріске ұшырайды. «Неге?» десеңіз, сахнаның өз заңдылығы бар. Бір жағынан бұл – Сайлаубайдың бірінші пьесасы. Жалпы, драматургия – басқа жанр. Осыған байланысты кейде шығарма қысқартылады, қажет болса, өңделеді. Спектакль бір жарым сағат жүреді. Сол үшін оны қысқартып, реттейміз. Ал оны қысқартпаса, екі сағаттан асатын шығарма. Мұндайда ол көрермендерді жалықтырып жіберуі мүмкін. Себебі сөздерді қайталау боп кетуі, ой қайталауны ықтимал. Жалпы сахнада ой да, сөз де қайталанбауы керек. Осының өзінде 3-4 жерде әділдік, ақиқат, шындық туралы айтылды. Өйткені, пьеса түгел соған қатысты. Шығарманың көрінісі бүгінгі өмірден алынғанымен, арғы ойы трагедияда жатыр. Сол үшін шығарма трагикомедия деп аталды, – деді Хұсейін Әмір-Темір.
Трагикомедияда басты рөлді сомдаған, Қиянхан образын аша білген театр актері Сұлтан Бисеналиев шығарма жастарға түсінуге ауыр болуы мүмкін екенін жеткізді.
- Спектакльде басты рөлде ойнау қиын болды. Шығарманың тілі ауыр. Халыққа айтары көп. Жабық көрсетілімде сын-пікірлер де айтылды. Соны ескеріп, өңдеп көрерменге ұсынып отырмыз. Ұнайды деген ойдамыз. Қиындығы – сөзде. Сөздің мәнін ұғынатын, төркінін түсінетін адамдар бұл шығарманың байыбына бара алады. Қазіргі қоғамда жастар мұндай тілде айтылған қойылымдарды, осы форматтағы шығармаларды түсіне алмауы мүмкін. Оларға ауыр болады. Сайлаубай ағамыз әлем деңгейінде танымал «Дон Кихот» шығармасының өзегін ала отырып, бас кейіпкерді Қиянхан деп ұсынған. Сахнада қиыны – сол сөзді, автордың ойын өзгертпестен халыққа жеткізу. Бірақ барымызды саламыз, – деді театр актері Сұлтан Бисеналиев.
Қойылымды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Мира Жомартқызы және облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов арнайы келіп тамашалады. Спектакль соңында қойылымның режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, «Дара» төсбелгісінің иегері Хұсейн Әмір-Темір сөз сөйлеп, патша көңіл көрерменге алғысын білдірді.
Түйін. Әділдік жолындағы жолаушы бақыт пен әділдікті алыстан іздеп, ел мен жер кезді. Тауы шағылған ол өз бақытының үй іргесінде екенін естіп, сонда қайтып, өмірлік жарын кездестірді. Бәлкім, Қиянханның сол сапарында аман оралуы өмірлік жарының тілеуімен болған шығар. Қойылым көрерменге бақытты алыстан емес, жақыннан іздеу керек екенін меңзеді. Не болса да, бақыт сыртта емес, өз жанымызда жүр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!