Қоршаған ортаны қорғау мен көгалдандыруды мақсат еткен “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында шаһарымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Көгалдандыру және тазалық бағытындағы жұмыстардың сапалы орындалуын бақылау мақсатында қала әкімі Нұржан Ахатов бірқатар аумақтарды аралады.
Аралау барысында шаһар басшысы қаланың әрбір аумағында тазалық тәртібінің сақталуы маңызды екенін атап өтіп, абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керектігін міндеттеді.
Жалпы, жасыл аймақтарды көбейту және тазалықты сақтау бағытында жергілікті мекемелер белсенді түрде еңбек етуде. Атап айтсақ, “Жасыл Қызылорда” мекемесінің мамандары Н.Назарбаев даңғылы бойындағы жасыл желектерді күтіп-баптап, көктемгі егу жұмыстарына қызу дайындалуда. Қазіргі таңда топырақтың құнарлылығын арттыру үшін арнайы көңмен байытылған құм төселуде. Бұл шаралар егілетін өсімдіктердің жақсы өсуіне және қала экожүйесінің жақсаруына ықпал етеді. Жақын арада бұл аумаққа мекеменің жылыжайында бапталған көпжылдық гүлдер отырғызылмақ. Сондай-ақ, қала көлемінде арық жүйелерін тазалау және көгалдарды күтіп-баптау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде.
Тазалық жұмыстарына “Қызылорда тазалығы” мекемесі де белсене атсалысып, көшелер мен қоғамдық орындардағы қоқыс жинау, абаттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Тазалық пен көгалдандыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан қала тұрғындарын табиғатты аялауға, айналаны таза ұстауға және экологиялық шараларға белсенді қатысуға шақырамыз!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!