Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кіші Арал толғалы авифаунаның кейбір отрядтары ұя сала бастады – орнитолог

31.03.2025, 8:50 144

Қызылорда облысында құстар әлемін зерттеп жүрген орнитологтар көп емес. Солардың бірі — биология ғылымының кандидаты, PhD, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Нұргүл
Нұргүл аспирантурада оқыған 4 жылда тек теория қумай, Арал ауданы Қаратерең ауылындағы Кәрітұма көліне жиі барып тұрды. Сондағы құстардың саны, түрі, тегі, ортасы сияқты жағдайларды бақылауда ұстады.

Бұл туралы өз сұқбатында орнитолог құстар әлеміне қатысты тың әрі қызық мәліметтермен бөлісті,- деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.

— Алдымен Қызылорда облысын мекендейтін құстар туралы айтып берсеңіз…

— Қызылорда облысын мекендейтін құстар туралы әңгіме қозғамас бұрын жалпы әлемдегі жағдайды сүзіп өтейін. Дүние жүзінде 8 мыңдай құс түрі тіркелген. Елімізде соның 500-ден астам түрі кездеседі. Ал, біздің өңірде әртүрлі кезеңде 200-300 түрге дейін құс түрі бақыланған.

— Құстар санағы жүргізіле ме?

— Құстар санағын арнайы орнитолог-маман белгілі бір мақсатқа сәйкес жүргізеді. Мысалы, ол мемлекеттік тапсырыс аясында болуы мүмкін. Кейде ғылыми немесе ғылыми-техникалық жобаны гранттық қаржыландыру шеңберінде жүргізіледі.

— Қандай құс түрі басым? Оның арасында Қызыл кітапқа тіркелгені қайсы?

— Әлемде қалыптасқан тренд бойынша кез келген аймақтың орнитофаунасының құрылымын зерделесек, жартысына жуығы торғай тәрізділер болады. Оның ішінде торғай, қарлығаш, сауысқан, қарға, бозторғай, қараторғай және тағы басқа. Әдетте Қызыл кітапқа адамзат игілігі үшін еті немесе қауырсынына бола жаппай өлтіріліп, жойылу алдында тұрған түрлері енгізіледі. Олардың көп бөлігі — ірі көлемдегі құстар, яғни торғай тәрізділерден басқасы, мәселен, қоқиқаз, аққу, тырна, бүркіт және тағы басқа.

Фото: Нұргүл Сиханованың жеке мұрағатынан
— Диссертациялық жұмысыңыздың тақырыбы Арал өңіріне байланысты болғанын білеміз. Сондықтан сол жаққа экспедицияға жиі шығып тұрдыңыз. Енді мынаны айтыңызшы, Кіші Арал толғалы құстар тіршілігінде қандай өзгеріс байқалады? 

— «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізін сақтау» (САРАТС) жобасы аясында 2004 жылы теңізді Көкарал бөгеті арқылы бөгеп, Кіші Аралдың айдыны 9 айда жоспарлы шамаға жетті. Бұл өз кезегінде биоалуантүрлілікке оң әсер етті. Атап айтқанда, бұрын жойылып кетті деп топшылаған ондатралар қайта оралды, балық аулау мөлшері артты және авифаунаның кейбір отрядтары ұя салып мекендейтін болды.

— Жалпы, су айдындарының кеміп кетуі немесе толуы оларға қалай әсер етеді?

— Арал теңізінің тартылуы жергілікті халыққа, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, денсаулығына қалай әсер етсе, құстар әлеміне де дәл солай әсер етті. Құстар мұнда ұя салуды азайтты, сәйкесінше олардың қорегі — шегірткелер немесе басқа да жәндіктер саны күрт артып, халық шаруашылығына орасан зор нұқсан келтірді. Негізі шет елде экологтар мәселенің шешімін химиялық жолмен емес, табиғи негізге бағыттап іздейді. Бұл — үлгі алатын тәжірибе.

— Құстарды зерттеудің ерекшелігі неде?

— Құстарды бақылаудың өзі қызық. Мылтық асынған аңшы, қалтқы аңдыған балықшы сияқты екі көзің, бүкіл назарың құста ғана болады. Айырмашылығы, біздің қару — дүрбі мен фотоаппарат.

Күннің ыстығында да, суығында да бақылауды тоқтатпайсың. Құстардың басым бөлігі таң алагеуімде және кешке күн ұясына батар сәтте қоректенеді. Түске дейін айналаны барлап, су құстары жүзіп серуендесе, құрлықтағы торғай тәрізділер бұтаққа қонақтап, құйқылжыта әндетеді. Талтүсте көбі демалады. Тіршілік ырғағына сәйкес әр түрдің өзіне тән мекендеу ортасы болады. 

Фото: Нұргүл Сиханованың жеке мұрағатынан
— Зерттеу кезіндегі есте қалған оқиғаны айтып берсеңіз…

— Бірде Ресейден жетекшім келіп, бірге Қаратереңге баратын болдық. Қасымда жолдасым бар, ол да — ғылым саласының өкілі. Қазалыға жетіп алғасын ол жаққа қарай такси жалдадық. Жоспарланған жұмысымызды бітіргесін қайтар жолда көлігіміз бұзылып қалды.

Қаратерең — Аралдың ең шеткі ауылы. Одан кейін ауыл болмағасын жолда жүріп жатқан көлік жоқ. Жетекшім Самараға қатынайтын пойызға мінуі керек болатын. Бұзылған көлікті олай да, бұлай да әурелеп көрді, бірақ ештеңе шықпады. Біраз уақыттан кейін қасымыздан жедел жәрдем көлігі зу етіп өте шықты. Анадай жерге барғасын қайтадан артқа бұрылып, мән-жайды сұрап, бізге өздеріндегі артық аккумуляторды беріп кетті. Ресейде мұндайды көрмеген ағайым аң-таң. «Сонда сендерді танымаса да сеніп бере салды ма?» деп сұрай береді. Қанша дегенмен, орыстардың менталитеті бөлек, жетекшім солай қазақтың кеңдігіне, адалдығына таңғалған. 

— Енді құстарда кездесетін ауру түрлеріне тоқталсаңыз. Біздің білетініміз сол — құс тұмауы. Одан қауіптісі бар ма? Жойылып кету алдында тұрған құстар туралы да білсек…

— Орнитофаунаның ауру түрлері өте көп. Сіз меңзеп отырған «құс тұмауы» құс фермаларында жүз мың немесе миллион бастан бағылатын тауықтарға қатысты. Ал одан бөлек неше түрлі жұқпалы аурулар бар, мәселен, балық аулап күн көретін құстарда гельминттер, орман құстарында эхинококк, тағысын тағы.

— Құстар миграциясы туралы білгім келеді. Жылы жаққа ұшқанда оларға ара қашықтық әсер етпей ме?

— Құстың ұшып келу-кету үдерісі көктем және күз мезгілдеріне тура келеді. Ұшып келген құстың барлығы бірдей бізде ұя салмайды. Бір бөлігі қонақтап, күш жинап алғаннан кейін солтүстікке, Сібірге, Арктикаға қарай ұшып кетеді, келесі бөлігі бізде тұрақтап қалғанымен әлі жұп құрып, ұя салып, көбею жасына жетпеген, саяқ өмір сүреді.

Тағы бір назар аударатын нәрсе, осы көшпелі құстар қыстауға Оңтүстік Азия, Африкаға барады, дегенмен, жұмыртқа басуға солтүстік ендіктегі бізге келеді, арасы қанша мыңдаған шақырым екенін жобалай беріңіз. Сонымен қатар оңтүстікте қыстап жатқан құстар біз жаққа көктемнің қашан келетінін алдын ала сезіп, ерте түсетін болса, ерте бастан келіп алады. Енді бұған таңғалмай көріңіз. 

— Ақыл-есінде ауытқуы бар кейбір адамдардың ауруы құс қайтқанда қозатыны неге байланысты, бұл туралы хабарыңыз бар ма?

— Психикалық аурудың қозуы, меніңще, құстың көші-қонына емес, маусымаралық ауыс-түйіске байланысты болуы мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: