Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кеселді кино түсіріп жеңеміз бе?

06.02.2020, 11:36 740

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Transparency International халықаралы­қ жемқорлықпен күрес ұйымы жыл басында «2019 жылдың мемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық­ты қабылдау» рейтингін жариялады. Ұйым мәліметіне сүйенсек,­ Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында тұр.

Ал өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Алик Шпекбаев былтырғы жылы атқарылған жұ­мыстар­ға  есеп  берді.

«Түйені түгімен, биені бүгімен» жұтып жатқандар бар. Былтыр елімізде­ 1717 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліпті. Басым бөлігі – пара алу дерегі. Сыбайлас жемқорлықпен топ болып айналысқандар да жетерлік. Өткен жылы дәл осындай 112 қылмыс анықталып, мемлекет бюджетіне 25 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген.

Бүгінгі күннің бүлкілі – білім саласын­дағы былық. Талай жылдан бері күн тәртібінен түспей тұрған тақырып­тың  бірі де – осы.

– Бірінші орында білім және ғылым саласы­ тұр. Өткен жылы аталған салада жемқорлыққа қатысты 161 іс тіркелді. Екінші  орында – ауыл шаруашылығы  саласы­. Бұл салада 155 іс тіркеліп отыр. Осы үштікті 107 заңбұзушылық тіркелген денсаулы­қ сақтау саласы түйіндейді, – деді Алик Жатқамбайұлы.

Жиында агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қолға алынатын жобаларғ­а тоқталды. Былтыр сыбайлас жемқор­лықтың тәуекелдерін жою туралы 2 мыңнан аса ұсыныс енгізіліп, 800-ден аса ұйымдастыру шаралары қабылданған. Әйткенмен, бұл мәселе түбегейлі шешілді деген сөз емес. Агенттік төрағасы былтыр жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен 1175 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік  жауапкершілікке  тартылғанын айтты.

Бұдан  бөлек, ол  жемқорларға қатыс­ты­ қолданылатын жазаны қатаңдату керек­тігін  жеткізді.  Ол  өз  сөзінде:

– Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту бойынша шаралар зертте­летін болады. Мен бұл жерде ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарын жасағандарға колония-қоныстарда отыру, олардың шартты түрде мерзімі­нен бұрын шығу және бірнеше еселік айыппұл төлеп, шығып кету механизмдерін жою туралы айтып тұрмын. Олардың арасынд­а парақорлыққа делдалдық жасап, пара алуға оқталғандар үшін де жазаны қатаңдату бар. Бізде жемқорлар төлеген айыппұлын кешірім деп қабылдайтын болды. Сондықтан түрмеге отыруы тиіс нағыз қылмыс­кер жеңілдетілген жағдаймен соттала­ды, – деді.

Сонымен қатар Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамға 10 млн теңге сыйақы берілетінін мәлімдеді. Ол үшін ұсталған тұлға сотта өз кінәсін толық мойындауы қажет. «Бұл жаңашылдық азаматтарды жемқорлықпен нақты күреске барынша тартуға елеулі серпін береді­»  дейді  агенттік  төрағасы.

Осы жиынға ҚР Білім және ғылым министрі­ Асхат Аймағамбетов те қатысты. Ол өзі басқарып отырған білім саласында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің барын ашық айтты. Тіпті, бас педагог жоғары­ оқу орындары дипломдарды сататынды­ғын жасырмады. Өткір мәселеге­ қатысты ол:

– Біз университеттерге талдау жүр­гіздік. 100 адам түседі, 800 адам бітіреді. Бұл студенттердің ауадан пайда болмайтыны белгілі. Сапалы білім беретін университеттер оқу үлгерімі өте нашар студенттерді ойланб­астан шығарып жібереді. Ал, «шаң­сор­ғыштар» (сондай шығып қалғандарды жинап алатын ЖОО – ред.) бұл балаларды нарықтың әр түкпірінен жинап алады, содан­ кейін оларға дипломдар береді, – деді.

Министр олқылықтардың орнын толтыру үшін дипломдардың цифрландырылып жатқанын жеткізді.

– Қазір біз барлық дипломдарды цифрлау­дамыз. Біріншіден, біз «blockchain» электрондық дипломдарын (жүйесінде) шығарамыз. Екіншіден, біз тарихи ақпаратты цифрландырамыз. Шамамен, 1970 жылға дейін жету­ді көздеп отырмыз. Бұл процесте біз көптеген проблемалық мәселелерге тап болдық, мәселен, біршама диплом шығарғандай болып едік, іске келгенде біз олардың іздерін еш жерден таба алмаймыз. Сондықтан біз университеттерге 1970 жылға дейінгі дипломдарды цифрландыру міндетін қойдық, – деп атап өтті.

Естеріңізде болса, Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен және сот шешім­імен Шымкент қаласындағы ең іргелі  университеттің  бірі  жабылған  еді.

Сонымен қатар, есепті жиында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия­ішілік бақылау күшейгенін мәлімдеді. Ол сыбайлас жемқорлыққа жол берген 96 нұр­отандық партия қатарынан шығарылғанын мәлімдеді.

Қайткен күнде де алдымен адам санасы­ тазармай, жемқорлықтың жолын кесу мүмкін емес. Бұл ретте идеологиялық жұмыстың маңызы зор. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жем­қор шенеуніктің тағдыры туралы кино түсіруді ұсынды.

Кино түсіріп, жемқорлықтың жолын кесе аламыз ба? Әй, қайдам…? Өйткені індеттің алдын алу туралы түсірілген түрлі бейнероликтер жетіп артылады. Жаза арқала­п жатқандар да жетерлік. Бірақ кесел­ден әлі де көз ашпай келеміз…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: