Экрандағықантөгіс қауіпті емес. Біз онсыз да қатігез жүйеде өмір сүріп жатырмыз. Жүйкесі шаршаған. Бәсекелестік жоғары. Рухани әлем құлдырады. Материалдық құндылықтар алдыңғы қатарға шықты. Ақша табу жолында адамдар бірін бірі аямайды. Сенім аз. Сатқындық көп. Бұл сериалдың идеясы бар болғаны бүгінгі әлемдік жүйенің ойын ережесін айқын ашып берді.
Кез келген сауатты көрермен керісінше, бұл сериалдың мазмұнынан өзі үшін ой түйіп шыға алады. Қарызға батпау, жүйенің құрбаны болмау, өз өміріңе жауапкершілік алу, жақындарыңа опасыздық жасамау, анаңнан, балаңнан, бауырыңнан ақшаны жоғары қоймаудың маңызын түсіндіреді.
Сериал жоғарғы талғаммен жасалған. Идея, сценарий, актерлік ойын шеберлігі, декорация, стилі жоғарғы деңгейде. Атмосферасы тынысыңды тоқтатып тастайды. Бұл – динамиканың магиясы. Әсер беру шеберлігі. Көрерменнің де бір сәтке тынысын тоқтатып тастап, өмір жайында ойлануға мүмкіндік береді.
Сөзсіз, қан көп. Адам өмірінің құны көк тиын. Мәйіттің дене мүшелері донорлық бизнес көзіне айналған заманның әлбетте ережесі қатаң. Ойын және оның ережесі бар. Кім мықты?! Сол – жеңімпаз! Финалға дейін жүлдеге тігілген ақша салынған шар төбеде ілулі тұрады. Бұл – символ. Ақша үшін өмірін жоғары қоятын адамдардың саны бүгінгі заманда артпаса, азайған жоқ. Ойын – азарт. Бұл бүгінгі әлемдік жүйенің тамырының соғысы.
Кепілдік – өз күшіңе сенсең ғана аласың. Сәттілік сөзсіз бар. Режиссерлік шешім осы сәттілік деген ұғымға екпін береді. Кейіпкерлерді салыстырмалы түрде ашады. Мықты бизнесмен болғаныңмен, көшедегі жұмыссыз қаңғыбас құрлы кейде финалда жеңімпаз болып жансақтай алмауың мүмкін.
Сериалдың басты мотиві – бұл өмірде қиындық көргеннің емес, іші пысқанның ережесімен ойнайды деген қағиданы көрсетеді. 001 нөмірдегі қария кейіпкердің қалауы – балалық шағындағы шынайы эмоцияларды қайта басынан өткеру. Қарттық өмір басталып, өлімі жақындаған адам балалық тазалығын армандайды. Бұл адам табиғатының болмыс философиясы жайында ой салады. 001 нөмірлі кейіпкер де ойынның басты ұйымдастырушыларының біріне айналған беделді тұлға. Ол бар болғаны ойынды ішінен бақылаудан ләззат алады. Адамдардың басынан өткеретін эмоциясын ішінен қызықтайды.
Биліктің күші менақша үшін құл болған тобырдың психологиясын көреміз. Ұйымдастырушылар санаулы. Ықпалдылықтың күші соларда. Оларға қызық керек. Уақыт өткізу керек. Қажет болса, өз өмірінде өзін қайыршы деңгейіне дейін жеткізген адамға әділ ойын ережесіне қатысуға мүмкіндік береді. Жүйенің жүйкесімен ойнау – олар үшін жоғарғы нота. Сериалдың басты философиясы осы.
Гүлзат КӨБЕК
Киносыншы,
Өнертану PhD докторы,
«Тұран» университетінің профессоры
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!