Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Кәнсіл мәдениеті». Жаһандық феномен және оның Қазақстандағы көрінісі

01.05.2025, 9:00 491

«Кәнсіл мәдениеті» (cancel culture) – бүгінгі жаһандық қоғамның ең даулы әрі күрделі әлеуметтік феномендерінің бірі. Бұл құбылыстың түп-тамыры қоғамдық мораль мен әділеттік ұғымдарының эволюциясына, бұқаралық ақпарат құралдарының және кейінірек әлеуметтік желілердің пайда болуына тікелей байланысты. «Кәнсіл мәдениеті» ұғымының түпкі мағынасы – белгілі бір тұлғаның әрекетіне немесе сөзіне қоғам тарапынан наразылық білдіріп, оны мәдени кеңістіктен «ығыстыру», яғни бойкот жасау. Алайда оның тарихи дамуы мен мән-мазмұны бір бағытта өрбіген жоқ – уақыт өте келе «кәнсіл мәдениеті» әртүрлі форма мен мазмұнға ие болды. Сол себепті де Қазақстандағы «кәнсіл мәдениетіне» бір бағытта баға беру қиын. Еліміздегі белгілі инфлюенсерлер аталған бойкот түрінің әлі күнге дейін дамымағанын айтады. Біз бұл мақаламызда «кәнсіл мәдениетінің» жалпы даму тарихына тереңірек үңіліп, әлемдік және отандық жағдайлармен мысал келтіретін боламыз.

ПАЙДА  БОЛУ  ТАРИХЫ  және  ДАМУ  ҮДЕРІСІ

«Кәнсіл мәдениетінің» алғашқы нышандары ХХ ғасырдың соңында, 1990 жылдары АҚШ-тағы поп-мәдениет аясында байқалды. Бұл кезеңде көпшілік қоғам белгілі бір өнер адамдарының  немесе  атақты тұлғалардың дау­лы әрекеттеріне қарсы жаппай реакция таны­та бастады. Сол шақта кәнсіл ұғымының өзі кең қолданыста болмағанымен, бұқаралық сипаттағы бойкот пен қоғамдық қысым идеясы күшейе түсті. Әйтсе де, бұл әрекеттер шектеулі аудитория шеңберінен аса алмады және жүйелі  сипат  ала  қойған  жоқ.

«Кәнсіл мәдениетінің» толыққанды фено­мен ретінде қалыптасуы 2010 жылдардағы әлеу­меттік желілердің жедел дамуымен тікелей байланысты. Twitter, Facebook, Instagram сияқ­ты платформалар арқылы кез келген ақпараттың таралу жылдамдығы артты, тиісінше жекелеген тұлғалардың әрекеттеріне қатыс­ты пікір білдіру мүмкіндігі қалың бұқараның қолы­на тиді. Бұл кезеңде қоғам тарапынан қарсылық білдіру жылдам әрі жаппай сипат ала түсті. Әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған бойко­ттар белгілі бір адамның немесе ұйымның беделіне тікелей әсер етіп, тіпті олардың карьерасына немесе экономикалық жағдайына  зиян  тигізетін  дәрежеге  жетті.

Әлеуметтанушылар «кәнсіл мәдениеті­нің» әлемдік деңгейде ең  үлкен серпілісін 2017 жылы  басталған #MeToo қозғалысымен байла­ныстырады. Бұл қозғалыс кезінде көп­теген әйел сексуалдық қысым мен қиянат тура­лы әңгімелерін ашық жариялай бастады. Әсіресе Голливудтағы ірі тұлғалар – продюсер Харви Вайнштейн, актер Кевин Спейси сияқты адамдар қоғам тарапынан қатты сынға ұшырап, өздерінің кәсіби мансаптарынан айырыл­ды. Осыдан бастап «кәнсіл мәдениеті» әділеттілік іздеудің бір құралы ретінде таныла түсті. Бұрын үнсіз қалған мәселелер жария­ланып, қоғам белгілі тұлғаларды жауапкершілікке  тартуға  ұмтылды.

Бастапқыда «кәнсіл мәдениеті» әлеуметтік әділеттілік пен маргиналданған топтардың дауысын жеткізу амалы ретінде қабылданды. Десе де, уақыт өте келе бұл құбылыс өз шекарасынан асып, саяси көзқарасы немесе бұрынғы айтқан пікірі үшін адамдарды жаза­лау құралына айнала бастады. Әлеуметтік желіде тараған шағын қате үшін де қоғам тарапынан қатаң реак­ция туындап, кейбір жағдайда кінәсі дәлелденбеген адамдардың да өміріне теріс әсер етті. Бұл кезеңде «кәнсіл мәдениеті» тек қана әділет орнатудың емес, сонымен бірге әлеуметтік бақылаудың, цензураның жаңа түріне айналғаны байқалды. Яғни, қараңғы тұсы  да  белгілі  бола  бастады.

Атап айтқанда, «кәнсіл  мәдениетіне» қарсы реакциялар да ұзақ күттірген жоқ. Араға біраз уақыт салып, 2020 жылы әлемге танымал 150-ден астам жазушы, ғалым, журналист «Harper’s Magazine» журналында ашық хат жариялап, «кәнсіл мәдениетінің» сөз бостандығына, шығармашылық еркіндікке қауіп төндіретінін мәлімдеді. Олар қоғамда пікір алуандығы мен еркін ойды сақтау қажеттігін алға тартты. Бұл оқиға «кәнсіл мәдениетіне» деген көзқарастардың әркелкі екенін және оның тек оң немесе теріс құбылыс ретінде бағалан­байтынын  көрсетті.

Қазіргі таңда «кәнсіл мәдениеті» екі түрлі көзқарас тудырады. Бір тарап оны тарихи әділетсіздіктерді түзеу амалы ретінде қарас­тырса, екінші тарап оны сөз бостандығын шектейтін, қоғамды қорқыныш пен өзін-өзі цензуралауға итермелейтін қауіп деп санай­ды. Оның ықпалы мәдениет, саясат, бизнес сияқты түрлі салада байқалып отыр. Әсіресе, өнер мен медиа сала­сындағы тұлғалар өз сөздері мен әрекеттерін бұрынғыдан әлдеқайда сақтықпен  жасауға мәжбүр болды.

«КӘНСІЛ  МӘДЕНИЕТІ»  ШЕТЕЛ  ТӘЖІРИБЕСІНДЕ. ОПЫҚ  ЖЕГЕН  КІМДЕР?

«Кәнсіл мәдениетінің» ең үлкен жарылысы әлем­ді дүр сілкіндірген бір-ақ сөзден басталды: #MeToo. 2017 жылы актриса Алисса Мила­но Twitter желісінде қысқа ғана жазба қалдырды: «Егер сен де жыныстық қысымның құрбаны болсаң, бұл жазбаны бөліс». Сол сәттен бастап мыңдаған, кейін миллиондаған әйел, сондай-­ақ ер  адамдар да өзі бастан кешкен оқиғаларын айтып, жаңа трендтің  басталуына  ықпал  етті.

Оқиғаның ең ірі символына айналған адам Голливуд продюсері Харви Вайнштейн еді. «Ғашық Шекспир», «Бостандықтағы  Джанго»,  «Биллді  өлтіру»  секілді  әлемдік  кино­картиналарға продюсерлік еткен Вайнштейн­нің аты  әп-сәтте масқараланды. Оның артынан актер Кевин Спейси, режиссер Вуди Аллен, комик Луи Си Кей секілді өнер жұл­дыздары да «кәнсіл мәдениетінің» құрбаны болды. Бүгін олар бұрынғыдай алаңсыз сахнаға шығып, ауди­тория   алдында емін-еркін жүре алмайды.

Бірақ «кәнсілдің» қамшысы тек Голливуд­пен шектелмеді. 2020 жылы атақты жазушы Джоан Роулинг те сын садағына ілікті. Гендерлік саясатқа қатысты пікір білдіремін деп, Twitter-де үлкен дау туғызды. Бір түнде «Гарри Поттер» арқылы жетілген ұрпақтың едәуір бөлігі өз кумирінен теріс айналды. Жазушының өзі: «Менің ойым қоғамның қысымымен емес, еркін пікірталас арқылы сыналуы керек еді» деп жауап қатты. Алайда, аталған дау оның беделіне  елеулі  сызат  түсірді.

«Кәнсіл мәдениеті» АҚШ пен Батыс елдері­мен ғана шектелмегені байқалады. Ресей мен көршілес ТМД елдерінде де анау айтқандай болмағанымен, сәл де болсын ізі байқалады. Ресейлік режиссер Кирилл Серебренников 2017 жылы қаржылық алаяқтық айыбымен ұсталып, ұзақ уақыт бойы қоғамнан шеттетілді. Көпшілік бұл істі оның саяси және мәдени көзқарастарымен байланыстырды. Серебренниковтың есімі сол кездері «көркемдік еркіндік пен саяси қысымның құрбаны» ретінде аталды.

БІЗДЕГІ  МӘДЕНИЕТТІҢ  АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?  ШӘРІП  СЕРІК  ОҚИҒАСЫ  және  MAGNUM

Жасыратыны жоқ, «кәнсіл мәдениеті» немесе бойкот мәдени­еті соңғы жылдары Қазақ­стан қоғамында да нақты мысалдар арқылы көріне бастады. Бұған жуырда болған екі жағдай айқын дәлел бола алады: актер Шәріп Серікке қатысты дау және Magnum сауда желісіне қатысты бойкот.

Алдымен, Шәріп Серік оқиғасы­на тоқталсақ. Актердің сүйіктісі Әлия Бутее­ва өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Шәріп Серіктің тарапынан күш қолдану фактілерін жария етті. Видео және фото материалдарда актердің оны лифтіден күштеп шығаруға тырысқаны көрінді. Бұл ақпарат қоғамда кеңінен тарап, әлеуметтік желілерде қатты резонанс тудырды. Нәтижесінде, Sәlem Entertainment компаниясы Шәріп Серікпен барлық әріптестік байланысын үзді. Сондай-ақ, Topcars компаниясы да оның қатысуымен серіктестік келісімін тоқтатқанын мәлімдеді. «Патруль» фильмі секілді бірнеше жобада актердің эпизодтары алынып тасталды. Өз кезегінде Шәріп Серік кінәсін мойындап, көпшілік алдында кешірім сұрап, кейін сот шешімімен  бес тәулікке  қамауға  алынды.

Актерді жаппай «кәнсілдеуге» шақырған белгілі блогер, әйелдер құқығын қорғаушы Роза Әшірбаева аталған жағдай бойынша әлеу­меттік  желіде  бірден  өз  реакциясын  білдірді.

– Желі қолданушылары ішіп көлікке отыр­ған, баласын ұрған, бөтен қыздарға интимді мүшесінің суретін жіберген, балағаттаған, сыйламаған, әйелді ұрған танымал адамдарды, өкініштісі сол, кешіріп жүре береді. Кейбіреулері «Ер жігіттің басына не келмейді?», «Әр қиындықтың артында жеңілдік бар» деген сабырға шақыратын әдемі сөздердің қадірін кетіріп, мәдениет­сіз, тәрбиесіз, қатыгез адамдарды қолдау үшін жазып жатады. «Кәнсіл мәдение­ті» біздің елде даму керек деп есептеймін. Неге? Медиасалада танымал адамдардың көрсетіп жатқан өрескел қылықтарына көз жұмсақ, өмірде де тәрбиесіздікке, құрметсіздікке, зорлыққа көз жұмуды жалғастыра береміз деген сөз, — деп  жазды  ол.

Құқық қорғаушы әрі феминист Әйгерім Құсайынқызы  да  оқиғадан  тыс  қалған  жоқ.

– Гендерлік зорлық – жеке жағдай емес, бұл қоғамдық дерт. Ал оны жасаған адам «сүйік­ті әнші», «классик жазушы» не «көсем» болса да, жауаптан  қашпауы керек. Әрбір «ол ондай емес қой», «ол тек қатты кетті», «жеке өмірі ғой»  деген сөз – зорлықты  нормализациялау. Біз кәнсілдейміз, себебі:  әйелдердің  қауіпсіздігі  комфорттан маңызды, танымалдық зорлық үшін иммунитет емес, жаңа ұрпақ зорлық жасау­шыларға құрметпен қарамауы керек. Кәнсіл – карьераны құлату емес. Бұл – қоғамның «енді жоқ» деген белгісі. Қазақстанда кәнсілге ұшыраған бірде-бір еркекті есіме түсіре алмай отырмын. Бұл менің жадымның әлсіздігі ме, әлде бұл біздің қоғамның зорлықшыларға тым кешірімді болуы ма? Бәлкім, бұл – ұжымдық амнезия. Кеше ғана ел алдында жүріп, ар-ұятты таптаған, бір әйелдің емес, бүтін бір ұрпақтың үмітін жаншыған адамдар бүгін қайтадан марапат алып жүр. Әйелін ұрғаны үшін еш әшкереленбеді. Мен ұмытып қалған жоқпын. Сен де ұмытпа. Бұл – есте сақтау мәдниетін қайта оятудың сәті. Өйткені қандай қоғам ұмытшақ болса, соншалық залымға мейірімді. Ал әділетсіздік дәл осы жерден  басталады, — деді  ол  өз  кезегінде.

Бұл оқиға Қазақстанда «кәнсіл мәдение­тінің» қаншалықты күш алып келе жатқанын анық көрсетті. Қоғам жаппай біржақты ұстаным­ға ауысып, белгілі тұлғаның мансабына айтарлықтай ықпал ете алатынын дәлелдеді. Алайда, бұл жерде мәселе тек бір адамның әрекетінде емес, жалпы қоғамның танымында, зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қағидасының  орнығып  келе  жатқанында  болып  отыр.

Екінші мысал – Magnum желісіне қатысты жағдай. Мұнда мәселе тұрмыстық деңгейден басталғанмен, кейін мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты ауқымды қоғамдық наразы­лыққа ұласты. Сауда желісінде жұмыс істейтін курьер­дің қазақ тілінде қызмет көрсету талабынан кейін оның жұмыстан шығарылуы қоғамның ашу-ызасын туғызды. Нәтижесінде, әлеуметтік желілерде кең көлемді бойкот жарияланып, көптеген тұтынушы Magnum-ға барудан бас тартты. Компания бұл оқиғаға қатысты түсініктемелер беруге тырысқанымен, сауда орталықтарына келушілердің  саны күрт азайғаны  байқалды.

Magnum жағдайы «кәнсіл мәдениетінің» Қазақстандағы бір қыры – тіл және ұлттық қадір-қасиет мәселелеріне байланысты реакциясының қандай болатынын көрсетті. Бұл жерде бойкоттың себебі тек жеке адамның әрекетіне емес, мемлекеттік тілдің қорғалуына қатысты қоғамдық сезімталдыққа сүйенгенін байқауға  болады.

Аталмыш екі жағдай да «кәнсіл мәдение­тінің» елдегі ахуалын әртүрлі қырынан сипаттай­ды. Біріншісі – жеке тұлғаның заңсыз әрекеті үшін қоғамның реакциясы болса, екіншісі – мемлекеттік тілге деген көзқарасқа байланысты қалыптасқан ұжымдық наразылық. Екі оқиғаның да ортақ тұсы – әлеуметтік желілердің негізгі алаңға айналып, көпшілік пікірінің шұғыл және ауқымды түрде әсер етуі.

Дегенмен, «кәнсіл мәдениетінің» қоғам­дағы орны мен салдарын бағалағанда абай болу қажет. Әрбір оқиғаның құқықтық және этикалық жағын ескеру, эмоцияға бой алдырмай, объективті баға беру маңызды. Өйткені асығыс үкім немесе радикалды қадамдар қай кезде де қоғамдық диалогтың сапасына әсер етеді.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда «кәнсіл мәдениеті» енді-енді қалыптасып келе жатыр. Бірақ оның қандай бағытта дамитыны – қоғамның  әділет, құқық және мәдениетке деген  ұстанымына  байланысты  болмақ.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: