Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Интроверттер мен экстраверттер

02.04.2026, 5:30 21

HALYQLINE.KZ

Мен Сьюзан Кейн өзінің «Интроверттер. Өз мінезіңнің ерекшеліктерін қалай пайдалану керек?» атты кітабында айтқандай, интроверттілікті мәдени тұрғыдан қарастырамын. Яғни, интроверттер көбіне жалғыздықты ұнатады, терең ойлайды, жақсы шоғырлана алады, бос сөзді жақтырмайды. Олар көбіне жеке сөйлескенді қалайды, ұзақ қарым-қатынастан шаршайды, кей жағдайда тұйық әрі сезімтал келеді. Ал экстраверттер, керісінше, ашық, тәуекелшіл, көпшілік ортасында өзін еркін сезінеді, белсенді әрі үлкен ортада болудан ләззат алады.

Бірақ адамды тек «интроверт» немесе «экстраверт» деп бөлу – тым қарапайым тәсіл. Себебі біз әлдеқайда күрделіміз. Интровертке тән кей қасиет басқа да мінез ерекшеліктерімен байланысты болуы мүмкін. Мысалы, ұялшақтық – мазасыздыққа, ал тәуекелге бару – жаңа тәжірибеге ашықтыққа жатады.

Сол сияқты Майерс–Бриггс тестінде интроверттер энергияны жалғыз қалғанда немесе ойлану арқылы жинайды деп сипатталады. Ал экстраверттер, керісінше, әрекет пен қарым-қатынастан қуат алады. Бұл кітаптағы интроверт түсінігі осы анықтамаға сүйенеді, бірақ оған мәдени ерекшеліктер де қосылады.

Егер сіз интроверт (немесе экстраверт) болсаңыз, айтылған қасиеттердің кейбірі сізге сәйкес келуі мүмкін, ал кейбірі сәйкес келмеуі де мүмкін. Өйткені адамды бір ғана категорияға сыйғызу қиын. Бұл туралы Карл Юнг: «Таза интроверт немесе таза экстраверт деген болмайды, ондай адам психикалық ауытқуы бар болар еді» деген.

Ғалымдар интроверттілікті адамның табиғи қасиеті деп санайды. Кей зерттеу оның физиологиялық немесе генетикалық негізі бар екенін көрсетеді. Тіпті интроверттік 40-50% тұқым қуалайды деген пікірлер де жоқ емес. Алайда психолог Брайан Литтл адамның мінезі тек табиғатпен немесе тәрбиемен ғана шектелмейтінін айтады. Ол біздің іс-әрекетіміз арқылы өзгеруі мүмкін.

Ол «жеке жобалар» ұғымын ерекше атап өтеді. Бұл – күнделікті ұсақ істерден бастап (ит қыдырту), үлкен мақсаттарға дейін (Эверестке шығу), немесе адамдармен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған әрекеттер. Оның айтуынша: «Сіздің не істейтініңіз – сізді өзгертеді». Бұл адамның тұлғасы өзгермейді деген түсінікті жоққа шығарады.

Литтл «еркін мінез-құлық қасиеттері» деген ұғымды енгізеді. Яғни, қажет кезде біз өзімізге тән емес қасиеттерді де көрсете аламыз. Мысалы, интроверт адам жұмыс талап етсе, өте ашық бола алады. Немесе ұялшақ адам белгілі бір жағдайда өзіне сенімді болып кетеді.

Өмірде де осындай жағдайлар көп кездеседі. Көптеген интроверт қажет кезде экстраверт сияқты әрекет етеді. Себебі қазіргі қоғам көбіне экстраверттерді қолдайды. Олар көпшілікпен жиі араласады, жаңа таныстарды тез табады, жұмыста да көзге жиі түседі.

Дегенмен, бұл бәріміз экстраверт болуымыз керек дегенді білдірмейді. Қазіргі уақытта экстраверттердің өзі кейде тынышталып, жалғыз қалып, ойлануға уақыт бөледі. Ендеше, интроверттер де қажет кезде ашықтық пен белсенділікті үйрене алады. Яғни, бізге керек сәтте басқа мінез ерекшеліктерін «қарызға алып», қолдануға әбден болады.

Орысшадан тәржімалаған Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: