Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хиуаз Доспанова деген кім?

09.05.2022, 10:00 2019

 Бүкіл Орта Азия елдерінің ішінде жанқиярлықпен

соғысқан, үлкен батылдық көрсеткен қазақтан

басқа қай ұлтта Хиуаздай қыздар бар еді?! 

                                                                         Фариза Оңғарсынова 

Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО-да тек әйелдерден тұратын бірегей, әлемдегі алғашқы авиациялық полк құрылды. Оның толық атауы: 46-шы гвардиялық Таман Қызыл Ту Суворов орденінің 3-ші дәрежелі түнгі бомбалаушы авиациялық полкі.

Немістер қыздарды жай және қысқаша: «Түнгі мыстандар» деп атады. Аты аңызға айналған ұшқыштардың бірі – Хиуаз Доспанова тарихқа Қазақстаннан шыққан алғашқы қазақ ұшқышы ретінде енді.

Хиуаз Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Гурьев облысы, Ганюшкино ауылының маңында дүниеге келген. 1940 жылы Орал қаласындағы №1 орта мектепті алтын медальмен бітіреді.

Хиуаз мектепте оқып жүргенде-ақ ұшқыш болуды армандады. Ол асқақ арманына жету үшін мектептегі оқуымен бірге Орал қаласындағы аэроклубта қатар оқыды. Алғашқы ұшу сапары, парашютпен секіру секілді жауапкершілікті сынақтардан мүдірмей өткен қайсар қызға облыстық әскери комиссариат «Запастағы ұшқыш» деген атағы жазылған куәлікті табыс еткенде Хиуаздың ойында «Мен ұшқышпын. Енді қайтсем де Марина Расковамен кездесуім керек» деген ой ғана болды. Бірақ қаршадай қыз бұл арманы екінші дүниежүзілік соғыста ғана орындаларын білмеген еді..

– Қазақстандықсыз ба? – деп сұрады Раскова.

– Иә.

– Қазақпысың?

– Иә.

– Запастағы ұшқышсыз ғой?

– Иә.

– Қандай іске бет алғаныңызды ұғасыз ба? Бұл соғыс!

– Мен комсомол мүшесімін.

– Басқа сұрау жоқ, қабылдау бөлмесінде күте тұрыңыз, – деді Раскова, мен шығып кеттім. 

Бұл – Хиуаз Қайырқызының «Халқым үшін» атты естелігінен үзінді. Қысқа да нұсқа қойылған өз сұрағына қазақ қызының мірдің оғындай жауаптары Марина Расковаға запастағы ұшқыш қыздың осал жан еместігіне сендірген еді. Осылайша атақты ұшқыш М.Раскованың командирлігімен әйелдерден құрылған әуе полкіне Отан алдындағы перзенттік парызын өтеуді мақсат еткен қазақтың қайсар қызы Хиуаз Доспанова да қабылданды.

Атақты ұшқыш Марина Раскова әйелдер әуе кемесін қалыптастыру туралы шешім қабылдады. Хиуаз Доспанова сұхбаттасуға аттанды және оны алды! Әріптестерінің арасында  «Катя» аталып кеткен Хиуаз – бойы 150см, аяғының өлшемі  33 болатын күлкілі, аңғал қыз ретінде есте қалды.

«Түнгі сиқыршылар» Кубан, Тамани, Новороссийск, Қырым, Беларусь, Польшаны азат етуге қатысты. Кавказдағы шайқастарда Хиуаз бірінші жарақат алып, ауруханада бір ай жатып, бөлімге оралады. Бірте-бірте эскадрилья құлайды: қыздардың біреуі атылады, кейбіреулері қайтыс болады, біреуі тұтқынға түсіп, сол жерде қайтыс болады.

1943 жылдың көктемінде Хиуаз Юлия Пашковамен бірге кезекті жауынгерлік тапсырмадан оралады. Төмендеу кезінде басқа ұшақпен соқтығысу болып, Хиуаз ұшақтың сынықтарының арасындақалып кетеді. Оның қауіпсіздік белдігін тақпайтын әдеті оны құтқарды, сондықтан соққы кезінде оны кабинадан лақтырып жіберген. Джулия мен басқа экипаж мүшелері қайтыс болып, Хиуаз апамыз аман қалады. 

Алғашқы кезде Хиуаз таяқшаға сүйеніп жүретін, бірақ әуедегі шайқастарға қатысуын жалғастырды. Оны ұшаққа мінгізіп, кейін одан шығуға көмектесті. Уақыт өте келе, Доспанова байланыс штабының басшысы болып тағайындалды. 

Хиуаз соғысты екінші топтағы мүгедек болып бітіреді, аспанға жол жабылады. Хиуаз Доспанова 300-ден астам әскери ұшырылым жасады.

Кеңес әскері 1945 жылы Берлинді азат еткен соң Мемлекеттік Қорғаныс комитеті қыз-келіншектер авиаполкін бірінші болып таратады. Ал бұл кезде екінші топтағы мүгедек Хиуаз медицина институтына келіп оқуын жалғастырмақ болады. Алайда ол сол кездері өзінің ерлік істерімен, іскерлігімен Орал облыстық комитетінің бірінші хатшысы Мінайдар Салинннің көзіне түседі. Содан Хиуаз өзі туған облыстағы обкомның нұсқаушысы болады. Кейіннен Алматыдағы Жоғары партия мектебіне жіберіледі. Сол уақыттан бастап, оның ел басқару ісіндегі қырына жол ашылады. Сөйтіп, ЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хатшысы сияқты көптеген лауазымды қызметтерді атқарады.

Қазақтың қайсар, шыншыл, тура сөйлеп, істі жүзеге асыруымен елге қызмет етіп, Алматыдағы «Медеу» мұз айдыны спорт кешенін, «Горный гигант» алма бағын тұрғызуға, Министрлер кеңесінің ауруханасы, емханасы, дәріханасының тұтас кешенін, «Ғалымдар үйі» ғимаратын салуға, театрда «Абай», «Шоқан» драмасының сахналануы секілді маңызды жұмыстардың басы-қасында өзі жүрді.

Осыншама тыңдырымды еңбегіне қарамастан қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуазды сол кездегі билік басындағылар, партияның ХХ сьезінен соң, өткен күндер үшін жауапты жылдар басталған заматта, бар жоғы 37 жасында ғұмырлық зейнеткерлікке шығарып жіберді. Олар үшін Хиуаздың соғыста төрт мәрте ауыр жарақат алуы негізгі себеп болып шыға келді. Бұдан соң ұзақ үнсіздік, қанатты қыздың бар-жоғы елеусіз қала берді.

Хиуаз Доспанованың өмір жолы, майдандағы ерлігі туралы ана тілінде жазылған зерттеу еңбектер болмағанымен, ұшқыш қыздың соғыс жылдарындағы ерлікке толы өмірбаяны 1946 жылдан бастап Батыс Қазақстанның «Орал өңірі», «Приуралье» сияқты жергілікті мерзімді баспасөз беттерінде жиі жарияланып отырған. Сонымен бірге ардагер ананың «Халқым үшін» (Алматы, 1963), «Под командованием Расковой» (Алматы, 1965) атты естелік кітаптарына қоса Кеңес Одағының Батыры атағын алған эскадрилия командирі Марина Чечнева «Менің қарулас достарым» атты кітабында Хиуаз Доспановаға 15 бет арнапты. Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры Раиса Аронованың «Ночные ведьмы» кітабында Хиуаздың жауынгерлік бейнесі суреттелген.

Алғашқы тапсырманы тиянақты орындаған Хиуаз Доспанованың әуеге көтеріліп, неміс басқыншыларына қарсы әуеден соққы беруі алғашқы күннен-ақ ерлікке татитын. Бірақ оны кезінде көретін көз, бағалайтын әділдік болмады. Қазақ қызының екі сан сүйегі сынып, оған мойымай ұшағына қайта отырып жаумен айқасқанын сол кездегі әскери жоғары басшылар көрсе де, қазақ қызының ерлігіне бастарын шайқап сүйсінсе де, оған Совет Одағының Батыры деген атақты беруге асықпады…

Осы орайда Халық жазушысы Соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықовтың Хиуаз туралы жазбасында «Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ…» -деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300 ден астам әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазды. 

Ақиқатында соғыс кезінде М.Раскованың әйелдерден тұңғыш құрылған әуе полкінде Хиуазбен қатар соғысқан ұшқыштар соғыс кезінде-ақ «Батыр» атанды. Тіпті соғыстың соңғы күндері, Қазақтың қайсар қызына Генерал А.Гречконы Мәскеуге апару туралы ерекше тапсырманы орындау сеніп тапсырылғанын біреу білсе, біреу білмес.

Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерін, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын иеленді…

Хиуаз апамыз әрқашан өз Отанының патриоты болған. 2004 жылы «Халық Қаһарманы» Алтын Жұлдыз белгісін жоғары мәртебелі атағын бере отырып, кейінгі ұрпақ жүрегінде халқымыздың рух қуатын мәңгіге сақтап қалуға және жастарды тәуелсіз еліміздің патриоты етіп тәрбиелеуге қадам жасау керектігін атап көрсетті.

Ұлы Отан соғысының ержүрек ұшқышы 2008 жылдың 20 мамырында өмірден озады.

 Қазақтың қаһарман ұшқыш қызына Атырауда бірнеше ескерткіштер ашылса, қалада Хиуаз Доспанова атындағы жалпы орта мектеп пен халықаралық әуежайы мен мұз айдыны есімдер берілді. Алматыда оның атымен аталған көше болса, Оралда №30 орта мектепке де есімімен аталады.

Оралдық Мұрат Жәкібаев есімді азамат Хиуаз апайдың ерлігін паш ететін «Успеть бы поклониться» атты деректі фильм түсіріп, халық назарына ұсынды.

Хиуаз апайдың өзі көзі тірісінде бұл фильмді көріп, авторларға алғысын айтқаны көңілге бір демеу. Атырауда Жеңістің 65 жылдығында Хиуаз Доспанова бюсті тұғырына қойылды. Қазақтың батыр қызын ұлықтау мақсатында атыраулық журналистердің жергілікті, республикалық газеттердегі мақалалары 2012 жылы, Жеңіс күнінде «ЭйрАстана» әуе компаниясы өзінің тұңғыш жекеменшік ұшағына Хиуаз есімін беруімен үндестік тапты.

Халық Қаһарманының құрметіне 2010 жылы Алматыда соңғы күнге дейін өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. 

2017 жылы «Хиуаз» атты жинақ жарық көрді. Кітап белгілі журналист Тұрсын Қалимованың бастамасымен және Атырау облысы әкім­ді­гі­нің қолдауымен шықты.

Биыл Хиуаз Қайырқызының туғанына 100 жыл толды. Нәзік жанды болса да, жау оғына кеудесін тосып, қарсы соғысқан, Отаны үшін жанын құрбан етуге дайын болған Хиуаз апамыздың есімі, батырлығы халық есінде мәңгі сақталады.

Руслан ХАМЗА,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Атырау қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: