Апта басында қала әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева мен қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жақсылық Төлегенов әлеуметтік жұмыс орындары және жастар тәжірибесі, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалар, халықты жұмыспен қамтуға арналған іс-шаралар бойынша брифинг берді. Иә, жұмыссыз жүрген жандарға 6 түрлі мүмкіндік арқылы жұмысқа орналасуға болады екен. Бірінші, қоғамдық жұмыс орындары – оған бос уақыты бар студенттер мен жоғары сынып оқушылары, уақытша жұмыссыз қалған адамдардың барлығы тіркеле алады. Екінші, әлеуметтік жұмыс орындары – бұл жұмыс орнына мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер, жалғызбасты немесе көпбалалы аналар, жеті жасқа дейінгі ерекшелігі бар баланы асырап отырған жандар, қандастар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және мәжбүрлеп емдеуден өткен азаматтар қамтылады. Келесі жастар тәжірибесі арқылы орта және жоғары оқу орнынан кейінгі алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында оқу бітіргеніне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алады. Одан кейін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 29 жасқа дейінгі жастар, оның ішінде NEET санатындағы жандар жұмыспен қамтылады. Бесінші – «Күміс жас» жобасы зейнеталды жастағы, яғни зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған жұмыссыз азаматтар тіркеле алады. Жоба бойынша зейнетке шыққанға дейін жұмысқа тұрақты түрде орналастырылады. Және алтыншы «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы – алдыңғы екі жыл ішінде оқуын аяқтаған 29 жасқа толмаған түлектер үшін жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бұл жобалардың қарқындылығы көптеген жастарды жұмысқа икемдеуде.
– Айтып өткен 6 жоба барысында жұмыспен қамту шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қоғамдық жұмыс орындары бойынша жыл басынан бері 2327 адамға жолдама беріліп, жұмыстарын атқаруда. Жалақы көлемі – 20 АЕК, яғни 61 260 теңге төленеді. Ал әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 2022 жылы 55 мекемемен келісімшарт жасалып, 159 адам жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген жандардың жалақысы 61 260 теңгеден аспайды. Жастар тәжірибесі арқылы 462 адамға жолдама берілді. Айлық табыстары 91 890 теңгеге дейін көтерілді. «Алғашқы жұмыс орны» жоба аясында 13 адам ғана жұмыспен қамтылып тұр. «Күміс жас» жобасы бойынша да 12 азамат жұмысқа орналасты. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы 3 адам жолдама алды. Алдағы уақыта межелеген жоспардың толығымен орындалуына жұмыс істелінуде, – деді қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбайқызы.
Сонымен қатар, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша бүгінгі жастардың талпынысы басымырақ. Олай дейтініміз, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға өтінім беріп, мемлекеттік грант иегері атануға құштар жандар көп екені көрінеді.
– Кәсіпкерлікті дамыту бойынша арнайы мемлекеттік грант негізінде барлығы 45 адам білім алып жатыр. Оның 40 адамы «Пішуші» мамандығында, 5-еуі «Электро-монтаждаушы» саласы бойынша білім алуда, – деді Қызылорда қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Жақсылық Төлегенов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!