Бұл оның азан шақырып қойған аты емес. Десе де, біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Күнберген Елдесбайұлы Ділімбетовті өзгелер «Гапал» атауымен таниды. Тіпті төлқұжаттағы есімін айтсаңыз «кімді айтып тұрсың?» дегендей сұраулы жүзбен қарайды. Күнберген көпбалалы отбасында туып-өсті. Әкесі Елдесбай Ділімбетов ағамыз сонау 1944 жылдан бастап тура 12 жыл бойы ішкі істер саласында қызмет жасады. Ол тұста Ұлы Отан соғысының қызған шағы. Сондықтан қоғамдық тәртіпті сақтау Елдесбай сияқты белсенді де көрген-түйгені мол азаматтарға жүктелетін. Кейін теміржол саласына ауысып, кондуктор қызметін атқарды. «Теміржолда темір тәртіп» қағидасымен абыройлы жұмыс істеп, уақыты келгенде зейнеткерлік демалысына шықты. Жасы ұлғая келе дін жолына бет бұрды. Кезінде мұсылманша дәріс алғаны кәдеге жарады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Абай атамыз айтпақшы бес уақыт намазын қаза қылмай, қасиетті Құран Кәрімді терең оқуға күш салды. Қазір Елдесбай ағамыз оқыған сол Құран кітаптар Жакон есімді ұлының үйінде сақтаулы тұр.
Ал, Күнбергеннің анасы Жәмила (Жайла) сылақшы-сыршылар бригадасына жетекшілік жасады. Қазалыда небір әсем ғимараттарда Жайла анамыздың маңдай тері төгілді. «Адамның есімі оның мінез-құлқына, тағдырына әсер етеді» деген бар. Жайла апа атына заты сай сабырлы мінезді, өсек-аяңнан аулақ, бір сөзді адам болатын. Қарапайым еңбек адамы ретінде басшылық тарапынан талай марапат-мадақ иеленді. Екі мәрте поселкелік кеңестің, бір рет аудандық кеңестің депутаты атанды. «Еңбек қызыл ту» орденін жарқыратып кеудесіне тақты.
Ананың сүті, әкенің қанымен дарыған ізденімпаздық, білімге деген құштарлық, еңбекқорлық Күнбергенді де айналып өтпеді. Мектеп қабырғасында жүргенде орыс тіліне, әдебиетке, есеп пәні мен тарихқа деген құштарлығы жоғары болды. Кітап оқуға деген ынтазарлық бала жасынан қалыптасты. Кітапхананың «белсенді оқырманы» атанды. Онда барғанда міндетті түрде екі кітап алатын. Бірі – орыс тілінде, екіншісі – қазақ тілінде жазылған әдебиеттер. Осылайша орыс тілін жетік меңгерді.
Ғаламда түрлі тылсым, жұмбақ, сыр бар екендігіне Күнбергеннің басынан өткерген төмендегі оқиға тағы да дәлел болатындай. Қ.Сәтпаев атындағы мектептің 10-сыныбына көшкен Күнберген өзге де сыныптастарымен бірге оқу жылы басталысымен сол кезде қалыптасқан тәртіп бойынша күріш жинау науқанында савхозға барған-ды. Оқушылардың міндеті – комбайнға ілікпей қалған егін сабағындағы күрішті (масақ) жинау. Тастай қараңғы түн. Шырт ұйқыда жатқан Күнберген түзге шықпақ оймен далаға беттеді. Есіктен аттай берген Күнберген дәл алдында екі бүктеліп отырған қараңғы сұлбаны байқады. Ұйқылы-ояу қалпы мән бермеген бұл сұлбаға жақындап «не істеп отырсың?» деп сұраған. Әлгі сұлба созалаңдап орнынан тұрды. О, сұмдық! Жаңағы сұлбаның бойы өте биік екен. Әлгі сүлде бұған қарап бір қадам аяқ басқан. «Өзге кластың балалары шығар» деп ойлаған бұл оны теуіп қалды. Белгісіз нәрсе кейін шегініп, бұған қарсы тағы бір қадам аттады. Осы мезетте санасын қорқыныш билеген Күнберген босағадан ішке қарай зып берді. Ол да мұның ізінен ішке енді. Айғай салған Күнбергеннің үнінен шошып оянған жолдастары дүрліге бастарын көтерді. Біреу сіріңке жақты. Жаңағы белгісіз сүлде жоқ болып кетті. Балалар таңды көзімен атырды. Ертесіне болған жайтты мұғалімдеріне жеткізді. Сол күннен бастап түнде ешкім сыртқа жеке-дара шықпауға көшті. Біршама күн өткен соң әлгі елестің адам емес, өзге бір тіршілік иесі екенін ұғынған балалар өзара үрейлене сөз қылды. Мұны естігенде мен Күнбергеннің бәледен аман құтылуын әкесі Елдесбайдың бес уақыт намазын қаза қылмай, Құран сүрелерінің оқуы әсер еткен шығар деген ой түйдім.
Күнберген қоғамдық жұмыстарға да белесене араласады. Аудандағы «Жанқожа батыр» қоғамдық қорының төрағасы. Әз бабасына, басқа да әулие бабаларға арналған түрлі іс-шарадан бой тартып қалмайды.
– 2021 жылы Нұрсұлтан Мұратбаев ағамыздан ағайындарды ұйымдастыруға рұқсат алып, Майдан руы азаматтарының демеушілігімен Жанқожа баба кесенесінің ашық қабырғаларына темір рамадағы қалың әйнек бекіттік. Бұл киелі орынның шаң-тозаң болмауына септігін тигізді. Құжаттардың заңды жолымен рәсімделуіне сол тұстағы Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев көмегін берді. Жұмыс аяқталған соң аудан жұртшылығына ас жасап, баба рухына арнап Құран оқытты. Өткен жылы Жанқожа батырдың атасы Киікбай Құлжаманұлының (Нұрымбеттің әкесі) кесенесі аркаларын әйнектеп, ішіне, аулаға брусчатка төседік. Қазіргі таңда «Жанқожа батыр» қорынан қаржы бөлініп, Киікбай бабамыздың шырақшысының үйі, қора-қопсысы жөндеуден өткізілуде. Жанқожа бабамыздың Қызылқұмдағы мәңгілік мекенінде Еркін Сағадинұлы, Жанқожа бабамыздың кесенесінде Дәурен Әбдіхалық, Өтеген-Нұрымбет қорымында Мұхтар Мысаев, Киікбай батыр кесенесінде Төре Ділімбет шырақшылық жасайды. Іс-шараларда шырақшылардың еңбегі кейде елеусіз қалатыны жалған емес. Осыны ескеріп аудандық қоғамдық кеңеске өтініш айтқан едім. Азаматтар тілегімді аяқсыз қалдырмады. Аудандық коғамдық кеңестің шешімімен әр шырақшыға 200000 теңге қаржы бөлінді. Өтеген-Нұрымбет қорымындағы шырақшының үйі сыланып, іші әктеліп, зиярат жасаушылар үшін жағдай жасалуда. Дәурен Әбдіхалық та кесенедегі шырақшы үйіне ағымдағы жөндеу жүргізуде. Нәтижесі көрініп жатыр, – дейді «Жанқожа батыр» қоғамдық қорының төрағасы Күнберген Ділімбетов.
Бабалар рухы жар болсын!
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!