Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еліміздің қай өңірлерінде су басу қаупі жоғары?

14.02.2025, 18:15 256

Төтенше жағдайлар министрлігі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша іс-шаралар кешенін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде елімізде су тасқыны қаупі бар аймақта 1 223 елді мекен бар.

«Оларды қорғау үшін 576 шақырым қорғаныш бөгендері мен біліктері тұрғызылды. 822 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынды. Автомобиль мен темір жол қатынастарында 960 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды», делінген ТЖМ таратқан хабарламада.

74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 500 шақырымға жуық түбін тереңдету, жағалауды нығайту және арналарды тазарту жұмыстары жүргізілді.

«Су тасқынына жедел ден қою үшін 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан астам техника, 4 096 су айдау және 640 жүзу құралдары бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштер мен құралдар топтамасы құрылды. Зардап шеккендерді қабылдау үшін 3,5 мыңнан астам пункт дайындалды. Қажет болған жағдайда материалдық резервтің тіршілікті қамтамасыз ету құралдары мен техникасы броньнан шығарылады», – делінген хабарламада.

Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері жоғары дайындықта, ал құтқару авиациясы жедел кезекшілікте.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың (ІІМ, ҚМ, ҰҰ, Қазгидромет, Қазсушар, Қазавтожол) мамандарын тарта отырып ТЖМ жедел су тасқынына қарсы штабы тәулік бойы жұмыс істейді. Осыған ұқсас штабтар өңірлерде де бар.

Сонымен қатар командалық-штабтық машиналар базасында ықтимал төтенше жағдайлар аймақтарынан нақты уақыт режимінде ақпаратты беру үшін жедел басқару топтары құрылды.

Қосымша күштер мен құралдар резерві дайындалды.

«Оңтүстік және батыс өңірлердің су тасқыны қауіпті учаскелерінде бекеттер қойылды. Олар тәулік бойы қалыптасқан жағдай туралы ақпаратты береді», деп хабарлады ТЖМ.

Қазгидромет болжамы бойынша, еліміздің 9 өңірінде (Ақтөбе, Абай, Ақмола, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Ұлытау, СҚО, Қостанай облыстары) су басу қаупі жоғары болады деп күтіледі.

ТЖМ жалпы күштер мен құралдар дайын екендігін, сонымен қатар жедел жағдайға байланысты  қауіпті өңірлерге күштер мен құралдарды жеткізу, халықты эвакуациялау, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша шешім қабылдайтынын айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: