Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еленбей жүрген еңбек адамы

13.07.2023, 12:10 437

HALYQLINE.KZ

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Алдымен «Еңбек» деген не?» қарапайым әрі аса күрделі сұраққа жауап берейік.

Қолданыстағы Еңбек Кодексіне сүйенсек, «Еңбек – адам мен қоғамның өмір сүру және қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті материалдық, рухани және басқа да құндылықтарды жасауға бағытталған адам қызметі».

Байқасаңыз, материалдық құндылықтарды жасау» бірінші кезекте тұр. Ол да түсінікті, өйткені бір классик айтқандай, «сананы болмыс билейді», яғни рухани құндылықтарды жасау үшін адамның көйлегі көк болмаса да, адамның қарны тоқ болуы шарт.

Бірақ бізде дәл осы, материалдық құндылықтарды жасайтын қауым лайықты бағасын алып жүр ме?

Жоқ!

Оның екі дәлелі бар.

Біріншіден, материалдық құндылықтарды жасайтын қауымның өзін материалдық ынталандыру жағы мардымсыз: еңбек бөлінісінде кімнің жалақысы қандай екенін баршамыз білеміз ғой. Еңбекақысы басқалардан төмен адамның еңбегі бағаланды деп айта алмайсыз! «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөзге жабайы нарық өз түзетулерін енгізді емес пе?! Яғни, маңдай теріңді төгіп, күні-түні еңбек етсең де, өз басыңды, отбасыңды асырау қиын боп кетті.

Екіншіден, материалдық құндылықтар жасайтын қауымның моральдық жағынан бағалануы да сын көтермейді.

Осы орайда қоғамда орныққан біржақтылық туралы айтқым келеді. Меніңше, шығармашылық қауымды – жазушы, ақын, киноқайраткер, әртіс пен әнші, сахна мен эфирге шығып, ел назарына ілігіп жүрген басқа ағайынды басқа жұрттан артық көріп, шамадан тыс дәріптеу, оларға елден ерек құрмет көрсетіп, өзгеше қадірлі көру – артықтау!

Әрбір кәсіптің өз бағасы, қоғамдағы өз орны бар. Қарапайым құрылысшы не теміржолшы өздерінен гөрі жұрттың көзіне көп түсіп жүрген жазушы не әншіден кем бе? Үй салу не пойыз жүргізу үшін де арнайы білім мен біліктілік, тиісті қабілет пен талант керек емес пе! Немесе екінің бірі қолына скальпель ұстай бермейді не жылу тұрбасын қалай салу керек екенін білмейді.

Белгілі тұлғалармен ғана емес, БАҚ-та, әлеуметтік желіде жоқ болса да, қоғам алдындағы парызын адал өтеп жатқан басқа да мамандық иелерімен селфилер неге жоқ? Мәселен, Сіз тойға барған тойхананың аспазы ше? Мишлен жұлдызына ие болмаса да, ол Сізге қызмет жасады, Сіз оның әзірлеген тағамын сүйсіне жедіңіз. Сол аспазға деген әлеуметтік желідегі алғысыңыз бен ризашылығыңыз қайда? Немесе бүгін автобусқа міндіңіз. Жүргізушіге рақмет айттыңыз ба?

Жыл сайын біз секілді шәкірттерімен көзіне жас алып қоштасатын мұғалім не аудандық ауруханада жүріп, бірегей операция жасап, адам өмірін сақтап қалған мықты дәрігер қайда?! Неге қит етсе болды, басқаларды дәріптейсіздер де, күні-түні өз еңбегін бәлсінбей, ешбір жарнамасыз қоғам мен адам алдындағы өз парызын өтеп жүрген сол патриот мамандарды ұмытып кетесіздер?!

Немесе, қолдан пұт жасаймыз: кешегі ескі Қазақстан тұсында билік басында болып, Назарбаев бар кезде оған қарсы бір ауыз сын айта алмаған кейбір шенділер бүгінде батыр боп шыға келіп, сол кездегі қоғам кемшіліктерін атап жатыр екен. Кезінде қайда болды? Көп жағдайда елге жеккөрінішті боп, сол дүдәмал кезеңнің бар қызығын көрген жоқ па? Олар да танымал боп, елдің ілтипатына ие болғысы келеді. «Аңқау елге арамза молда», мәселенің мән-жайына бойлай бермейтін біраз ағайын олардың сөзіне сеніп те қалады.

Неге біз көп жағдайда (ескі Қазақстан кадрлық тәртібін айтып отырмын) топтық, кландық, керек десеңіз, трайбалистік, құда-жекжаттық принциптер негізінде өсіп-өніп, сол жүйенің арқасында адам болғандарды дәріптеуіміз керек?

Шығармашылық ортаға келейік. Иә, ол қауым танымал. Бірақ олардың шығармаларын, кітаптарын неге мемлекеттік бюджет сатып алуы керек? Талантты шығарма жаздың ба, оқырман өзі іздеп жүріп, сатып алсын!

Әрине, әлеуметтік маңызы бар шығармалардың орны, басқа, мен ол туралы айтып отырған жоқпын. Мен «кітап жаздым, оны неге үкімет сатып алмайды?» деп ренжіп жүрген кейбір қаламгерге қатысты айтып отырмын.

Еңбек адамының культінің жоқтығының тағы бір, бюрократиялық, мансаптық себебі бар деп санаймын. Оның мәнісі мынада: жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, карьера жасаған шенеуніктер еңбек адамының жанын түсінбейді. Керісінше, оларды өзінен төмен санайды. Сол себепті оларды дәріптеуді, қарапайым еңбек адамын насихаттауды қажет деп санамайды.

Байқайсыз ба, бізде мамандық таңдаудағы мода да ауысып отырады. Осыдан біраз уақыт бұрын заңгер, банкир, қаржыгерлер қаптап кетіп еді, бүгінде бағдарламашылар мен IT мамандарының Құдайы беріп тұр. Бәрі сол жолмен кетсе, үйді кім салады, тамақты кім істейді, баланы кім оқытады, сырқатты кім емдейді?!

Еңбек адамының құқы туралы сөз – өз алдына бөлек бір әңгіме! Еңбек заңнамасында негізінде материалдық және рухани игіліктерді жасайтын тұлғаның емес, жұмыс берушінің (яғни, компания қожайыны не мекеме басшысының) құқы қорғалатыны – тіпті сорақылық! Ол жағдайды да түзейтін уақыт келді!

Қоғамда әрбір азаматтың құқы бар, нарық заманындағы еңбек бөлінісіне келсек, бәріміз бірдей емеспіз бе? Сол себепті кезінде Назарбаевтың (оны қазір бәріміз жерден алып, жерге салып жатырмыз ғой) өзі көтеріп қалған еңбек адамының мәртебесін арттырып, оған жаңаша көзқарас таныту мәселесіне қайта оралу керек сияқты.

Таяуда өз сөзінде президент Тоқаев та осы ойға оралғандай: «Бірінші маңызды мәселе. Біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету».

Қара да тұрыңыз, меніңше, тек біздің қоғамға ғана қатысты емес, жалпыадамзаттық тренд сол болмақ!

Айтпақшы, ертең тағы да сүндет не тілашар тойына барасыз. Сол дастарқанда бата берген ақсақал балаға не тілек айтады? «Президент, министр не әкім, прокурор не сот бол!» дейді. «Мықты маман бол, елге қажет кәсіп иесі бол!» деп айта ма?

Соны да ойлап жүрейік!

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: