Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолдағы қазақ. Екі үміт, бір әрекет

02.09.2023, 14:36 270

HALYQLINE.KZ

Қазақстан – бір нәрсені өзгерту керектігін, бұлай жалғаса берсе болмайтындығын мемлекеттік деңгейде енді түсінді. Осы призмамен қарасақ, 2023 біз үшін шынымен маңызды жыл деп айтар едім.

Егер картинаны толық алып, үстінен қарасақ, еліміз құзға қарай (өз өліміне) асықпай аяңдап бара жатқан адамды елестетер еді. Ия, құз әлі алыс, бірақ тоқтамай жүре берсе түбі құлайды. Дәл қазіргі сәт – ол әлгі адамның «мен жалпы қайда бара жатырмын, алдымда не бар?» деп ойлана бастаған тұсы. Ол адамның ойлана бастауы бізге де үміт сыйлады.

Біз жақсы өмір сүргісі келетін, армандайтын ұлтпыз. Жақсы өмірге лайық та шығармыз. Бірақ соған қалай жету керектігін 32 жыл бойы іздедік және таппадық. Бір нәрсені дұрыс істемейтін сияқтымыз. Бірақ нені? Ол өте ауыр сұрақ және мен оның жауабын ұзақ іздедім.

Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастап баяндауға, кейбір жерлерін қайтала тәптіштеп ежіктеуге тура келеді. Бұл өте ұзақ, ауырлау текст. Құрметті оқырман, сіз оған дайынсыз ба?

«Ура, давай» жүйесі

Түсінбей қол шапалақтау, толық картинаны көрмей тұрып іске кірісуді мен «Ура, давай» жүйесі деп атаймын. Оны кезінде Назарбаев комплексінің архитекторлары ойлап тапты да, күштеп енгізді. Павлов иті сияқты шартты рефлекспен өмір сүрсең ойланудың қажеті жоқ. Жолдаудағы сөзді бөлмей, тыңдап, қорытынды жасап, модельдеудің орнына болмайтын жерде балаша қол шапалақтау – «Жаңа Қазақстанның» жаңа дәуірге Павлов рефлексінде қалып қалған ескі менеджментпен кірейін деп тұрғанын байқатады. Бұл өте қауіпті эксперимент.

Мемлекет басшысының алтыншы Жолдауы (2019 жылдан бері 6 рет жолдау жасалды) – бұған дейін айтылғандардан ең батыл, ең реформаторлық болды. Ондағы екі нәрсе елімізді шын мәнінде өзгерте алады. Тек олардың мәнін осы жолдауды орындайтындар түсінді ме, әңгіме сонда.

Сенім кризисі

Қазақстан соңғы 30 жылда сенім кризисін бастан кешіруде. Ешкім ешкімге сенбейді. Әкімдікке бюджет бөлгенде ұрлап қояды деп қорқады. Ұрламас үшін оны аңдитын үлкен мекеме пайда болады. Сосын әлгі мекеменің үстінен қарайтын, оны тексеретін құрылым пайда болады. Бір бірінің үстінен осылай қабысқан мемлекеттік және күштік органдардың шамадан тыс өсуі ауыр бюрократиялық машинаның пайда болуына алып келді. Ол жыл сайын жаңарып отыратын жолдауларды план-пландарға жіктеп, ЕСЭДО-ға салады да, шайнамай қорытып тастайды. Артынан галочка қойып, контрольдан шеше салады. Болды, миссия бітті. 9 айдан кейін бәріміз өткен жолдауды ұмытамыз да, жаңа жолдауға дайындала бастаймыз. Бұл – бізді байқатпай құзға апара жатқан шартты рефлекс. Егер осы жолдауды да аппарат баяғы рефлекспен (басындағы екі апта откликтер, қазан айында «План по исполнению Послания», жаңа жылда «промежуточный отчет», келесі жылдың тамыз айында «снятие с контроля») жұтып қойса, онда Қазақстанды мұнай дәуірі аяқталғанша өмір сүретін уақытша мемлекет деп санауға толық негіз бар.

Сондықтан жолдауда айтылған реформалық идеяларды тиімді жүзеге асыру үшін бюрократиямен уланбаған, кем дегенде 2 жыл бойы энтузиазмын сақтап қала алатын жаңа кадрлар керек болады.

Біз қалай өзгереміз?

1. Аудандар тәуелсіздігі

2. Блоктық бюджет

3. Жергілікті әкімдердің сайлануы

4. Жергілікті НДС

Жақсы, кадр мәселесін шешіп, жолдауды түсініп, орындауға кірістік дейік. Онда Қазақстанды батыл шешімдер дәуіріне аяқ басуымен құттықтап қойса болады. Мемлекет басшысы өңірлерге Президент әкімшілігінен тәуелсіздік алып берді. Бұл революциялық шешім. Енді бір жылдың ішінде өңірлер блоктық бюджетке өтіп, жергілікті аудан бюджеттері НДС алатын болса, онда республикалық бюджетке қол жою тоқтайды. Әр ауданның әкіміне, оның іскерлігіне көп нәрсе байланысты болады.

Жоспарлы бюджет – әр салаға нақты бөлінген қатып қалған тәртіп. Онда тек берілген нәрсені игерумен бас қатырасыз. Мысалы, сіз аудан әкімісіз. Қыста мұз қатты да, трубалар жарылып, халық сусыз қалды. Бірақ сіз оны тез жөндеп, халыққа су бере алмайсыз. Себебі, бюджетте құбыр емес, жол жөндеу қарастырылған. Жолдың ақшасын суға бағыттай алмайсыз, облыстағы Қаржы басқармасы рұқсат бермейді. Ал егер шотта ақша жатса, сіз оны құбыр жөндеуге салып жіберсеңіз, «хищение» деген бап бойынша сотталасыз. Халық ол ішкі процестерді білмегендіктен, әкімді керең, мемлекетті соқыр деп ойлайды. Күйінеді, көшеге шығады. Осыны туындырып отырған – бюджеттік ескі жоспарлы жүйе ғана.

Блоктық бюджет идеологиясы басқаша. Әкімге сенім шкаласы бойынша белгілі бір қаржы лимиті, мысалы 100 миллион теңге бекітіледі. Осы қаржы көлемінде ол өз шешімі негізінде әрекет ете алады. Яғни, кез-келген жағдайға дайын, кұбыр жарылса да, желден шатыр ұшып кетсе де, ол оны тез арада жөндей алады. Артынан, белгілі бір уақыттан кейін облысқа есеп беріп, ненің қайда жұмсалғанын көрсетеді.

Осы жүйеге аудан әкімдерін сайлау идеясы сұранып тұр. Беделі кіршіксіз, тұрғындар сенетін, қолынан іс келетін азаматты халық өзі таңдап, сайлауы керек. Ондай көзі жанып тұрған жас маман өз ауданын үш жылдың ішінде адам танымастай етіп өзгерте алады.

Жергілікті бюджетке корпоративті, жеке табыспен бірге НДС салығы да берілмек. Демек, әр аудан әкімі бұдан былай өз жерінде бизнестің көп болғанына, олардың салық төлеуіне мүдделі болады. Көп салық жинадың ба, ол ақша өзіңде қалады. Ал бюджеттік емшек бұрынғыдай болмайды. Баяғыдай тек бюджеттің бергенін ғана жеп, игеріп отыратын тиімсіз кездер артта қалмақ. Аудандар бизнесті тарту, қызық локациялар ашу, креатив бойынша бір-бірімен бәсекелесе бастайды. Осы ретте жолдар да түзеліп, түрлі кәсіптің пайда болатыны анық.

Су мен Ұлттық қор: шөлдеген Қазақстан

Су проблемасы біз күткеннен тез келді. Батыл шешімдер дәуірі дедік қой. Арналарды жөндеп, жаңа су қоймаларын ашқаннан бөлек, сіздерге ұнасын, ұнамасын – бізге мақта мен күріш өсіруден бас тарту қажет. Ия, оңтүстіктегі, бергі Сыр еліндегі ата кәсіп. Бірақ жағдай алқымнан алғандықтан, мақта мен күріштің орнына суды аз тұтынатын басқа баламаны қарастыратын боламыз. Мақта мен күрішті импорттай берсек те, оның орнына суды үнемдеуге көшуден біз жақсы ұтамыз.

Суды буланудан сақтайтын пластик шарлар, пленкаларды қолдануға да келеміз. Үсті пленкамен жабылған Қапшағайды, не Шардараны елестету қиын, бірақ түбі сондай болады.

Осының бәріне ақша керек. Оны түсінуге болады. Менің ойымша бұған дейін сыртқы акцияларда сақталып келген Ұлттық қордың 15 миллиард доллары осы ішкі инвестицияға бағытталуы мүмкін. Егер ол өз мақсатына жетпей, талан-таражға салынып кетсе, нағыз ұлттық катастрофа сонда болмақ. Біз болашағымыздан айрыламыз.

Сондықтан қор қаржысы тек нақты қайтарымы бар, біздің экономикалық өсімді жыл сайын 10 пайыздан жоғары қылатын әлеуетті жобаларға бағытталуы керек. Ондай әлеуетті жобаны әзірге тек теплицалар, логистика, порттар мен теміржолды кеңейту, тауар тасудан көріп тұрмын.

Президент Тоқаев өзіне нақты KPI қойды. 2029 жылы оның өкілеттілігі аяқталғанда Қазақстанның жалпы өнімі 450 миллиард доллар болуы тиіс. Бұл өте күрделі міндет. Ол үшін экономика жыл сайын 7 пайыздан жоғары деңгейде өсіп отыруы керек. Биылғы өсім 4-5% болатынын ескерсек, бір жылымыз жанып кетті. 6 жыл қалды және сағат тілі тым жылдам жүруде.

Айбар Олжай, қаржыгер

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: