Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаш: Экономика екі есеге өскен

07.02.2024, 18:57 264

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысының кенже өлкесі, орналасу жөнінен орталыққа көршілес келетін Жалағаш ауданы араға жылдар салып қарқынды түрде дамып келеді. Былтырғы көрсеткіштен ауданда біршама өзгерістің болғанын, мардымды жобалардың жүзеге асқанын аңғардық. «2023 жылы ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 100,3 пайызға, инвестициялар тарту – 144,4, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 103,9, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 104,9, құрылыс жұмыстары 146,4 пайызға орындалды» деп аудан әкімі Ардақ Ибраимов өңір экономикасының екі есеге дейін жоғарылағанын мәлімдеді.

Жалағаш ауданының әкімі бұдан бөлек 2023 жылдың ауқымды жобаларын тілге тиек етіп, биылғы жоспарлар жөнінде де атап өтті. Аудан бюджеті 2023 жылы 10,8 млрд теңгені құрап, 99,9 пайызға игерілген. Кірістер 100,7 пайызды құрап, 1,9 млрд теңгеге орындалды. Ал 2024 жылы аудан бюджеті 10,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, жергілікті кірістер – 2,2 млрд, субвенция – 4,1 млрд теңге, трансферттер – 3,5 млрд теңге.

Елімізде болып жатқан өзгерістерге сәйкес, ауданда да бірқатар нәтижелі жұмыс жүргізілді. 2023 жылы кәсіпкерлік субъектілер саны 3000-ға жетті, оның шамамен 95,2 пайызы жұмыс істеп тұр. Осы шамадағы елеулі жұмыстар қатарына жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын кәсіпкер Е.Каиповтың сауда орталығын қоссақ болады. Аталған сауда орны осы жылы қолданысқа берілмек.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Бірыңғай Жалпыұлттық жобалар пулы аясында осы жылы жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылды. Бірі – кәсіпкер Д.Ержановтың жеке қаржысы есебінен құны 500 млн теңгеден тұратын «Күріш ақтау және және жем өндіру» жобасы. Екіншісі – «UNO-PROF Строй» ЖШС-ның жеке қаражатынан құны 500 млн теңге болатын «Асфальт өндіру жобасы».

Өткен жылы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 10 жоба аясында аудандағы автомобиль жолдарына, Жалағаш кенті және 5 елді мекеннің 20 көшесіне жөндеу жұмыстары орындалды.

Жалағаштың негізгі кіріс көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Аудан бойынша барлығы 335 шаруашылықтың  199-ы егінмен және 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Диқандар 19 800 гектар күріштің әр гектарынан 54,5 центнер немесе 101 мың тонна өнім алды. Биылғы жылы аудан бойынша 36504 гектар жерге егін орналастыру жоспарланған.

Аудан халқының 100 пайызы орталықтандырылған таза ауызсумен, 45,1 пайызы «көгілдер отынмен» қамтамасыз етілуде. Биыл 50 пайыз халықты газдандыру көзделіп отыр.

Жұмыссыздық азайды. 2023 жылы жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық 4,5 пайыз болды.

Спорт саласында да жетістік аз емес. Аудан спортшылары әлемдік және Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда 376 медаль иеленіп, жоғары көрсеткіш көрсетті.

– Ел ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға белсене араласып жүрген демеушілеріміздің көмегімен көптеген жұмыс атқарылуда,– деп қорытындылады аудан әкімі.

Ардақ Ибраимов БАҚ өкілдерінің елді мекендерді газдандыру жөніндегі сұрағына «алдағы уақытта ауылдардың 70 пайызын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жоспарланған» деп жауап қатты. Сонымен қатар, аймақтағы Жент қалашығы секілді туристік аймақтарды жандандыру жөнінде:

– Қазіргі таңда аталған тарихи жерлерді жөндеу жұмыстарының құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Әр кесененің басында бір-бір шырақшы бар. Кесененің қауіпсіздігі жіті назарда тұр, – деп жауап қатты.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: