Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сұйытылған газ: себеп пен салдар

04.02.2022, 11:40 869

HALYQLINE.KZ

Наразы халықтың бейбіт шеруге шығуына түрткі болған сұйытылған газ мәселесі бір тоқтамға келер емес. Соның әсерінен кәсіпкерлердің кәсібі құрдымға кетіп, біразы жұмысын тоқтатты. Қазақта «ит тірлік» деген тіркес бар. Міне, қалғаны елдің қамы үшін деп тынымсыз еңбек етіп, алайда құны тиынмен бағалануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен сұйытылған мұнай газына қатысты бірқатар жұмыс атқарылуда. Дегенмен, «көкіректе сайрап тұр, екі қолды байлап тұр» демекші қазіргі жағдай мәз емес.

Ешкім өзін үнемі шығынға ұшырата бермейтінін түсіну маңызды. Еліміз газ және газ өңдеу салаларында инвестициясыз, тіпті газсыз қалуы да мүмкін. Сондықтан жүйелі, бірақ ойластырылған және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформалардан басқа жол жоқ. Алдағы уақытта газ саласын сапалы түрде қайта қарап, ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз ету керек, – деген еді мемлекет басшысы.

Осы кеңестен кейін елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері мен сұйытылған газдың бағасын реттеу бойынша енді ғана түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға жауаптылар әрекет етуде. Мәселен, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында бензин, дизель, сұйытылған газдың бағасын тұрақтандыру бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан іс-шараларды түсіндіру мақсатында кәсіпкерлердің талап-тілектерін тыңдау үшін жиын өтті.

Бұл қиындық бізде 2017 жылдан басталды. Осыдан бері қаншама рет айтқаныммен нәтиже болмады. Жергілікті кәсіпкерлер 2021 жылдан бастап амалдың жоқтығынан көбі жабылды. Өйткені былтыр биржаны шығарды. Мен бұған түбегейлі қарсы болдым. Мақұл. Егер мұны қолға алатын болсақ, 100 пайыз биржаға жіберу керек және шектеу қою қажет. Біз көтеріп отырған негізгі мәселе – газ. Мысалы, өзіміздің «Ақшабұлақтан» жанып жатқан газды жергілікті кәсіпкерлерге 1 литр болда да бермейді. Жеңілдетілген газдың барлығын сырттан келгендер алады. Әлеуметтік газдың тоннасы 28 теңге, литрге шаққанда 17 теңге болып келеді. Ал бізге мұны 175-180 теңгеден береді. Кеше ғана литрін 107-ден алып, 105 теңгеге сатып келдік. Және біз сұраған көлемнің тек 5-10 пайызын ғана береді. Ірі алпауыт май құю бекеттері 98 пайызын алады. Жергілікті кәсіпкерлер көп дүниені сұрап жүрген жоқ. Ең болмаса сұрағанымыздың 30-40 пайызын берсе, қалғанын қымбат алып, бір-бірімен теңестіреміз. Өткен жылдың сәуір айында кәсібімді жабамын деп шешкен едім. Себебі қымбат алып, арзан сатып жүргенге ешкім шыдамайды ғой. Екі жыл бұрын қаламызда 76 май құю бекеті бар болатын, қазір тек 15-і қалды. Жеңілдетілген газды жергілікті кәсіпкерлерге берсе, біз жұрт сияқты қоспаймыз, сондықтан газдың бағасы едәуір түседі, – дейді «Олжас» ЖШС директоры Талғат Жұматов.

Иә, сөзінің жаны бар. Бұрындары 50 мың тонна алуға мүмкіндігі барлар биржаға қатыса алды. Жергілікті кәсіпкерлердің шамасы бұған жетпейтіні белгілі. Десе де еститін құлақ болмаған соң кәсіпкерлердің қақпаған есігі қалмаған екен. Жауаптылар біраз бұйығып жатып, әрең дегенде 20 мың тоннаға түсірген еді. Міне, жақында ғана тағы да қайта қарап, 5 мың тоннаға түсіріп, жергілікті кәсіпкерлердің көңілін аулауда.

Айта кетейік, сөз байласып газдың бағасын көтерді деп танылған күдіктілерге тергеу әлі аяқталған жоқ. Онысымен қоймай, өзге аймақтарға сатып, пайда көргендердің жүгенсіз қылықтары халықтың ашуына тиді. Біршама заңсыздық болғаны жөнінде толығырақ облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Ерсін Орынбаев мәлімдеді.

Бәсекелестік орта бұл кәсіпте дамымай тұр. Қызылорда облысында сұйытылған мұнай газымен 20 шақты ғана мекеме айналысып жатыр. Бұл облыстың халқы үшін өте аз. Президенттің тапсырмасымен біздің агенттік прокуратурамен бірлесіп, газбен айналысатын 12 субъект, 17 СРО және 4-5 тауар нарығында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге тексеру жүргізуде. Сондай-ақ, «Қазгермұнайға» да тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біршама құқықбұзушылықтар анықталуда. Мысалы, Қызылорда облысына бөлінген сұйытылған газдың 10 пайыз көлеміндей Түркістан, Шымкент, Жамбыл облысына сатып, қолдан тапшылық жасаған жайттар анықталды. Бұдан бөлек, сөз байласып, баға қойған деген деректер бар. Нақтырақ тергеу аяқталғасын мәлімдеме беремін. Шамамен 1 апта көлеміндей уақыт қалды, – дейді Ерсін Сейітханұлы.

Тауы шағылған кәсіпкерлерден жиын барысында біршама ұсыныстар түсті. Соның ішінде сұйытылған газдың жетіспеушілігіне қатысты наразылықтарын көптеп білдірді. Қазіргі таңда жаңа заңнамаға сәйкес кәсіпкерлерге жақсы мүмкіндіктер берілуде. Кез келген кәсіпкер сұйытылған газды өндірушіден тікелей делдалсыз, арзан бағамен сатып алуына болады. Оларға қойылатын талап тек қана май құятын бекеті болса жеткілікті. Облыстық энергетика басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламановтың сөзінше, барлық есептеме ашық, шынайы түрде болады. «Сондықтан да кәсіпкерлердің бұл ұсынысын ескеріп, бөліністі барлық кәсіпкер көре алатындай мүмкіндік жасаймыз» деді.

Алдағы уақытта басқа да ұсыныстарды Президент пәрменімен заңнамаға енгізіп, барлық қойылған талапты шешуге белсене жұмыс істейтінін жауапты мамандар мәлімдеді. Отырыстың модераторы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов болды. Және бензин, дизель, сұйытылған газ бағаларын реттеу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы Ерсін Орынбаев, бензин, дизель, сұйытылған газ өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге белгіленген шекті бағаларды бұзғандарға қарастырылған жауапкершілік туралы облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова, кәсіпкерлік субъектілері үшін сұйытылған мұнай газын алу бойынша соңғы өзгерістер туралы Ерлан Жоламанов, бензин мен дизель отынының бағасын тұрақтандыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев түсіндірме жүргізді.

Көрнекі фото

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: