Қызылорда облысындағы алдыңғы шепте тұрған Шиелі ауданының ахуалы өзге аудандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені көпке белгілі. Экономикасы бір жолға қойылған, кәсіпкерлігі кең өріс алып, өндірісі өркендеген өңірге қандай мадақ сөз айтылса да артық емес. Алайда мұнда да күрмеуі шешілмеген мәселелер болары анық. Сол себепті өткір мәселенің түйінін тарқатып, алдағы жоспарымен бөлісу үшін аудан басшысы Нұржан Ахатов өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында БАҚ өкілдерімен жүздесті. Алдымен мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауының маңыздылығына тоқталып, одан туындайтын бірқатар міндетті жүзеге асыру мақсатында тиісті іс-шаралар қабылдап, жолдауды кеңінен ақпараттандыру бағытында нақты жоспарлар жүзеге асырылатынын айтты. Әрі қарай сөзін ауданның әлеуметтік-экономикалық даму серпіні мен алдағы жоспары туралы сабақтады.
– Аудандық бюджеттің кірістерінің 2022 жылға жалпы жоспары
22 миллиард 957,5 миллион теңге болып бекітілсе, ағымдағы жылдың
1 қыркүйегіне жоспар 13 миллиард 854,6 миллион теңгеге немесе 108,8 процентке орындалды. Оның ішінде өз кірістеріміз 1 миллиард 868,5 миллион теңгеге жоспарланып, 8 айдың қорытындысымен 3 миллиард 84,7 миллион теңгеге немесе 165,1 процентке орындалған. Трансферттік түсімдер 11 миллиард 986,1 миллион теңгеге жоспарланып, толықтай 100 процентке орындалды. IV деңгейлі бюджеттің өз кірістері де 102,9 миллион теңгеге жоспарланса, орындалуы – 185,9 миллион теңге немесе 180,6 процент. Аудандық бюджеттің (2022 жылға жалпы жоспар 25 миллиард 29,4 миллион теңге) ағымдағы жылғы 8 айдың қорытындысымен шығыстардың жоспары – 15 миллиард 113,3 миллион теңге. Орындалуы 99,9 процентті құрады, – деді аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Аудандық бюджеттің қаржысы толық игеріліп, кірістері де көз қуантарлықтай. «Ауада бос ілініп» қалып жатпағаны түсінікті. Жыл соңында «көзге шыққан сүйелдей» сопаң етіп шыға келмесе игі еді. Енді ауданның тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына қысқаша тоқталып өтелік. Жалпы, ауданның жұмыссыздық деңгейі (1 801 адам) 5 процентті құрайды екен. Ауданда 3623 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 8 айдың қорытындысы бойынша 2175 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Масылдық көзқарасты қалыптырмас үшін ауданда оң бастамалар жүргізіліп жатқаны – жөнді іс.
Айта кету керек, жеті айдың қорытындысымен ауданның барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы қалыптасқан. Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімін өндіру 108,6 процентке (40,4 млрд), өңдеу өнеркәсібі 107,2 процентке (21,2 млрд), ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 процентке (7,2 млрд), сауда айналымы 3,9 процентке (4,7 млрд), құрылыс жұмыстарының көлемі 42,6 процентке (4,4 млрд), пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 5,8 процентке (36 464 шм) артса, инвестиция тарту 13,2 процентке (8,6 млрд) ұлғайды.
– Жалпы, халықтың аз қамтылған бөлігін қайырымдылық, қамқорлық шараларын ұйымдастыру арқылы да әлеуметтік қолдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Есептік кезеңге 4293 отбасына 40 миллион теңгеге қайырымдылық көмектер жасалынды. Жыл басынан демеушілер тарапынан аудан бойынша тұрмысы төмен, аз қамтылған 1 141 отбасына 16 миллион 357 мың 200 теңгеге азық-түлік себеттері таратылып берілді. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 2 отбасына 1 тоннадан көмір (30,0 мың теңге), 63 азаматқа 1 миллион 492 мың теңге қаржылай көмек және бөлімнен қызмет алатын 135 мүмкіндігі шектеулі балаға 602 мың теңге мөлшерінде Түркістан қаласына саяхат ұйымдастырылып, сыйлықтар берілді. Балалар күні қарсаңында да ауқымды іс-шаралар өткізіліп, әртүрлі көмек қарастырылды, – деді аудан әкімі.
Шиеліде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты түрде қамтамасыз етіп отыру алдыңғы орындағы жұмыстардың бірі екен. Мәселен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қамтамасыз ету бағытында «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның цемент зауыты тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін инватакси сыйға берілді.
Қазіргі таңда тіршілік үшін күрес басталғаны анық. Бұрында да бар еді. Тек қазір тым қиындап кетті. Азық-түлік бағасы бағынбай тұрғаны да бір төбе. Бұл жайында ауданның азық-түлік қауіпсіздігін, тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге қатысты шаруашылық құрылымдары тарапынан ауыл тұрғындары үшін егіс алқаптарынан аудан бойынша қосымша дайындалған 81,1 гектар жер көлемі 350 отбасыға бөлініп беріліп, бүгінгі күнге оның 12,1 гектарына картоп, 35,5 гектарына көкөніс, 33,5 гектарына бақша дақылдары егіліп, өнімдері жиналуда екен. Баға тұрақсыздығының алдын алу, халықтың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға Шиеліде ерекше маңыз берілуде.
Жылу, газ, ауызсу, жол мәселелері қоғамды алаңдатып отырған негізгі мәселелер тізбегі екені рас. Бүгінде Шиелі кенті мен бірнеше ауылда «көгілдір отын» бар. Шамамен шиеліліктердің 60 проценті газбен қамтылған. Алдағы уақытта үш-төрт елді мекенге 1 миллиард 62 миллион теңгені құрайтын жобаға министрлік қолдау көрсетсе, халықтың тағы бір бөлігі «көгілдір отынға» қол жеткізеді. Сондай-ақ, аймақ басшысының тікелей қолдауымен құрылысшылар мерекесі қарсаңында құны 2,1 миллиард теңгені құрайтын Мұстафа Шоқай автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы басталды. Тартоғай, Майлытоғай ауылдарының ішкі газ желісінің жоба-сметалық құжаттары дайындалуда екен. Аудан тұрғындарының 98 проценті таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Аудандық бюджеттен ауызсу құбыры жүргізілмеген Қосүйеңкі, Қызылқайың және Ақтам елді мекендерін ауызсумен қамту үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама қарауына ұсынылды. 2023 жылға Жуантөбе және Лесхоз елді мекендеріне су тұщытқыштар орнатуға қажетті 34 миллион 456 мың теңгеге бюджеттік өтінім облыстық бюджеттен қаралуға тапсырылыпты.
Аудан бойынша жол инфрақұрылымын одан әрі жақсарту, дамыту мақсатында биылғы жылы бірқатар жоба іске асырылған. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бестам және Н.Бекежанов елді мекендерінде ұзындығы 20,7 шақырымды құрайтын 21 көшеге 333,9 миллион теңге бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алмалы, Еңбекші, Ә.Тәжібаев, Ақмая, Ы.Жахаев, Бала би, Байсын ауылдары және Шиелі кентіндегі барлығы 36,2 шақырым көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 629,6 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы құны 498,5 миллион теңгені құрайтын Бидайкөл және Ә.Тәжібаев елді мекендеріне кіреберіс көпірлерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, 22 ауылдық округке электр энергиясының қуатын арттыру үшін қосалқы станция орнатуға бюджеттен 60 миллион теңге қаражат бөліну үстінде. Бұл өз кезегінде тұрғындарды тұрақты электр энергиямен қамтамасыз етуге септігін тигізеді дейді сала мамандары. Ал, жылу маусымына ауданның дайындығы жайында аудан әкімі Нұржан Ахатов бүй деді.
– Ауданның өндірістік және әлеуметтік кешендері жылда жылу беру маусымын өткізу үшін жедел штаб жасақталып, кент және ауыл әкімдері мен бағдарлама әкімшілері, кәсіпорындар бекітілген іс-шараға сәйкес жұмыстар атқарылуда. 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымын өткеруге аудан бойынша 147 нысан, оның ішінде білім саласында 62, мәдениет 35, спорт 9, денсаулық саласынан 41 мекеме даярлануда. 147 нысаның 23-і сұйық отынмен, 100-і қатты отынмен, 24-і газбен жылытылды. Әлеуметтік салаға қажетті 11,7 мың тонна көмірдің бүгінгі күнге 4 мың тоннасы жеткізілді. Аудан тұрғындарына қажетті 20 мың тонна қатты отынның бүгінгі күнде 12 мың тоннасы ауданға әкелінді. Аудандағы көмір тасымалымен айналысушы кәсіпкер «ЖК Нұрмановпен» көмір бағасын 15 мың теңгеден асырмау жөнінде меморандум жасалынды, – деді ол.
Қарқынды дамып келе жатқан ауданның мәдениет саласына келгенде қолы байланып тұр. 2013 жылдан бері Майлытоғайдағы апатты жағдайда тұрған мәдениет клубы ұлттық арнамызда да қозғалды. Бұл аудандағы ескі-құсқы жалғыз клуб емес. Мәселені аудан әкімі білетінін айтты. Дегенмен, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды бірінші орынға қоятынын мәлімдеді. Содан кейін мәдениет, спорт салаларына кезең-кезеңімен көңіл бөлетінін жасырмады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!