Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәтқалиев кешегі бұйрығына жауап бере алмай отырып, 50 жылға жоспар құрады

07.02.2025, 7:00 67

HALYQLINE.KZ

Газ саласына инвестицияның болмауы, үкіметтің саланы дамытуға көңіл бөлмей келуінің нәтижесінде елде онсыз да газ тапшы болған. Тіпті былтырдан бастап «2024-2025 жылдары шикізат тапшылығының салдарынан газ экспорты тоқтайды» деген сөздер де айтылды. Экспорт тоқтаса, ішкі бағаны да үкімет күшпен ұстап тұра алмайды. Себебі газды өңдеушілерге экспорттан табыс түспейді де, еріксіз ішкі нарықтағы өнім құнын көтеруге тура келеді. Бізде бұл саладағы қордаланған мәселелерді шешу үшін шұғыл, ұтымды шешімдер емес, керісінше, үнемі ұзақ мерзімді дамыту құжаты қабылданады. Қазақстанда газ саласын дамытудың 2022-2063 жылдарға арналған жоспары бекітілді. 2023-2074 жылдарға арналған мұнай-химия саласын дамытуға арналған жобаларды іске асыруға арналған жоспар бар. 2023-2055 жылдарға арналған энергия тиімділігі мен газды ұқыпты тұтыну жоспары бар. 2055, 2063, 2074 жылдарға дейін кім бар, кім жоқ?! Неліктен мұндай жоспарлар жасалады?! Қазір бір саланы 4 жыл басқарып отырған министр кетіп, екінші бір министр келсе, бұрынғы министрдің не істеп, не бітіргенін білмей дал боламыз. Ал енді 2074 жылға дейін жобалардың сауатты, ұтымды, тиімді атқарылатынына кім кепілдік береді?! Тіпті бұған дейінгі бес жылдық мерзімде орындалуы тиіс мемлекеттік бағдарламалардың өзінің нәтижесі құмға сіңгендей болды емес пе?! Негізінде, энергетика министрлігінің 2023 жылғы маусым айындағы бұйрығында «Қазақстанның ішкі нарығындағы газдың бағасы 2023 жылы 12,2 пайыз, 2024 жылы 9,1 пайыз, 2025 жылы 10,8 пайыз, 2026 жылы 11 пайыз, 2027 жылы 8,6 пайызға өседі» деп белгіленген. Ал енді аталмыш ведомство «газдың бағасын еркін айналымға жібереміз» деп ең максималды шек 64 пен 98 теңге деп отыр. Сонда биыл 10,8 пайызға емес, газ бағасы 20 пайызға дейін қымбаттап кетпек. Сәтқалиев осылайша қысқамерзімге құрылған өзінің жоспарына, шығарған бұйрығына жауап бере алмай отыр. Ал 2074 жылға дейін газ саласының дамып, жанданып кететініне қалай жауап береді?

Әсем  ҚАСЫМХАНОВА,

Әлемдік экономиканы бақылаушы және саясаттанушы.

«Жас Алаш» газетіне берген пікірінен.

Коллаж: ulysmedia.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: