Қызылорда қаласының биылғы даму динамикасында біршама өсім бар. Бұл туралы жылдың бірінші алты айлығындағы өзгерістер, жүзеге асырылған жобаларды сөз еткен қала әкімі Серік Қожаниязов айтты. Дәлірек айтсақ, қала басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг беріп, жақсы жаңалықтарымен бөлісті, қаралған мәселелерге жеке-жеке тоқталды.
Жыл басында қала бюджеті 58,2 млрд теңге болып бекітілген. «Бекітілген қаржының көлемі Президент пен үкіметтің қолдауының арқасында және облыс әкімінің үйлестіруімен 107,1 млрд теңгеге жетіп, 48,9 млрд теңгеге артты» дейді Серік Салауатұлы. Бүгінде шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы қала өсімінің ілгерілеуіне оң әсер етіп отыр. Нақтыласақ, салық базасын ұлғайту мақсатында атқарылған жұмыстар нәтижесінде қала бюджетінің өз кірісі өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 17,7%-ға ұлғайған. Жыл соңына дейін түсімді 40 млрд теңгеге дейін көтеру көзделуде.
Қай салада болмасын даму динамикасы өткен жылғыға қарағанда жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 110,2 млрд теңгені құрап, былтырғыға қарағанда 35,2%-ға көбейген. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 36,6 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылғы алты айлыққа қарағанда 27,8%-ға ұлғайыпты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 2,2 млрд теңгені құрады. Сәйкесінше, бұл көрсеткіш те өткен жылғы нәтижемен салыстырсақ, 7,3%-ға көп.
Биыл тұрғын үй құрылысына ерекше екпін қойылуда. Жайлы баспана мәселесі кімді болмасын, әсіресе жас отбасыларды толғандырып жүргені анық. Жалпы қалада 3911 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 3139 пәтерлі 58 тұрғын үйі бюджет есебінен, ал 772 пәтерлі 16 тұрғын үйі жеке инвестициялар есебінен салынды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 7 қабатты 840 пәтерлі 10 үйдің жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы күтілуде. Қалада жыл басынан бері бас-аяғы 763 пәтер өз иесін тапты. 2500 тұрғын баспаналы болды.
Басты назардағы тағы бір басты мәселе – ыстық су мәселесі. Бұған дейін бұл жөнінде тұрғындар тарапынан біршама мәселе айтылып, қаралған еді. Биыл міне, Мемлекет басшысының тікелей жәрдемімен және облыс әкімінің үйлестіруімен қалада 424 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
– Бірінші кезеңде 187 үй ыстық сумен қамтылса, 2025 жылы қалған 237 үйге ыстық су кіргізіледі деп күтіледі. Одан бөлек, 23 тұрғын үйдің аулаішілік жолдарын жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қала тұрғындарының өтінішіне сәйкес, 25 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалар ойын алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейін, бүгінде қала аумағында 250-ге жуық балалар ойын алаңы орнатылған, – деді Серік Салауатұлы.
Жыл басынан бері 1,2 млрд теңгеге Ақжарма елді мекенін, 3,1 млрд теңгеге «Сабалақ» саяжайын, сондай-ақ, 689,2 млн теңгеге қалада қалып қойған шағын аудандарды газдандыру жүзеге асырылуда. Және де Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді мекенін де «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету қолға алынғалы тұр.
Соңғы уақытта қала көшелері қайта жаңғыртылып, тұрғындар түзу жолмен жүріп-тұруда. Жауапты мамандар жүйелі жоспардың арқасында көшенің сапасын арттырды. Жаяу жүргіншілер жолдарының да жай-күйі жақсарды. Қайта қалпына келтірілген көшелерді жарықтандыру жұмысы да жоспарға сәйкес жүргізілмек.
– Қаладағы Е.Көшербаев көшесі қайта жаңғыртылды. Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейін жаңадан жол құрылысы салынды. Сондай-ақ, 96 көшеге күрделі және 34 көшеге орташа жол жөндеу және Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына жаңа жол құрылысын салу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланды. Биылғы жылы 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Сондай-ақ жарықтандыру жұмыстарына тиісті қаржы бөлініп, процесс басталды, – деді қала басшысы.
Апаттық үйлер де назардан тыс қалмауы тиіс. Қала бойынша 68 тұрғын үй апаттық деп танылған. Қазіргі сәтте тұрғын үй алу кезегінде 673 отбасы тіркелген. Биыл 135 отбасыға баспана кілті табысталып, тұрғын үй кезегінен шығарылды. Тұрғын үй иелері жаңа үй алғанша апатты үйлердің өжіресін тазалау, шатырын ауыстыру, орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған.
Тағы айта кететін жайт, қазіргі таңда қала орталығында орналасқан 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері линеарлық панельмен қапталса, 77 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанның қасбеттерін заманауи үлгіде әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұрғындар игілігі үшін қоғамдық орындар да көптеп салынып жатыр. Анығын айтқанда, бүгінде қалада 33 сквер-аллея, саябақ пен демалыс орындары бар. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қалалық мәдени және демалыс паркі, Тұңғыш Президент, денсаулық, Батырхан Шөкенов атындағы саябақтар мен Қорқыт Ата мемориалы аллеясын қайта жаңғыртудан өткізу жоспарланып отыр.
– Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, бірінші кезекте Орталық паркті жаңғырту жұмыстарын бастайтын боламыз. Алдағы уақытта қала аумағында ағаш талдары бар жерлерге демалыс орындарын көбейту бағытында қажетті шаралар қабылдаймыз, – деді қала әкімі.
Бәріміз білетіндей, шаһар тазалығы да басты назарда болуы тиіс. Өңірдің тазалығы үшін «Қызылорда тазалығы» мекемесі аянбай жұмыс істеуде. Биыл мекемеге арнайы 23 техника алынды. Құны 21,3 млн теңге тұратын сол жағалаудан 10 қатты-тұрмыстық қалдықтарға арналған көмілген контейнерлер орнатылды. Президент бастамасы арқылы құрылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Тазалық патрулі» атты волонтерлік топ өз жұмысын бастады.
Брифинг аяқталар тұста БАҚ өкілдері қала әкіміне сұрақтарын жаудырды. Журналистің «Жанқожа батыр көшесіне теміржол көпірі салынғалы жатыр. Бұл жақтағы тұрғындардың тұрғын үй мәселесі қалай болып жатыр?» деген сұрағына Серік Салауатұлы:
– Иә, алғашында көше тұрғындары тарапынан келіспеушілік болғанын жасырмаймыз. Өтемақы сомасы қанағаттандырмағандар да болды. Бірақ та уақыт өте келе біз тұрғындармен ортақ тіл табыса алдық. Тек екі коттедж иесімен мәселе туындады. Бірақ, артынша коттедж үйлерге тиіспеуді жөн көрдік. Соған сәйкес құрылыс бағытына да өзгеріс енгіздік. Қорыта айтқанда, басында мәселе туындады, қазір толықтай шешілді, – деп жауап қатты.
Жартыжылдық қорытындысы – осындай. Қалған алты айда да игі бастамалар жалғасын тауып, өңіріміз гүлдене түседі деген сенімдеміз.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!