БЕРЕШЕКТІ ЕСЕПТЕСЕК…
«Шетелге пәленбай миллион, миллиард қарыз екенбіз» деген әңгіме ел ішінде жиі-жиі айтылып жүр. Әрине, алаңдататын жағдай. Десе де, Қазақстан қарыз алған елдердің де бізге берешегі бар болуы мүмкін. Бұл – әлемде бар құбылыс, бір елден қарыз аласың, бір елге қарыз бересің.
Ұлттық банктің ақпаратына сүйенсек, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша еліміздің сыртқы қарызы 165 миллиард АҚШ долларына жеткен. Демек, Қазақстанның сыртқы қарызы жылдан-жылға өсіп барады. Өйткені…
2021 жылы қаңтар айында сыртқы қарыз көрсеткіші 160,9 миллиард доллар болса, 2020 жылы 152,7 миллиард долларды көрсеткен. Атап айтсақ, сыртқы борыштың басым үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібіне және карьерлерді игеруге тиеді екен. Ол $86,1 миллиардқа жеткен. Сол секілді мемлекеттік басқару және қорғаныс саласының сыртқы қарызы 14,2%-ға артып, $15,8 миллиардқа;
– Қаржы және сақтандыру саласының сыртқы қарызы 37,5%-ға өсіп, $11 миллиардқа;
– Құрылыс саласының қарызы 24,6%-ға артып, $4,3 миллиардқа;
– Өңдеу өнеркәсіп саласының қарызы 8%-ға өсіп, $12,5 миллиардқа;
– Көтерме және бөлшек сауда саласының қарызы 8,2%-ға көбейіп, $9,3 миллиардқа;
– Сумен қамтамасыз ету саласы 17,5%-ға өсіп, $184 миллионға жеткен.
Дегенмен сыртқы қарызды өтеп жатқан салалар да бар. Олар – көлік және қойма саласы, кәсіби ғылыми-техникалық сала, әкімшілік және қосалқы қызмет саласы, тау-кен саласы. Қазақстан қарыз алған елдер қатарында АҚШ, Нидерланд, Англия, т.б. ел бар.
Қазақстанның шетелдерге берер қарызы қаншалықты болса, елімізден заңсыз шығарылған қаржының сомасы да соған сәйкес келеді. «Tax Justice Network» халықаралық ұйымының мәліметінше, Қазақстаннан 25-30 жылда 140-160 миллиард доллар ақша шығарылып, офшорға жасырылған. Бүкіл елдің жылдық ЖІӨ мен оның сыртқы борышына тең келетін сома шетелге белгісіз жолдармен шығарылған.
СОРҒА АЙНАЛҒАН ОФШОР
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз шығарылған ақшаны елге қайтару бойынша үкіметке ұсыныстар беруді тапсырған еді.
«Үкіметке екі ай мерзімде шетелге заңсыз әкетілген қаражатты және онда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде ұсыныстар беру тапсырылады», – деді ол үкіметтің ақпан айында өткен кеңейтілген отырысында.
– Кейбір ақпарат бойынша, ҚР Құқық қорғау органдары соңғы бес жылда капиталды шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Алайда елге кез келген елеулі соманың қайтарылу не қайтарылмауы белгісіз, – деген еді мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов.
Оның айтуынша, заңсыз ақша тапқан шенеуніктер туралы бейресми ақпараттар бар, бірақ нақты дәлел жоқ. Олардың көпшілігі туыстарының атына жазып қояды. Ақшаны алған адамнан қайтарып алу қиын. Ұры заңды айналып өтудің, керек десе, 100 жолын табады. Офшордағы ұрланған ақшаны қайтару қиын, ал мемлекет қарызға батып барады.
Сарапшы Арман Бейсембаев Abai.kz сайтына берген пікірінде осы уақытқа дейін билік басындағылар офшордағы ақшаларды жай ғана білмеген сыңай танытып келгенін айтады.
«Ақша әртүрлі сылтаулармен экспортталды. Капитал қозғалысын бақылау жақында енгізілді. Бұған дейін сен өзіңнің банктік шотыңнан валютаның кез келген көлемін жібере алатын едің және саған бұл жөнінде ешқандай сұрақ қойылмайтын. Сондықтан Қазақстанның жылдық ЖІӨ-іне тең қаражаттың елден сыртқа шығарылғаны таңқаларлық жағдай емес. Жоғарыдағылар оны білмей қалды деу аңқаулық болар. Олар бармақ басты, көз қыстымен рұқсат беріп отырды», – дейді Арман Бейсембаев.
Жалпы, қарызды берерде кім болса да, алушы елдің жағдайына қарайды. Экономист Мақсат Халық қаржылық институттардың кез келген елге қарыз бермейтінін айтып, ойымызды қуаттайды.
«Бұл – Қазақстанның белгілі дәрежеде қоры болғандықтан әлемдік қаржы институттардың қарыз беріп отырған көрінісі. Егер еліміз өз қорын тауысып, қиын жағдайда қалатын болса, онда әлемдегі ешқандай қаржылық институт оңайшылықпен ақша бермейді. Ол кезде тек Халықаралық валюта қоры келіп, нақты өзінің талаптарын қойып, ұлттық ақша несие саясатына кіріп, өз диктовкасын жүргізу шарттарымен ғана қарыз беруі мүмкін» дейді ол.
Ш.ШАТҚАЛ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!