Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің (World Bank Kazakhstan) «Қазақстанды тыңдай отырып» деп аталған презентациясын тыңдадым. Ол – 2020 жылдың қазан айынан бастап ай сайын өткізіліп келе жатқан халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына мониторинг нәтижелері бойынша жоба. Зерттеу пайдалы, бірақ кейбір нәтижесі сұрақтар тудырады. Мысалы, төменде ұсынып отырған слайд респонденттердің 70%-ы өмірге қанағаттанатынын көрсетеді.
Бірақ, біздің Ұлттық статистика бюросының «Халықтың өмір сүру сапасы» сауалнамасының нәтижелеріне сүйенсек, тек 41,8 пайызы ғана өмірге қанағаттанады. Өзім статистика бюросының кедейлікке, жұмыссыздыққа байланысты статистикасына сыни бағалағаныма қарамастан, өмірге қанағаттану көрсеткіштері бойынша олар шындыққа жақынырақ деп ойлаймын.
Ұлттық статистика Бюросы өмір сапасын бағалау үшін 11 аспектісін қарастырады:
Физикалық өмір сүру жағдайлары үшін:
1) қаржылық әл-ауқат және табыс;
2) жұмыс және жалақы;
3) өмір сүру жағдайлары.
Өмір сапасы үшін:
4) денсаулық жағдайы;
5) жұмыс пен өмір балансы;
6) білім;
7) азаматтық құқықтар мен билік;
8) қоғаммен байланыс;
9) қоршаған ортаның сапасы;
10) жеке бастың қауіпсіздігі;
11) субъективті әл-ауқатты сезіну.
Дүниежүзілік банк өмірге қанағаттануды бағалаудың әдістемесін ашпайды, бірақ сауалнама телефон арқылы жүргізілгендіктен, сұраққа жауап респонденттің субъективті сезімдерін ғана қамтығандай көрінді.
Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы өмірге қанағаттану деңгейі қанша пайызды құрайды? Кім шындыққа жақын, Ұлттық статистика бюросы ма, әлде Қазақстандағы Дүниежүзілік банк па?
Меруерт МАХМҰТОВА,
экономист
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!