Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда депозит мөлшерлемелері тарихи межеге жақындады

26.02.2026, 17:40 53

Қазақстанда жеке тұлғалардың депозиттері бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі соңғы жылдардағы ең қарқынды өсім көрсетті. Бұл туралы Первое кредитное бюро хабарлады.

2026 жылдың қаңтарында теңгедегі халық салымдарының орташа өлшенген мөлшерлемесі 15,3%-ға жеткен. Бұл – 1997 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Абсолюттік рекорд (1996 жылғы желтоқсандағы 16,7%) әзірге жаңармағанымен, бір ай ішінде 0,6 пайыздық тармаққа өсуі – 2022 жылдың көктемінен бергі ең ірі серпін.

Әсіресе қысқамерзімді, яғни 1–3 айлық депозиттер бойынша өсім айқын: бұл сегментте мөлшерлеме 17,5%-дан 18%-ға көтерілген. Басқа мерзімдерде де оң динамика байқалады.

Заңды тұлғалардың теңгелік депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме қатарынан үш ай бойы 16,8% деңгейінде сақталып отыр. Бұл – 2016 жылдан бергі ең жоғары шек.

Ал қаңтар айында берілген теңгелік несиелерге келсек, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін орташа мөлшерлеме 22,4%-ға дейін өскен (желтоқсанда – 20,1%). Заңды тұлғаларда бұл көрсеткіш 19,8%-дан 20,4%-ға артқан. Сарапшылар несиелік мөлшерлеме ай сайын пайызсыз бөліп төлеу үлесіне байланысты құбылмалы болатынын ескертеді.

Айта кетерлігі, депозит пен несие мөлшерлемелерінің өсуі базалық мөлшерлеме өзгермеген кезеңде тіркеліп отыр. Ол қазан айының ортасынан бері 18% деңгейінде сақталып келеді және реттеуші бұл көрсеткіштің әзірге төмендемейтінін аңғартқан.

Жалпы алғанда, қаржы нарығында табыстылықтың артуы халық үшін салымдарды тартымды еткенімен, қарыз алу құнын да қымбаттатып отыр.

Фото:  pixabay.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: