«Күн батқан кезде оны ешбір шам алмастыра алмайды» деген түсінік бар. Расында тіршілікті тірілтетін күнді ауыстыру мүмкін емес. Алайда жарық шамдарын дұрыс пайдалану арқылы түнгі қалаға дем беруге болады. Мұны облыс орталығының қазіргі келбетіне қарап анық байқауға болады. Қызылорданың сыртқы сұлулығы жылдан-жылға артып келеді. Ауылдан алыстаған жандардың сұрағы біреу: «Қызылорда қалай?». Жауабым жалғыз: «Қызылорда – қалғымайтын қала». Олай деуіме қаланы аралаған бір ғана түн себеп болды. Түнек басқан қала қазір түрлі түске боялып, аздаған жылдың ішінде пайда болған қызылды-жасылды шамдар көздің жауын алады.
Асығыс-үсігіс жүгіріп жүріп, қаланың қат-қабатына қарамаймыз да. Бұл жолы да асыққан күйде келе жатқан таксидің біреуін тоқтатып, отыра кеттім. Орда бұзар жасқа келген таксист жігіт сөз бастады. Сырдарияның сол жағалауымен байланыстыратын көпірді сілтеп, «Әдемі, иә. Жарықтар қалай талғамды қойылған» деді. Өзі де сол дизайнерліктің маңында жүрген жігіт екен. Көлігін айдаған күйде қаланы безендірген шамдардың маңыздылығын айтып отырды. Мен де есімде қалғандарды сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
Немістерде Инго Маурера деген дизайнер бар. Ол бір сөзінде «Нашар жарық адамды бақытсыз етеді» деген екен. Оның бұл сөзі талай жерде дәлелденіп һәм назарға алынып жүр. Қаланың түнгі жарығын қызылды-жасылды етіп әрлеу қала келбетіне ғана емес, тұрғындар жан дүниесіне де тигізер пайдасы көп болып шыққан. Біздегі көшелерді жарықтандыру кезінде де осы мәселе басты назарға алынған-ды. Соңғы жылдары қаламызда түнгі көшені көркейту үшін 18 нысанды жарық шамдарымен безендірген екен. Соның бірі – сол жағалаумен байланыстырып тұрған Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпір. Көше бойымен келе жатқандағы көпірдің көрікті бейнесі көздің жауын алады. Бұл шамдар арнайы электр энергиясын аз тұтынады және қоршаған ортаға зияны жоқ. Жарық сәулелері өзен бетіне түсіп, Сырдарияға айрықша әсем келбет сыйлайды. Көпір үстінен жүрсең, құдды бір түрлі түсті ойнаған бейненің үстінде жүргендей кейіп береді. Безендірушілер әдейі осылай жасаған екен. «Қаладағы жарық шамдарымен безендірілген нысандардың ешбірі де тегіннен-тегін безендірілмеген. Әрқайсысының өз мәні бар» деп сөзін жалғастырды жүргізуші жігіт. Жолай Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі ғимаратының маңынан өттік. Мәдениет үйінің қабырғаларының астынан сары түсті шам орнатылған екен. Әлгі шам қабырғаны бойлап, жоғарыға сары түсті сәулесін шашқанда ғимарат толықтай сары түске боялып, қабырға жанып тұрғандай кейіп танытады. Ал сары түс болса, мәдениет үйінің бар болмысын аша алады. Ғимаратқа түс беруге қатты көңіл бөлінеді екен. Мұндай боялған ғимараттарға Ә.Тәжібаев атындағы кітапхана, Н.Бекежанов атындағы драма театры, Орталық мешіт, т.б. жатады.
Орталық мешіт демекші, сол маңдағы демалушыларға арналған орындықтардың арасынан жарық шамдары орнатылған аркалар жүргізілген екен. Кешкі қалада серуендеп, бой жазамын деген адамдарға арналған. Шын мәнінде өте әдемі көрінеді. Жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер де безендірушілер көзінен тыс қалмаған. Жалт-жұлт еткен жарықтар алыстан байқалады. Әсіресе, қала бойын тұман басқанда мен мұндалап қара аспанды өз бояуымен бояп тастайды. Мұндай кереметті Н.Назарбаев даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер көпірінен, «Тесік көпір» аталып кеткен теміржол көпірінен және Абай даңғылы бойындағы көпірден көруге болады.
Абай даңғылы бойындағы безендірілген орындар көпірмен шектелмейді. Қаланың қақ ортасында тұрған тұрғын үйлердің сыртына да жарық шамдар іліп, безендіріп тастаған екен.
Бұл кездесуден кейін «Күйбің тірліктің күйімен жүріп, жан-жағымызға мән бермейді екенбіз-ау» дедім ішімнен. Жарық сәулелер шынымен, қаланың түнгі тіршілігіне тыныс береді екен. Сол шамдармен безендірілген орындарында жүріп қабағы қатулы адамды көрмейсің. Жарқылдаған жарықтар көңіл күй сыйлайтындай.
Шынында осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай әсем көріністі көп байқамайтынбыз. Бұл олқылықтың да орны толып, қажетті жерлерге жарық шамдар орнатылған. Жай орнатып ғана қоймай, түс пен түрге аса қатты назар салып, ғимаратты «бояу» арқылы болмысын ашып, экологияға зиян келтірмейтін материалдарды пайдалану – құптарлық іс.
Халық-хабар
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!