Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұнайы бардың шырайы бар

22.12.2021, 17:35 467

HALYQLINE.KZ

Біз үшін тәуелсіздіктен асқан қастерлі ұғым жоқ. Тәуелсіздік демекші, еліміздің егемендік алғанына да биыл ордалы отыз жыл болды. Осы жылдар ішінде озық отыз елдің қатарына қосылуға қаншама қадам жасалды? Талай өркениетті елдермен терезе теңестіріп, тәжірибе алмастық. Міне, соның бәрі жер астындағы «қара алтынның» қадір-қасиетінің арқасында келдік десек, артық айтқандық болмас. Ал, сол баламасыз байлықтың біраз бөлігі қойнауы құт Қызылорда топырағынан шығып жатқаны тағы бар.

Ия, облыста мұнай өндіріп жатқан оншақты компания бар болса, солардың арасында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның шоқтығы биік. Аталған іргелі компания өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға, ондағы тұрғындардың жақсы тұрмысының деңгейін жоғарылатуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға өз үлестерін қоса отырып, өз қызметінде өңірлерді дамыту бойынша мойнына алған міндеттерді абыроймен атқарып келеді. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» әлеуметтік жағынан жауапкершілікті компания бола отырып, облыстың әлеуметтік саласын дамытуға, сондай-ақ қайырымдылық және демеушілік іс-шараларға да пәрменді түрде атсалысады.

Міне, Сыр мұнайының 35 жылдығы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен орайлас келіп отыр. Сонау қиын кезеңде өңір экономикасын алға сүйреген кеніш мемлекетіміздің дамуына да серпін берді. Бұл – мұнайшы қауымның жанқиярлық еңбегінің арқасы. «Қара алтынды» өндіру ауыр еңбекті, асқан жауапкершілікті, үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Сыр мұнайшылары әрдайым осы талап үдесінен шығып келеді.

Тәуелсіздікке толағай табыспен жетіп отырған компания «ПетроҚазақстан» спорт кешенінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Құмкөл» кешенін өнеркәсіптік игерудің 35 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өткізді.

Салтанатты жиында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ вице-президенті Болат Көшербаев Құмкөл кенішінің «қара алтынына» тұңғыш рет тыңнан түрен салған еңбек ардагерлерін, мұнай-газ саласының қызметкерлерін құттықтап, марапаттады.

– Құрметті ардагерлер, әріптестер! Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Әр кезеңнің өзіндік қиындықтары мен қызығы болады. Оның барлығын алғашқы қазығы қағылып, мекеме ашылғалы өздеріңіз де көріп келе жатырсыздар. Былтырғы пандемия кезінде де асқан жауапкершілік көрсетіп, жұмысты бір күнге, бір сағатқа да тоқтатқан жоқсыздар. Алға қойған межені абыроймен орындадық. Биыл да сол меже орындалып, жемісін көріп отырмыз. Осының барлығында өздеріңіздің үлестеріңіз бар. Жылдан-жылға ардагерлеріміздің де ортасы кеңеюде. Биыл тағы 12 қызметкеріміз құрметті демалысқа шықты. Сіздерге бейнеттің зейнетін көруді жазсын. Компаниямыз өз ардагерлерінен қол үзген емес. Айтулы іс-шараларға арнайы шақырып, қуанышымызды бөлісу дәстүрге айналған. Жақында ғана сондай шаралардың бірі – компания қызметкерлері арасындағы теннис, шахмат, футбол және волейболдан спартакиадамыз қорытындыланды. Бүгінгі таңда компанияның зейнеткерлер саны 184 адамды құрап отыр. Компания басшылығы мұнайшы ардагерлерінің әрдайым көңілін табуда, – деді ол.

Облыс экономикасының өзегі болып отырған мұнай-газ саласы аса маңызды. Осы жауапкершілікті түсінген компания әрдайым өңірдің әлеуметтік мәселелеріне қолдау көрсетіп, демеушілік жасап келеді. Бүгінде Сыр өңірінде де мұнайшылар бір қауым елге айналды. Осынша халық өз өмірлерін «Құмкөл» кеніші өндіріп отырған «қара алтынмен» байланыстырады.

Компанияның қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің бастауында тұрған, кен орындарын дамытуда тәжірибесі мен шеберлігін танытып, қажырлы еңбектің айқын үлгісін көрсеткен ардагер мұнайшылар аз емес. Салада ұрпақтар сабақтастығының дәстүрлі жалғасы бола білген алғашқы ізашарларының табанды еңбегінің арқасында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ бүгінде облыстағы жетекші кәсіпорындардың біріне айналып отыр.

«Еңбектің еленгені – бақыт» деген. Аталған іс-шарада осы жылы 60, 70, 80 жас мерейтойын атап өткен ардагер мұнайшылар құрмет төріне шығып, зейнет жасына жеткен бірқатар қызметкерді құрметті демалысқа шығарып салу дәстүрі жалғасты. Сонымен қатар, ұлық мереке қарсаңында үздік жұмысшы-қызметкерлер құрмет грамотасы және алғыс хаттармен марапатталды. Биыл құрметті демалысқа шыққан 12 азамат «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басшысының алғыс хатын иеленді. Атап айтқанда, Уәлихан Ахметов, Нұрсұлтан Ерниязов, Тынымбай Қалжанов, Қайыпбай Қамзаев, Қоныс Құтмамбетов, Талапбек Махамбетов, Владимир Тегай, Амантай Оралбеков, Молдабек Шегентаев, Мирамкүл Құтыбаевалар марапат биігінен көрінді.

Сондай-ақ, ҚР Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығымен Басқарма төрағасының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ғалым Байманов «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Бұдан бөлек, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ бас бухгалтері Қуаныш Әжібеков, сатып алулар бөлімі менеджерінің орынбасары Игорь Жақсылықов, барлау және игеру департаменті ғылыми-зерттеу жобалық институтының топ жетекшісі Әбдіқадыр Төлегенов, материалдық ресурстар басқармасының топ жетекшісі Ерлан Хошанов, қаржы департаментінің бөлім басшысы Руслан Нұржановтар «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар, бірқатар қызметкер облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алғысын иеленді. Ол марапаттарды басқарма төрағасының еңбек ресурстары және әкімшілік жөніндегі орынбасары Суфия Даминова тапсырды. Атап айтқанда, 5-разрядты электр монтеры Серік Бейшентаев, жобалау департаментінің жетекші инженері Аида Нысанбаева, барлау және игеру департаментінің ғылыми-зерттеу жобалау институтының маманы Назым Сейтімова, «Көлжан» ЖШС Солтүстік-Батыс Қызылқия кешеніндегі мұнай-газ өндіру жөніндегі 4-разрядты операторы Бауыржан Маханов, геология және геофизика департаментінің аға әкімшісі Инна Ким, елді мекендерді көркейтуші жұмыскер Тұрсынбай Жортбасов облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шара барысында Қызылорда қаласы әкімінің алғыс хатын әкімшілік-шаруашылық бөлімінің ағаш ұстасы Асылбек Сагнадиновке тапсырды. Компания басшылығы тарапынан да бірқатар марапат табысталды. Атап айтсақ, жобалау департаментінің маманы Ольга Шин, материалдық ресурстарды басқару маманы Ольга Ли, материалдарды бақылау жөніндегі маман Айгүл Иманқұлова, 5-разрядты жүк іліп-түсірушілер Нұрлан Омаров пен Нұртас Оспанов, «Көлжан» ЖШС салық бөлімінің бухгалтері Құдірет Сейілбек, ақпаратты өңдеу жөніндегі маман Лаура Мұстафаева «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасының алғыс хатымен марапатталды.

Ал, Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы атынан пандемия кезінде аса қиын жағдайда азаматтардың денсаулығын қорғауға қосқан үлесі үшін «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаевтың алғысымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тобының жетекшісі Ербол Бекжанов, өндіріс департаменті қамтамасыз ету қызметі топ жетекшісі Патима Ағымбаева, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдай және денсаулық сақтау жөніндегі маман Асылхан Кішкенеев марапатталды.

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Барлыбай Биманов сала ардагерлері Ыдырыс Нұрпейісов, Бөрібай Иманбаев, Рүстем Шәкенұлы және Әбсәләм Қарқынбайұлына Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің құрмет грамотасын тапсырды.

Сондай-ақ, компанияның кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақыт Мұқашева мерекелік лебізін білдіріп, бірқатар сала ардагерлеріне кәсіподақтың «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстады.

Міне, «мұнайы бардың шырайы шат» деген – осы. Қос мереке қабат келген күні елге, аймаққа, қоғамға, компаниясына орасан пайда келтіріп жатқан мұнайшылардың мәртебесінің көтерілгені көңілге дем берді.

Суреттерді түсірген  Андрей  Тайгунов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: