Осыдан екі жыл бұрын басталған пандемияның салдарынан елімізде көптеген іс-шара кейінге шегеріліп, шаруасы шатқаяқтағаны аз болмады. Тезінде тұсау болмаған бұл індет қаншама шығынның шегіне жеткізді. Осыған байланысты ірі компаниялардың жұмысы ақсап, дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын додалары да тоқтап, маскалық режим орнаған еді. Әсіресе өндіріс орындарында дертке шалдыққандар анықталған жағдайда барлық жұмысшы карантинге жабылып, компаниялардың жұмысы сол күйі бәсеңдеуге ілікті.
Індеттің ізі сиреп, аймақтағы ірі кеніштер өз жұмысын қайта бастауда. Соның ішінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Құмкөл кен орнына қарасты барлық мұнай өндіру цехтары арасында 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «ҚЕҚОҚ ісінің үздігі» конкурсын өткізіп, биылғы жылдың жеңімпаздарын анықтады.
– Бұл байқау 2020-21 жылдары пандемияға байланысты уақытша тоқтатылды. Дегенмен, 2022 жылы жаңашылдықпен барлығымыз белсене араласып, дәстүрлі түрде өткізілетін байқауымызды жандандырудамыз. Бұл біздің жұмысшылардың кәсіби біліктілігін тексеріп қана қоймай, қарым-қабілеттерін арттырады. Жыл сайын қатарымыз ұлғайып, әртүрлі цех өкілдері бағын сынауда. Мәселен, биыл «Химиялық жүйелер» командасы қатысты, – деді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның Қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Евгений Мажитов.
Мұнан бөлек қызметкерлер арасында спорттық, мәдени, қауіпсіздік бағытында іс-шаралар мен байқаулар өтіп тұрады. Мұнай кен орнында болатын сайыстардың ішіндегі қызықтысы ҚЕҚОҚ-тың өту барысы мен кезеңдері көпшілікке бейтаныс. Сол үшін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ қаржыландырып, қызметкерлерге ерекше көңіл күй сыйлайтын дәстүрлі доданың «қызығы мен шыжығына» куә болып қайттық.
Жалпы, сайысқа «Құмкөл ГПЖЦ», «Химиялық жүйелер», «ҚАМ МГӨЦ», «Құмкөл МДАЦ», «ҚАМ коллектор жүйелері», «Құмкөл МГӨЦ» командалары қатысып, бес кезең бойынша қауіпсіздіктің қажеттігі мен жылдамдықтың жүйесін көрсетті. Бақ сынау жолында білмегенін үйреніп, тәжірибемен шыңдалғаны да рас.
Алғашқы кезең таныстыру болды. Бұл кезде қатысушылар өз командасын әртүрлі бағытта таныстыруы керек. Ал екінші кезең «Блиц» деп аталды. Қатысушы топтарға қауіпсіздік құралдары туралы сұрақ қойылып, нәтижесінде «иә» немесе «жоқ» деген жауап арқылы балл жинайды. Әр командаға жеті сұрақтан қойылады. Үшінші кезең ситуациялық жағдайда өтті. Топ капитандары қазылар алқасы алдында тұрған билеттегі қауіпсіздікке байланысты тапсырмалар жазылған сұраққа жауап іздеп, жарақаттанған адамға алғашқы көмек көрсетудің керемет көрінісін сомдауы тиіс. «Қауіпті белгілер». Бұл – қатысушылардың байқампаздығын бағамдайтын төртінші кезеңнің атауы. Командаларға интерактивті тақта арқылы Құмкөл кеніші аймағында орналасқан белгілерді ұсынады, нені білдіретінін тапқан команданың қоржынында ұпайлар жиналмақ. Ал соңғы кезең төтенше жағдайдың алдын алуға дайындалған ең үздік цех жұмысын бақылау болды.
Сонымен қатар, байқауға төрелік ететін қазылар алқасы жасақталған. Баға берушілердің төрағасы өндіріс жөніндегі кен орнының директоры Жұмабек Қонысбаев, ал алқа мүшелері қатарында қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Евгений Мажитов, кәсіподақ төрайымы Бақытжан Мұқашева, қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі менеджер Анна Грунис, директордың өндірістік қызметтер жөніндегі орынбасары Бақытгүл Есіркепова, «Interteach» клиникасының терапевт дәрігері Рустамбек Турдиев және «Ақберен» ЖШС бөлімше командирі Қанат Дауылбаев бар. Сайыс басталмас бұрын әділқазылар алқасының төрағасы әрбір құрамаға жылы лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы өндірістен бұрын қауіпсіздік пен денсаулықты басты орынға қояды. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі іс-шараның өтуі біз үшін маусым айының «Қауіпсіздік айы» аталуымен байланысты. Сондықтан жұмысшылар арасында қауіпсіздік пен алғашқы көмек көрсету бағытында ұйымдастырылған байқауда белсенді болуға шақырамын, сайысқа қатысудағы мақсат – жеңіс емес, жеңіске ұмтылу. Сол үшін бұл байқауда барлығыңыз да жеңіс тұғырынан көрінетіндеріңізге сеніңіздер, – деді ол.
Әрі қарай мұнайшылар сахна салтанатын құрып, байқауды бастап кетті. Бірінші кезеңде барлық топ өзін таныстырып, ұранын айтып, жан-жақтылығын көрсетті. Қазылар алқасының қойған ұпайы 1-5 аралығындағы сандармен көрсетілді. Оның қорытындысы бойынша «Химиялық жүйелер» (4,8 ұпай), «Құмкөл МГӨЦ» (4,8 ұпай), «Құмкөл МДАЦ» (4,6 ұпай) командасы үштіктен көрініп, оза шапты. Екінші «Блиц» сауалы кезеңінде «Құмкөл МГӨЦ» (5 ұпай), «ҚАМ коллектор жүйелері» (5 ұпай) және «ҚАМ МГӨЦ» (4,29 ұпай) үштіктің қатарына енді. Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша барлық командалар толық бес ұпайға ие болып, үздік алтылық алаңын жасады. Дегенмен, төртінші кезеңде толық бес ұпайды иеленген «Химиялық жүйелер», «Құмкөл МГӨЦ» және «Құмкөл ГПЖЦ» командасы үштіктің ізін қайта құрап алды. Соңғы кезеңде «Құмкөл МГӨЦ» (4,86 ұпай), «Құмкөл ГПЖЦ» (4,73 ұпай) және «Құмкөл МДАЦ» (4,58 ұпай) командасы алғашқы үштікті иеленді. Сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орын 4,93 ұпай есебімен «Құмкөл МГӨЦ» командасына бұйырды. Ал екінші орын алған «Құмкөл ГПЖЦ» тобы 4,66 балл жинаса, 4,39 ұпай еншілеген «Химиялық жүйелер» командасы жүлделі үшінші орынның мінберінен көрінді. Үшінші орын алған команда мүшелерінің әрқайсысына компанияның қаржыландыруымен смарт сағаттар мен компьютерлік тінтуір берілді. Ал екінші орын алған топ ер адамға қажетті құрал-жабдықтар шабаданына ие болды. Бірінші орын алған «Құмкөл МГӨЦ» командасының әрбір қатысушысына қысқатолқынды пеш сыйға тартылды. Сыйлық беру «науқаны» мұнымен аяқталмай, сайысқа әділ баға берген «Interteach» клиникасының терапевт дәрігері Рустамбек Турдиев пен «Ақберен» ЖШС бөлімше командирі Қанат Дауылбаевқа компания атынан электрлі шәйнек берілді. Бұған дейінгі байқауда жеңімпаз болған команда өзінің ауыспалы кубогын «Құмкөл МГӨЦ» командасына табыс етті. Бұл үрдіс жыл сайын қайталанып, жеңімпаз команда келесі жылы жеңген топқа табыс етеді. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға және көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Мұнай кенішінде мұндай сайыстар жұмыскерлердің бос уақытын тиімді пайдаланып, әрбір күнді қызықты өткізуге жағдай жасайды.
– Бүгінгі сайыс жоғары дәрежеде өтті. Тыңғылықты дайындықтың арқасында бірінші орын алып жатырмыз. Дәл осы сайыс жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады, бұған дейін екі жыл эпидемиялық жағдай кедергі болып, өткізе алмап едік, биыл міне, топтастарымызбен бірінші орын алып қуанудамыз, барлық ұйымдастырушылар мен қазылар алқасына алғысым шексіз, – деді «Құмкөл МГӨЦ» командасының мүшесі Раман Амантай.
Әрбір қызметкердің іскерлігі мен елеулі еңбегін ескере келе, барлық жұмысшылар арасында «Біздің еңбекті қорғау» фототүсірілімі» экспресс-фотокөрмесін өткізіп, қос сайыстың жеңімпаздарын бір сахна төрінде марапаттады. Суреттерін жіпке тізіп, таза ауада көрермендердің ыстық ықыласын алған галерея иелерінен жүлделі үшінші орынға ие болған қатысушы Фатима Ағымбаева болса, екінші орын Михаил Кимнің еншісіне бұйырды. Ал кәсіби болмаса да әуесқой фотограф атанып, сапалы суреттерімен Сәрсенкүл Сыздықова бірінші орынды иеленді. Марапатқа ие болғандар компанияның арнайы брендтік шапкасы мен ақ футболкасын иеленсе, алғыс хат алғандар да сый-құрметтен тыс қалмады. Барлығына ынталандыру сыйлығын беріп, қуанышын еселеді.
Соңғы жылдары елімізде өндіріс орнында оқыс оқиғалардың болуы біршама азайып, қалыпқа түсті. Жұмысшылардың техникалық қауіпсіздікті сақтап, сапаға жұмыс істегені қуантады. Айта кеткен жөн, мұнай, уран, газ өндіру аймағы – аса қауіпті әрі химиялық реактивтердің көп таралған орны. Сондықтан мұндай жерлерде арнайы қауіпсіздік сақтау ережелері бекітіліп, келген қызметкерге түсіндіріледі. Демек ірі кәсіпорындарда кен өндірушілерге ережелерді толық түсіндіріп, сақтық шараларын қатаң ұстайтынына көз жеткізіп келеміз. Нәтиже жоқ емес.
Мұнайшылар арасында болған сайыстың берері мол екенін түсіндік. Өйткені өмір – қымбат. Оны қауіпсіз қалыпта ұстау – әркімнің міндеті. Ал соны біле жүріп, жанкештілік жасау – ерлік деуге тұрарлық.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ,
Суретті түсірген А.Тайгунов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!