СУ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ 32 ПАЙЫЗЫНА ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Еңбек етіп, еріншектікке салынбасаң, қара жер де құр қалдырмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп жүрген жоқ па?! Бір замандарда қарт диқан баласына қарап «Иығыңда кетпенің, осы кеткенің, кеткенің!» деп өзінше байлам жасаған болса, сол бір тәлімді тәмсілдің өміршеңдігі бірнеше ғасыр өтсе де құндылығын жойған емес. Атадан балаға мирас болған диқаншылық ел ішінде үзілмей келеді. Ал сол өнімнің уақытында өсіп, пісуі судың мол мөлшерде берілуіне тікелей байланысты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі өткен жылы 4 мың 400 гектарға жеткізілсе, осы жылы оның көлемін 9 мың 200 гектарға жеткізу жоспары бекітілген. Су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізген шаруашылық құрылымдарын қолдау мақсатында 2024 жылы 551 млн теңге инвестициялық субсидия берілсе, биыл инвестициялық субсидиялау бағдарламасына жалпы 1,8 млрд теңге қаржы қаралған. Күріш мелиоративтік дақыл болғандықтан, күріш атыздарында су үнемдеудің бірден-бір жолы – лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу. Осы жылы лазерлік тегістелген егіс көлемін 60 мың гектарға жеткізіп, суармалы суды 20 пайыз немесе 300 млн текше метр көлемінде үнемдеу жоспарлануда. Вегетациялық кезеңде егісті сумен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы су жүйелерін тазарту жұмыстары бойынша шаруашылықаралық каналдарында 26 дана гидротехникалық құрылыстарының 19,2 пайызына 6 гидротехқұрылыс, ішкі шаруашылық каналдарында 373 дана су құрылысының 32 пайызына 120 гидротехқұрылыс жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, 178 дана насос қондырғыларының 51 пайызына, 182 дана гидробекеттердің 28 пайызына жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстар наурыз айына дейін толық аяқталады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы.
ӨНІММЕН ТІЛДЕСЕ БІЛУ КЕРЕК
Ертеде бір бағбан айтқан деген тәмсіл бар. Өніммен тілдесе білу керек. Рас өнімнің қай түрі болсын баптап қарағанды қажет етеді. Жаз мезгілінде жастардың атыз жағалап, егін егуі сирек. Көпшілігі желдеткішті қосып, үйінде телефон қараудан әрі аспайды. Ал берекелі күз айы келгенде шөлін басатын қызара піскен қарбыз бен дәмі тіл үйірер шырынды қауынды жегенді жақсы көреді. Бірақ, бейнетіне төзгісі жоқ.
Расымен, көбіміз «дайын асқа тік қасық» болуды ғана білетініміз жасырын емес. Базардан дайын өнімді сатып алуға құмармыз. Ал сайып келгенде өзіміз егіп баптаған табиғи өнімнен артығы жоқ.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл облыста 22 мың тонна күріш тұқымы себілмек. «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Қызылорда облыстық филиалының мәліметі бойынша тұқым сапасына тексеруге түскен 14,2 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымының 2,3 мың тоннасы себу дәрежесіне жеткізілді. Өңірімізде күріш тұқымының 97 пайызы шетелдік сорттардың үлесінде болса, қалған 3 пайызы ғана отандық сорттардың үлесінде. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржы көлемі 40 млрд теңгені құрайды. Бұдан бөлек егін шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 5 млрд 900 млн теңге қаражат қаралды. Жалпы субсидиялау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 78 млн теңгеге артып, өсім 1,4 пайызды құрап отыр.
Иә, жер-анаға себілетін бір түйір дәнде бір тамшы тер жататынын былайғы жұрт біле бермес. Ендеше әр дәннің қадір-қасиеті, әрбір бағбанның еңбегі болады. Көктемгі егін – көптің несібесі. «Егінші – мәрт, жер – жомарт». Қасиетті жер-ананы қариядай күтіп, баладай баптай білсең, еткен еңбек, төккен терің еселеп қайтады.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!