ЖАҢАДАН ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНАДЫ
Қаңтар оқиғасы – қазақ елінің тарихындағы қиын күндердің бірі. Десе де, бұл қымбатшылықтың әсерінен қолдан жасап алған көтеріліс деуге саяды. Басында елдің мұңын халықтың өзі жеткізгенде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» күн туады деген сенім болды. «Жаңаөзен – басшы, біз – қосшы» болып, маңғыстаулықтарға тиген зобалаңның салқыны біздің арқамызға да тиді. Бір көрші кілемін қаққанда екінші көршінің де шаң шығаруға шабытын шақырғандай барлық облыс тұрғындары бірте-бірте бейбіт шеруге шықты. Сондағы басты мәселе – сұйытылған газ бағасы. Мемлекет басшысы өткір мәселенің түйінін толықтай тарқатпаса да біршама шешім шығарды. Әлі күнге дейін мәселе күн тәртібіне сәйкес қарастырылып келеді. Мәселен, Қызылорда облысының мұнай және газ саласының бірқатар әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің оңтайлы шешімін табу үшін аймаққа ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов жұмыс сапармен келді.
Ең алдымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жолығып, өңірде мұнай сервис саласындағы жұмыстар мен қызметтердің тарифтері республика бойынша ең төменгі деңгейде екенін біліп қана қоймай, саладағы өзекті мәселелермен таныс болды. Бұл жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары мен мұнай өндіруші және мұнай сервистік компания басшылары және коммуналдық кәсіпорындарының жетекшілері қатысты.
– Аймақ экономикасының негізін мұнай-газ саласы құрайды. Дегенмен, қазіргі таңда белгілі себептерге байланысты бұл саланың дамуы төмендеуде. Облыс аумағында перспективалы және мұнайлы-газды үш шөгінді бассейн орналасқан. Қазіргі таңда екі бассейнде геологиялық зерттеулер жүргізу мәселесі шешімін тапты. Бірақ Сырдария бассейні бойынша жобалық құжаттар дайындалғанмен, қаражат бөлу мәселесі шешілген жоқ. Сондай-ақ мұнай өндіру көлемін арттыру үшін өндіру және барлау ұңғымаларының тереңдігін 3 мың метрден астам тереңдікке ұлғайту қажет. Бұл іс-шаралар өндірілетін мұнай көлемін 1,5 есеге, ал жобалық мұнай беруді шамамен 50%-ға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі мұнай экспортына квотаны ұлғайтуды және мұнай сервисті компаниялардың қызмет бағаларын индекстеуді ұсынды. Бұған қоса, аймақ үшін аса қажет жаңа жылу электр орталығын салу және жаңасын салғанға дейін қолданыстағы тозығы жеткен когенерациялық электростанцияны қайта жаңғырту туралы ұсынысты көтерді. Сонымен қатар, аймақтағы уран өндіретін «РУ-6» ЖШС-нің келісімшартын ұзарту керектігін атап өтті.
ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов бұл ұсыныстың өте өзекті екенін алға тартып, жылу электр орталығын салу мәселесінде оң шешім қабылданатынын жеткізді. Басқосу барысында министрлік өкілдері алдағы бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, жергілікті компания өкілдері мұнай өндіру секторындағы қызметкерлерді жұмыспен қамту бағытында іс-шаралар қабылдауды және өңірде газ өндіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтын құруды ұсынды.
МҰНАЙ ӨНДІРУДІҢ ТӨМЕНДЕУІ БАЙҚАЛАДЫ
Айта кетейік, Болат Оралұлы өңірге жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындар мен коммерциялық емес ұйым өкілдерімен кездесіп, атқарылған жұмыстар жайлы құлағдар етті.
Министрдің айтуынша, Қызылорда облысында 2021 жылы мұнай өндіру көлемі 4,3 миллион тоннаны құрады. 2022 жылдың 4 айында 1,4 миллион тонна мұнай өндірілді. Қызылорда облысында 2021 жылы газ өндіру көлемі 700 миллион м³ немесе 2020 жылға 92 пайызды құрады. 2022 жылдың 4 айында 200 миллион м³ немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 74 пайыз өндірілді.
Аймағымыз газ тұтыну көлемі бойынша 5-ші мұнай өндіруші өңір болып табылады, оның үлесіне ел бойынша мұнай өндірудің жалпы көлемінің 6,14 пайызы тиесілі. Мұнай өндіру бойынша ең ірі компаниялар – «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Торғай Петролеум» және т.б. Жыл сайын өңірде статистикалық мәліметке сәйкес, мұнай өндірудің төмендеуі байқалады. 2015 жылдан бастап 2 есе төмендеген. Ал газ тұтыну көлемі 707 миллион м³ құрады. Жетіспейтін газ көлемі батыс өңірі кен орындарының газ ресурстарынан «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбыры бойынша жеткізіледі. Энергетика министрлігі газдың шекті көтерме бағасын, ал соңғы бағасын Ұлттық экономика министрлігі бекітетінін атап өтті.
– Өзіндік құн мен бекітілген көтерме баға арасындағы айырманы газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор субсидиялайды. Қызылорда облысын газдандыру деңгейі 66,5 пайызды құрайды немесе шамамен 550,8 мың адам табиғи газға қол жеткізді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 3 газдандыру жобасы аяқталды, бұл Қазалы қаласын, Жалағаш, Бекежанов елді мекендерін немесе шамамен 24 мың адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2022 жылы Бірлік және Қыраш елді мекендерін газдандыруды аяқтау жоспарланып отыр, – деді Болат Оралұлы.
Өңірде 19 газ желісі ұйымы және 151 автомобильге газ құю станциясы бар. Облыста сұйытылған мұнай газын тұтыну 2021 жылы 90 мың тоннаны құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында шамамен 25 мың тонна тұтынылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұйрығына сәйкес, өңірде сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы литріне 60 теңгені құрайды.
Сондай-ақ Болат Ақшолақов көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Қызылорда облысының шаруаларына 11,7 мың тонна отын бөлінгенін айтты. Жөнелту кесте бойынша жүзеге асырылып жатыр екен.
МИНИСТРГЕ СҰРАҚ ҚОЙМАҚШЫ БОЛҒАН ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚҚА
КІМ КЕДЕРГІ ЖАСАДЫ?
Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңірге жұмыс сапары барысында «Достық» үйінде аймақ тұрғындарымен кездесті. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов жүргізді. Министрмен кездескен Қызылорда тұрғындары біршама бұйымтайын айтты. Азаматтардың базынасын тыңдаған ведомство басшысы аталған бағыттар бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын және алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
– 2022 жылы Қызылорда облысы аумағында табиғи газ тарифтеріне өндіріс көлемімен газбен қамту мүмкіндігін зерделеу үшін облыстық қоғамдық кеңес жанынан сараптамалық топ құрылған болатын. Тұрғындарға тауарлы газдың шекті бағасын 10 теңге шамасына төмендетуге болады деп санаймыз. Себебі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз» аймақ» акционерлік қоғамы Қызылорда облыстық филиалының (әрі қарай – мекеме) 2019 жылы ұсынған тарифін негізсіз деп тауып, 2020-2025 жылдарға арналған уақытша өтемдік тасымалдау тарифін бекітіп, 34 пайызға төмендеткен еді. Бұл табиғи газдың шекті бағасын төмендету керек. Алайда аталмыш мекеме бұл бағамен келіспей, барлық сот сатысынан жеңілсе де, соттасып, созып, осыған дейінгі жоғары тарифпен тұтынушылардан төлем алып келеді. Осы уақытта мекеме негізсіз пайда тауып, департамент уақытша өтемдік тариф белгілесе де, мекеме әлі күнге дейін айтқанынан қайтпай, ал мекеменің тұрғындарға қарызы 1,5 миллиард теңгеден асты. Сондықтан министр ретінде өткір мәселеге араласып, уақытша өтемдік тарифті енгізуге ықпал етуіңізді сұраймыз, – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Нұрхожаев.
Бұған қоса, газ өндіретін көрші облыстарда бағаның төмендігі, ал біздің өңірде қымбат болуына наразылығын білдірді. Халықтың әлеуметтік жағдайына кедергі келтіріп отырғанын жасырмады. Бұл ұсыныстарды ведомство басшысы «алдағы уақытта қарастырамыз» деп тоқталды.
«Эдельвейс» саяжайының тұрғыны электр желілері ескіргенін, халықтың өз қаражатына салынған бағаналары да тозығы жеткенін министрге жеткізсе, қала іргесіндегі «Ақсуат» ауылдық округінің тұрғыны Серікхан Жүзеев заңсыз орнатылған «ALFA SMART AS100» электр есептегіші мәселесін қозғады. Оның айтуынша, 2020 жылдың ақпан айында құрылғыны орнатарда ешкім түсіндірме жұмыстарын жүргізбеген, техникалық сипаттамасындағы мобильді қосымшасы тұрғындарға орнатылмаған, сол есептегіш орнатылғалы бері төлемақыны бұрынғыдан екі-үш есе көп төлейді екен. Бұған келіспей, өз құқын қорғау мақсатында құзырлы органдарға жүгінген. Бірақ бірде-бір маманнан мардымды жауап ала алмаған. Министр мәселені тыңдап, жауапсыз қалдырмай сол сәтте вице-министр Жандос Демесінұлына тапсырма берді. Арнайы зерделеу үшін комиссия құруды немесе тиімсіз болса, ол есептегішті алып тастап, басқасын қоюды тапсырды.
Кездесу барысында қарапайым халықтан гөрі басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер секілді. Әдеттегідей алғыс білдіріп, министрдің «алтын басын алтын табаққа» салатын ақсақалдар да жоқ емес. Сондай-ақ баз біреулер жоғарыда сауал қойған ауыл тұрғынын микрофонға жақындатпай, сыртқа алып шығып, министрге сұрақ қоймауын өтінгендей әрекет жасады. Сондағы мақсаты не? Шындық айтылмай қалуы керек пе? Әлде Энергетика министрі жауап таппай қиналып қалады дегеннің кері ме, бұл. Жә, неде болса Ақшолақовтың жауырыны жерге тиіп жығылса, жер көтереді, ал еңсесі түскен қызылордалықтардың пәс көңілін кім көтереді? Ақиқатты жасырып, халықтың басын бұға бергізгісі келетін мемлекеттік қызметкерлер барда «ескіні» жаңарту қиынға соғатыны анық. Тұтас қоғамды референдумға сендіру үшін жарамсақтардан құтылу керек. Ал бізде тым көп. «Қазақстан халқының жағдайы адам танымастай өзгере ме?» деген сұрақ көптің көкейінде көлкіп тұр. Бірақ… елдің мұңын мінбердегілерге жеткізуге тосқауыл болып жатқанда, жаңарудың желі әзір соқпайтыны сөзсіз. Десе де «ғажайыпқа» сенген дұрыс па?
АЭС ЕЛІМІЗГЕ ЕШ ҚАУІП ТӨНДІРМЕЙДІ
Халықтың талап-тілегін тыңдап болғасын, әрі қарай өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде ҚР Энергетика министрі Болат Оралұлы БАҚ өкілдерімен кездесті. Мұнда жылу электр орталығын салудың маңыздылығына тоқталды. Биыл Қызылорда облысында электр қуаты 240 МВт болатын жылу электр орталығы салынбақшы. Бұл жобаның іске асыру құны – 215,1 миллиард теңге, 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жоба жоспарға сәйкес жүзеге асырылса, 700 млн кВт тапшылықты жоюға мүмкіндік болады екен.
Қызылорда қаласындағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау мекемелерінде 20 аудандық қазандық жылу энергиясын береді. Станцияның негізгі жабдықтарының 82 пайызы тозған екен. Ал облыстағы «Қызылорда» Өңірлік электр желілік компаниясында» 10 056 км кабель және әуе электр беру желілері арқылы жұмыс істейді. Бұл жақта электр желілерінің 69 пайызы ескірген.
– Қызылорда қаласының тұрғындары үшін электр энергиясының кепілді жеткізушісі – «Энергосервис» ұйымы және облыс бойынша «Шиелі Жарығы» және «Дәулетэнерго» ұйымдары болып табылады. 2019-2021 жылдары 5 қазандыққа және 3 газ турбиналық қондырғыға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді ведомство басшысы.
Қоғамдағы өзекті мәселені бүгіп алмай, толығымен елге жеткізуге тырыстық. Айтпақшы, министрдің сөзінше, атом электр станциясы елімізге ешбір қауіп төндірмейді екен. Егер замануи технологияны дұрыс қолдансақ, бізге тек пайда әкелмек деген тұжырымда. Әйтеуір пайда іздеп жүргенде пәлеге ұрынбасақ игі. Ал инновациялық дамуды әрқашан қолдауға дайынбыз.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!