Электр энергиясына да үнем керек. Өйткені оның да бағасы қымбаттап жатыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларының талаптарына сәйкес алдағы уақытта реттелетін қызмет бағаларының көтерілетіні туралы халыққа хабарлап отырады. Өткен аптада Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің жария тыңдауы өтті. Оған депутаттар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және тұтынушылар қатысты.
Тариф қымбаттады деп жұрт байбалам салып жатыр. Халықтың да қалтасы қалың емес. Оларды да түсінуге болады. Айлық табыс тамақ пен тарифтерді түгендеуден артылмай қалады. Қымбаттау себебін сұрасаңыз айтайық. Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы №192 бұйрығына сәйкес, 2023 жылдың 1 маусымынан бастап энергия өндіруші станциялардағы электр энергиясының құны 7,7%-дан 24,7%-ға дейін артқан. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның электр энергиясын беру тарифі 16,2%-ға, жабдықтаушы үстемеақы мөлшері 1 кВт сағатқа 0,87 теңгеден 1,37 теңгеге немесе 57,5%-ға дейін көбейген. Енді осы жылдың 30 шілдесінен бастап «Энергосервис» ЕЖШС электр энергиясымен жабдықтау қызметінің бағасын алдағы уақытта көтеретіндігін жеткізіп отыр.
Сайып келгенде «Энергосервис» ЕЖШС-нің электрмен жабдықтау қызметінің жобалық орташа босату бағасы ҚҚС-мен 1 кВт сағатқа 24,81 теңгені құрады. Қазір департамент тарапынан бағалардың өзгеруін негіздеуге ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізілуде. Жария тыңдаудың қорытындысы бойынша айтылған ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, соңғы шешім осы жылдың 17 тамызында қабылданады.
Ә.АЛДАБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!