Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экономика өсімімен көрікті

04.03.2025, 17:10 31

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары және мекеме басшылары, түрлі саланың мамандары қатысты. Әкімдік мәжілісінің күн тәртібінде 3 мәселе қаралып, кемшіліктер жан-жақты сараланды.

Мәжілісте алдымен 2024 жылдың қорытындысы және 2025 жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т.Рашев хабарлама жасады.

2024 жылдың қорытындысымен ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика бар. Дегенмен, бұл жетістікпен тоқтап қалмай жоспарлы көрсеткіштер жыл көлемінде 100 пайыз орындалуы тиіс. Экономиканың кейбір көрсеткіштері бойынша төмендеу тенденциясы қалыптасқан. Аудан әкімі хабарлама барысында айтылған олқылықтар бойынша тиісті салалар жұмысты жандандыру керектігін жеткізіп, кемшіліктерді қалпына келтіру жөнінде тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.

Мұнан соң Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Е.Әбдікеров «Салық базасын ұлғайту» туралы хабарлама жасап, өткен жылдың есепті кезеңінде орындалған салық түсімдерінің болжамды көрсеткіштен төмен болғанын атап өтті.

2024 жылдың қорытындысымен бюджет түсімдерінің өсімі байқалады. Алайда, салық төлеушілерді басқа өңірлерден ауданға тіркету жұмыстары бойынша жергілікті бюджетке түсетін түсімнің болжамды көрсеткіші төмен орындалған. Осы мәселеге терең бойлаған аудан әкімі А.Оңғарбаев:

– Қала, кент және ауылдық округ әкімдері өз ауылдарының тыныс-тіршілігін, әрбір бизнес өкілдерінің қалай жұмыс жасайтынын жақсы біледі. Мемлекеттен субсидия қаражатын алған шаруа қожалықтары табыс салығын шынайы көрсетіп, бюджетке төленуге тиіс салықтарын мерзімінде төлеп, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі қажет. Сонда ғана көптеген мәселені шешуге болады, – деді.

Жергілікті бюджетке түсетін түсімді арттыру бағытында мүдделі азаматтар нақты жұмыс атқару керектігі жайында айтылды.
Мәжіліс барысында кәсіпкерлік саласы бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Р.Жанаев хабарлама жасады.

Кәсіпкерліктің дамуы халықтың әлеуетін көтеру, жұмыс орындарының құрылуына, салық базасының көбеюіне және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.
Өткен жылы қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктерден 3 млрд. 903,1 млн. теңгенің 180 жобасы қаржыландырылған. Алайда, кейбір ауылдық округтерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қаржы тарту деңгейі әлі де болса төмен екендігі байқалады.

Осы және өзге де мәселелер төңірегінде сөз сабақтаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шараларын барлық ауылдық округтер толықтай сезінуі керектігін атап өтті.

Мәжілісте көтерілген мәселелерді жан-жақты саралаған аудан басшысы жол берілген кемшіліктер бойынша жұмысты жандандыруды сала басшыларына тапсырып, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын жауапты аудан әкімінің орынбасарларына жүктеді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: