Биыл өңдеу өнеркәсібі 4,8 пайызға ғана артқан. Оның өзі машина жасау саласындағы өндірісті арттырғаннан кейін ғана осы көрсеткішті бағындырды. Елде азық-түлікті өңдеу өнеркәсібі, мұнай-химиясын өңдеу, агросектордағы өңдеу жүйесі әлі тоқырап жатыр. Бұл салалар тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін ес жия алмай кетті. 2021 жылы Мамин үкіметі өңдеу өнеркәсібін 2024 жылы 5,9 пайызға арттырамыз деп жоспарлаған. Биыл бұл көрсеткішті маңайламадық. Жалпы, өзі бізде үкімет бірдеңені жоспарлайды. Ол орындалмай қалса, неге орындалмай қалған себептерін бірден сыртқы факторға жабады. Қазіргі доллардың қымбаттап, теңгенің теңселіп жатқанын да геосаясатқа іліп отыр. Сыртқы фактордан бөлек, ел экономикасының күйзелуіне әсер ететін ішкі факторлар да бар. Үкімет мұны мойындамайды. Бізде бұған дейін 2019-2021 жылдарды қамтыған «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама болды. Бұл да импортты алмастыратын бағдарлама еді. Бағдарлама аясында 600 млрд теңге бөлінген, артынша бұл сома 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Енді шамамен 500 млрд теңгесі агроөнеркәсіп өндірісіне, 200 млрд теңгесі – өңдеу саласына, ал қалғаны – өнеркәсіпке және қызмет көрсету саласына бағытталды. Ал қазір бағдарламаның мәні қашқан жоба болғанын көріп отырмыз.
Супермаркетке келген кез келген адам импортты алмастыратын мұндай бағдарламалардың жемісін бағалай алады. Мысалы, отандық жылыжайда өсірілген қызанақтың бір келісі қыс айларында 1 500 теңгеге дейін жетеді, ал сөредегі Польшадан келген қызанақ бағасы 900 теңге. Отандық қызанақпен салыстырғанда Польшадан жеткізілген қызанақ арзан. Алма, жүзімге қатысты да тура осындай жағдай. Шетелдің алмасы арзан. Отандық апорт қымбат. Қарапайым халық үшін тұтынатын өнімнің арзан болуы маңызды. Ал отандық өнімді самсатып шығарып, оны дүкен сөресіне қымбатқа қойғаннан мұндай бағдарламалар жемісін бермейді. Импорт алмаспайды. Халық арзан импортқа ұмтылады. Сондықтан министрлер өнімін арзанға ұсынуы үшін отандық кәсіпкерлерге бақылау қою керек. Арнайы комиссиялар құрылып, кәсіпкерлердің бағдарлама бойынша жұмыс істеуіне, бөлінген қаражаттың нақты қажетті салаларға, нақты отандық кәсіпкерлерге тиюіне жағдай жасау қажет. Әйтпесе, бізде бағдарламаларды жүзеге асырудың түпкі мәні жолда қалды. Қыруар қаражат біреудің танысына, ірі олигарх кәсіпкерлердің құлқынына кетіп қалады. Нақ осы «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша бастапқыда жоғары және орта технологиялық өңдеуге, ауыл шаруашылығы шикізатына негізделген салалар қамтылады делінді, кейіннен бағдарламаға қатысатын салалардың тізімі үш есеге өсіп, жоба тізімінде Rixos Turkestan және өзге де 30 шақты қонақүй салу пайда болды. Сонда бұлардың өңдеу өнеркәсібіне, импортты алмастыруға қатысы қанша?! Міне, осы сұрақтарға үкімет жауап беруі қажет.
Жұмаділда Баяхметов,
экономика ғылымының докторы, академик.
«Жас Алаш» газетіне берген пікірінен.
Фото: 365info.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!