Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлшара Әбдіқалықова: «Күзде қырманды астыққа толтыру – межелі міндет»

20.04.2020, 10:31 657

HALYQLINE.KZ –| Күзде қамба астыққа тола ма? Бұл сұрақ баршамызды толғандырады. Ол түсінікті де. Қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық жағдай көктемгі дала жұмыстарына әсер етуі мүмкін. Бірақ, Сыр халқына алаңдауға еш негіз жоқ. Қазір дала төсі дүбірге бөленді. Диқандар қызу еңбекке әлдеқашан кірісіп кеткен. Қарқыны күшті. Ерте көктемнен соқа-сайманын сайлаған жалағаштық механизаторлар Көшер Құлбасшаев пен Садық Жамаладин жер жыртып, дәнді дақыл сеуіп үлгерді. Енді бірер күнде, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының еңбеккерлері күрішке кіріседі. Жалпы облыста жаздық бидай, арпа, мақсары және жоңышқа тұқымы себілді. Егер осы көктемде 183 мың гектар алқапқа егін егу қажет болса, соның 30 мыңына дақыл орналастырылды. Бұл ретте, Жаңақорған, Шиелі аудандары алда келеді. «Көктемнің әр күні – жылға азық».​

Облыста күріш егу де басталды. Басты брэндтік өнім – Сыр маржанына егіс алқабының жартысы тиесілі.​ Көктемгі дала жұмыстарының уақытылы басталып, сапалы жүргізілуіне тиісті шара қабылданды. Облыс дикандары минералды тыңайтқыш және тұқыммен қамтамасыз етілген. 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны жеткізілді. Бағасы – литріне 162 теңге. Демек, Қызылорда облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы кестеге сай орындалып жатқанын нық сеніммен айтуға болады.​

Диқандар алаңдайтын тағы бір маңызды мәселе – көлік-трактор паркінің жаңартылуы. Ескі-құсқы техникамен қамба толтыру әсте қиын. Осы ретте, шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау қажет. Соңғы жылдары өңірге 26 млрд теңгенің 1070 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Бұл – егіс алқабында жүрген әрбір төртінші комбайн, трактор немесе тұқым сепкіш жаңа деген сөз.

Қожалықтардың көлік паркінде «John Deere», «Claas», «Ростсельмаш» және т.б. танымал маркалы техника бар.​ Ендігі жерде тек еңбектену керек. Қауіпті індетпен кешенді күрестің қашан аяқталатынын күтпей, агро өндірісті тоқтатпау қажет. Түптеп келгенде, төккен тер, еткен еңбегіміз еш кетпеуі тиіс.​ Шаруалар сақтық шараларына аса мән береді. Жеке қорғаныш құралдарын пайдаланып ғана қызу тірлікке араласады. Олардың осы індеттен ада болуын дәрігерлер бақылайды.​ Ортақ күш-жігер арқасында мол өнім жинайтынымызға сенімдімін. Егінші қауым осы іске бар білім-білік, қажыр-қайратын жұмсайды. Ал, жергілікті билік органдары оларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Күзде қырманды астыққа толтыру – межелі міндет! Біз біргеміз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: