Парламент мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Қаржы министрі Ерұлан Жамаубавтың есебінен соң сөз алып, оны сынның астына алды. Депутаттың ойынша, елдегі экономикалық жағдай ақсап тұр. Оған қоса жұмыссыздық деңгейі де дұрыс есептелмейді.
– Қазір премьер-министр өзінің кабинетін бықпырт тиегендей айдап әкеліп, кризистік кезеңдегі әрекет ету бағдарламасын жасап, депутаттардан карт-планш сұрайтындай экономикалық жағдайда тұрмыз.
Қаржы министрі Жамаубаев мырза елдегі жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз деді. Соңғы 10 жыл көлеміндегі жұмыссыздық деңгейі 4,5-5 пайыздың арасында тұр. Бұл арифметикалық есепті «қандай өлермен» жасап жатқанын мен білмеймін. Елдегі халықтың 45 пайызы ауылда тұрады. Ауылда мұғалімдерден басқа адамда жұмыс жоқ. Не болмаса ашылып жатқан өндіріс орны жоқ. Ал, еңбек нарығына жыл сайын кемінде 200 мың адам қосылады. Осындай сандық көрсеткіштер бола тұра жыл сайын 4,5-5 пайыз арасындағы жұмыссыздық деңгейі қалай өзгермейді? Қандай құдіретін есебінен бұлар (жұмыссыздық деңгейін анықтаушылар – авт.) 4,5-5 пайыздың суретін ғана салады? Осыған таңданысым бар.
Ермұрат Бапи министрге есеп бергенде нақты көрсеткішті ғана айтуға шақырып, 3 млн доңғалақты экспортқа шығаруды «қиял-ғажайып ертегіге» балады.
– Жаңа тағы бір есепте «экспортқа жылына 3 млн доңғалақ шығарамыз» деген есеп айтылды. Ол доғалақты кім алады? Біріншіден, Қытайдың доңғалағы Қазақстанда толып жатыр. Екіншіден, біздің доңғалақты (сапасыздығын айтады – авт.) моңғолдардың өзі сатып алмайды. Сондықтан халықты алдарқататын ертегіні қою керек. Нақты санды, нақты мүмкіншілігін айту керек қой. Халық қиял-ғажайып ертегіге емес, тек шынайы есепті айта білсеңіздер ғана сенеді, – деді Ермұрат Бапи.
Бұдан соң депутат мемлекеттің сыртқы қарыз туралы есебінің де сын көтермейтінің, бюджеттің орындалуы туралы жалпы есебіне көңілі толмайтынын жеткізді.
– Сыртқы қарыз ішкі жалпы өнімнің 25 пайызынан аспайды деп, арқаны кеңге салушылық бар. Дәл қазіргі мемлекеттік және квази мемлекеттік сектордағы сыртқы қарызымыз 100 млрд долларға жетті. Оған екінші деңгейдегі банктердің біз білмейтін қарызын қосыңыз. Олар қайда кетеді? Бұл – біздің 4 жылғы мемлекеттік бюджетіміз. Осындай жағдайда арқаны кеңге салуға бола ма? Ел экономкасының қатерлі шекке жеткенін жайбарақат тыңдап отыра алмаймыз. Сондықтан мен үкіметтің бюджеттің орындалу туралы есебіне қарсы дауыс беремін, – деп сөзін аяқтады мәжілісмен.
Жасұлан Асқарұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!