Жаңа перспективалық мұнай-газ кен орындарын анықтау және энергетикалық әлеуетті арттыру бағытындағы зерттеулер жалғасуда.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев мәлімдеді.
– Былтырғы жылы Арал шөгінді бассейнінің екі учаскесінде кешенді зерттеу жұмыстары аяқталып, нәтижесінде 1,1 млрд тонна көмірсутек қоры бар екені анықталды. Бұл өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды жаңалық. Сонымен қатар, биыл Сырдария бассейінін зерттеу жұмыстары басталады. Осы мақсатта қажетті бұрғылау жабдықтары жеткізіліп, далалық жұмыстарға кірісу жоспарланған. Бұл зерттеулер аймақта жаңа кен орындарының ашылуына жол ашып, болашақта мұнай-газ саласын дамытуға серпін береді. Бұдан бөлек, «Саутс Ойл» компаниясы «Құмкөл» кен орнында орналасқан қиын өндірілетін тақтатас мұнайын дәстүрлі емес тәсілдермен өндіру жобасын іске асыруда. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары жүріп жатыр, ал биылдың өзінде өндірісті бастау жоспарланған. Бұл әдіс жаңа технологияларды қолдану арқылы мұнай өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, жүргізіліп жатқан зерттеулер мен жобалар аймақтың мұнай-газ саласын дамытуға, жаңа кен орындарын игеруге және өңір экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады, – деді, Ардақ Темірханұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!