Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаһандық жылыну процесінің қаупі қандай?

08.07.2021, 11:00 2233

Соңғы кездері көптеген аймақтарда күннің аптап ыстығы басылмады. Ауа температурасының шамадан тыс артуы, желдің күшеюі, құрғақ найзағайдың соғуы, өрт болу қаупі бірнеше облыстарда дабылды ескерту жариялауға мәжбүр етті. Осы ретте климаттық өзгерістер туралы әлемдік БАҚ-тан аз-кем мағлұмат іздедік. Кезіккен мәліметтерді ықшамдап, бүгінгі мақалаға жүк еткенді жөн көрдік.

Қазір адамзат алдында тұрған ең үлкен әрі қауіпті проблемалардың бірі – климаттың өзгеруі. Ғаламдық деңгейдегі орташа температураның көтерілуі жыл өткен сайын маңызды тақырыпқа айналып, жер шары тұрғындарына кері әсерін тигізуде. IPCC-тің (Климаттың  өзгеруі  жөніндегі үкіметаралық  сарапшылар  ұйымы – ред.) мәліметінше, климатты қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін 2030 жылға қарай адам өндіретін парниктік газдардың шығарындысы 50 пайызға азайтылуы тиіс.

КЛИМАТТЫҢ  ӨЗГЕРУІ  ҚАШАН  БАСТАЛДЫ?

Климаттың өзгеруі деп жыл мезгілдеріне, мұхит ағыстарына, вулкандық атқылауларға, күн радиациясына, климаттық құбылыстарға байланысты табиғи ауа райының тұрақты қалыптан ауытқуын айтады. Бұл құбылыстың қашан және қанша уақытқа созылатынын ешкім де дөп басып айта алмайды. Тіпті ондаған жылдардан миллиондаған жылдар аралығында болуы мүмкін. Мұндай жағдай тропиктегі жаңбырлы маусым күндеріне кері әсер етіп, су тасқыны, құрғақшылық және дауыл сияқты күн райының құбылу жиілігін өзгертуі мүмкін.

– «Milankovitch Cycles» деп аталатын күн сәулесі мен радиация мөлшерінің ауытқуы соңғы мың-миллион жылдардағы климаттың өзгеруінің ең маңызды қозғаушысы болып табылады. Олар сондай-ақ, мұздық пен жылыну дәуірінің соңғы 4 циклінің басты себебі болды. Алайда соңғы 150 жыл ішінде Жердің климаты айтарлықтай өзгерді және қысқа мерзімде мұндай күрт өзгерістерге не себеп болғанын түсіну өте маңызды. Өткен ғасырда басталған жаһандық температураның көтерілуі әлі де жалғасуда. Көптеген зерттеулер 1900 жылдардың ортасынан бастап ғаламдық орташа температураның көтерілуін тіркеді, – деп жазады «Ekoenergy» экологиялық сайты.

1,5°C  ЖЫЛЫНУДЫҢ  САЛДАРЫ БАР  МА?

Ғаламдық жылыну туралы «IPCC» ұйымының арнайы есебі 2018 жылдың қазан айында жарияланған. Сол жазбада адамның іс-әрекеті планетаның орташа температурасының көтерілуіне ең көп әсер ететін фактор екені айтылған.

– Кейбір бағалаулар бойынша адам әрекеті температураның шамамен 1,0 жоғарылауына себеп болады. Өндіріске дейінгі деңгеймен салыстырғанда шамамен 0,8°C-ден 1,2°С-ге дейін жылынады. Мұндай қарқынмен ғаламдық жылыну 2030-2052 жылдар аралығында температураның 1,5°C жоғарылауына себеп болады, – делінген «IPCC» ұйымының  ақпаратында.

Сарапшылардың өзі температураның 1,5°C-қа дейін көтерілуі тым жоғары болып көрінбейтініне қарамастан, «IPCC» ұйымының есебі бұлай жоғарылауының өзі апатты салдарға әкеледі деп қауіптеніп отыр.

КҮН  РАДИАЦИЯСЫ  ҒАРЫШПЕН  ШАҒЫЛЫСҚАНДА…

Ресми анықтама бойынша жердегі температура парниктік эффект деп аталатын табиғи процесс арқылы өмір сүруге қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Күн радиациясы біздің атмосфераға жеткенде бір бөлігі қайтадан ғарышқа шағылысады, ал кейбіреулері жерді шарлап, Жерге сіңеді. Бұл жер бетінің қызуына әкеледі. Жерден шығатын жылу сыртқа сәулеленіп, Жер атмосферасындағы парниктік газдар деп аталатын газбен жұтылады. Бұл процесс жылу жоғалтудың алдын алып, -18°C-тың орнына +15°C орташа температураны қамтамасыз етеді.

Өткен ғасырда адамның іс-әрекеті парниктік газдардың атмосфераға таралуына әкеліп соқты, сондықтан табиғи парниктік әсер күшейе түсті. Бұл газдың көп бөлігі пайдалы қазбаларды өндіруге және жағуға, энергияны пайдалануға, автомобильдерден шығатын газдарға, әуе көлігі мен ауыл шаруашылығына арналған құрылыстардан туындайды. Барлық парниктік газдардың ең көп үлесі – көмірқышқыл газы (СО2) және дәл осы газ ғаламдық жылынуға жауапты. Басқа газдарға метан, азот оксиді, хлорфторокарбон, гидрохлорфторокарбонат, метибромид жатады.

ҚҰБЫЛЫС  һәм  АПАТ

Соңғы жүз жылда ауа температурасы шамамен 0,6 градусқа артқан. ІРСС ұйымының климаттық модельдерге  байланысты алынған  ақпараттары ХХІ ғасырда Жер бетінің орташа температурасы  1,1 градустан 6,4 градусқа дейін көтеріледі-міс. Ал кейбір аймақтарда керісінше құбылыс байқалады. Ғалымдар климаттың өзгеруі біздің экономикамызды, денсаулығымызды және қоғам өмірін әртүрлі жолдармен өзгертеді. Ғалымдар температураның 1,5°C көтерілуін тоқтата алмасақ, нәтижесі апатты болуы мүмкін деп ескертуде. Салдарынан:

– жоғары температурада мұздықтардың еруіне байланысты теңіздер мен мұхиттардағы су деңгейінің көтерілуі;

– дауыл, су тасқыны, құрғақшылық және дауыл сияқты ауа райының ауытқу құбылыстарының қарқындылығы мен жиілігінің артуы;

– безгек және сол секілді аурулардың көбеюі;

– су қорының сарқылуына байланысты аумақтардың шөлейттенуі және өнімділіктің төмендеуі. Бұл өз кезегінде аймақтық шиеленістің пайда болуына әкелуі мүмкін деп болжап отыр дүниежүзілік сарапшылар.

ҰСЫНЫС  БАР,  УАҚЫТ  АЗ

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар ұйымы температураның орташа көтерілуін 1,5°C-қа дейін шектеу үшін 12 жыл ғана уақыт қалғанын айтып дабыл қағуда. Іс жүзінде бұл – парниктік газ шығарындыларын бүгіннен бастап айтарлықтай азайту керек деген сөз.

– Бақытымызға орай, мұны  істеудің  көптеген әдісі  бар. Сондықтан жағдайды  жақсарту үшін адамдар  әдеттерін  тұрақтыға ауыстыруы керек. Оның ең бірінші  қарапайым қадамы – жасыл энергияға көшу. Бүгінгі күні парниктік газдардың 31%-ы жылу және электр энергиясын өндірудің және энергия өндірумен тығыз байланысты басқа секторлардың қызметінің нәтижесі болып табылады.

Сарапшылар тобы жаһанға қауіп төндіріп әрі апатты салдары болуы мүмкін жылынудың салдарын жою үшін бірқатар ұсыныс айтты. Көз жүгіртіп көрейік.

Біріншіден, күнделікті тұтынатын тағамдардың қалай жасалғандығы туралы ойланыңыз. Вегетариандық және эколабельді тағамдарды қолданып көріңіз.

Екіншіден, ұшақпен сапарға шықпас үшін жаяу жететін, жақын маңдағы демалыс орнын таңдаңыз.

Үшіншіден, бір реттік материалдардан аулақ болыңыз және қайта пайдалануға болатын материалдарды таңдаңыз. Егер қайта пайдалану мүмкін болмаса, қоқысты қайта өңдеңіз.

Төртіншіден, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті, автомобильді кезектесіп немесе велосипед пайдаланыңыз.

Америкалық саясаттанушы әрі эколог Альберт Арнольд Гор бір кездері «Біздің планетаның температурасы көтерілуде және оны түсіру мүмкін емес. Бұл экологиялық проблема – адам өміріне қауіп төндіретін негізгі процесс. Жаһандық жылыну адамның қауіпсіздігіне әсер етіп ғана қоймай, елдер арасындағы қақтығысты да күшейтуі мүмкін» деген болатын. Ортақ мәселенің алдын алуда әрбіріміз міндеттіміз.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: