Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» науқандық акция болмауы керек

20.06.2024, 10:40 103

«Тазалық табалдырықтан басталады»,  «Таза қала – ортақ үйіміз» деген секілді ұрандардың айтылып жүргеніне көп болды. Әрине, тазалықты кім жек көрсін!? Өзге өңірлерге қарағанда экологиялық жағдайы нашар Қызылорда облысының жасыл желекке оранып, көшет егуді дәстүрге айналдырғаны қуантады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде қарқынды түрде жалғасып жатыр. Акция аясында саябақтар, скверлер мен аллеялар аумағын абаттандыру, қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу сынды жұмыстар белсенді жүргізілді. Оған дау жоқ, өйткені оны көзіміз көрді, БАҚ беттерінен және әлеуметтік желіден оқыдық. Жалпы, тазалық акциясы науқандық ғана іс-шара болмауы  керек.

«ҮЛГІЛІ  ЕЛДІ  МЕКЕН»,  ҮЗДІК  БАЙҚАУ  ЕКЕН

Мемлекет басшысының «Ауылдық аумақ­тарды дамыту туралы» тапсырмасына сәйкес, облыс­тағы елді мекендер арасында та­за­лыққа, көркейту-көгалдандыруға,  абат­тандыруға ба­ғытталған «Үлгілі елді мекен» облыстық кон­курсы дәс­түрлі түрде жыл сайын өткізілуде. Байқау – туған  өлкені  жасыл-желекке айналдырып, табиғатты аялау­ға және экологияның жақсаруына өз үлесін қосатын әлеуметтік маңызы  бар  ерекше  жоба.

2023 жылы конкурс 2 мәрте көктем және күз айларында өткізіліп, облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Соның арқасында ауылдық аймақтарға қажетті арнайы техникалар – қалдық тасымалдаушы көлігі, жол тазалағыш, жер қазушы, тиегіш тракторлар, ассенизатор машина­сы, жүк тасымалдаушы көлігі секілді 29 техника жеңімпаз  елді  мекендерге табыс­талды.

ТАЗАЛЫҚ  ЖАСАП  ЖАРЫСҚАН  ЖАҚСЫ

Алғаш  рет  өткізілген көктемгі  конкурс­қа 7 аудан  орталығы,  24  ауыл  қатысып, «Үлгі­лі  аудан  орталығы» номинациясы бойынша 3 аудан орталығына және «Үлгілі ауыл» номинация­сы бойынша 3 ауылға арнайы коммуналдық техникалар табысталды. Күзгі конкурста да осындай талаптарға сай жеңімпаздар анықталған.

Биылғы жылы да конкурс жалғасын тауып, облыстық бюджеттен 436 миллион теңге бөлініп отыр. Оған 19 техника сатып алынып, конкурс  жеңімпаздарына  табысталады. Қазіргі  таңда  конкурсқа қатысушы елді мекен­дердің  құжаттары  жинақталып  жатыр.

Конкурс «Үлгілі аудан», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі елді мекен» номинациялары бойынша өткізіледі. «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша әр ауданнан 1 жеңімпаз елді мекен анықталады және оларға абаттандыру жоба­ларын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 15 миллион теңгеден беріледі. «Үлгілі аудан» номинациясына аудандардағы кенттер мен қалалар, «Үлгілі ауыл» номинациясына тірек және серіктес елді мекендер, «Үлгілі елді мекен» номинациясына тірек және серіктес елді мекендерден  басқа  елді  мекендер  қатысады.

«ҮЗДІК  АУЛАЛАР»  ҚАТАРЫ  АРТЫП  КЕЛЕДІ

Қызылорда қаласында «Үздік аула» номинациясы бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде конкурс ұйымдастырылып келеді. Мұны уақытын­да шаһар тұрғындары ерекше жобаға балаған еді. Әлі де солай. Себебі, қаза тазалығы  әр  үйден,  көшеден  басталады.

Мысалы, өткен жылы қала әкімдігінің ұйымдас­тыруымен өткен конкурс нәтижесімен Қызылорда қаласы, Абдрахманов көшесін­дегі №19  көпқабатты үйдің ауласы «Үздік аула» номинациясының  жеңімпазы  атанды.

Көпқабатты үйдің  аталмыш номинация­ның жеңімпазы атануына осы үйдің тұр­ғыны, зейнеткер Бердіқожа Кенжебаевтың үлесі зор. Ол өз күшімен көпқабатты тұрғын үйдің ауласы­на соңғы жылдары 100-ге жуық ағаш отыр­ғызып, ауланың жасыл желекке айналуына септігін тигізді. Ең бастысы, бүгінгі күні шаһарымызда үлгілі  аулалар  саны  артып  келеді. Бұл  да – жоба­ның  жеңісі,  жемісі.

ҚЫЗЫЛОРДАДА  ҚОҚЫС  ӨҢДЕУ  ПОЛИГОНЫ  САЛЫНАДЫ

Қызылорда қаласы аумағындағы қоқыс полиго­нына Корея Республикасынан инвес­тор тартылып, қоқысты қайта өңдеу зауытын салу жоспарланғаны жайлы ақпарат тарады. Шыны керек, қоқыс полигонынан қызыл­ордалықтар көп әбігер шекті. Сондықтан бұл жобаның  берері  мол  болады.

Бүгінгі таңда оңтүстіккореялық инвес­тормен Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан меморандумға қол қойылып, тиісті құжат­тар  әзірленуде.

Зауытқа 8 миллиард теңге шамасында қаржы салынып, жылына 300 мың тонна қалдық  сұрыпталып, қайта өңделетін болады. Нысан  2025 жылдың ІІ тоқсанына пайдалануға  беріледі  деген  жоспар  бар.

«ҚЫЗЫЛОРДА  ТАЗАЛЫҒЫНА»  ТҰРҒЫНДАР  РИЗА

Бүгінде Қызылорда қаласының тазалығы мен абаттандырылуына жауапты «Қызыл­орда тазалығы» мекемесі екі ауысыммен жұмыс атқарып келеді. Тазалық жұмыстарына бір мезетте 75 арнайы техника мен 200-ден астам жұмысшы шығарылады. Қыста қар жауса да, мекеме жұмысшылары сақадай-сай тұрады. Әрине, сын барлық жерде болады. Десе де, тазалық сақтамау шаралары тұрғындар тарапы­нан да жиі кездеседі. Қалай десек те, соңғы жылдары көпшіліктің тазалық мәдение­тін сақтауға деген ықыласы оянып келе жат­қандай.

Соңғы 2 жылда мекеменің материалдық-­техникалық базасын жаңғырту мақсатында 2 миллиард 153 миллион теңге бөлініп, оған қажетті техникалар алынған. Әлбетте, бұл аз қаржы емес. Дегенмен, жүйелі жұмыс үшін қаржы  қаралуы  тиіс,  қолдау  жасалуы  қажет.

Айта кету керек, коммуналдық саланың жұмысшыларына қолдау білдіру мақсатында оларға қоғамдық көліктерде тегін жүру қарас­тырылған  және  жылына бір рет шипажайларға  тегін  жолдама  беріледі.

Бұдан  бөлек, қаланы  көгалдандыру жұмыс­тарына қатысты биылғы жылдың басында қала­да арнайы «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, қала­дағы орталық көшелер, сквер, аллеяларды көркейту мен қаланың көгалдандыру жұмыс­тарын  жүргізуде.

«ЖАСЫЛ  ЕЛ»  ЕҢБЕК  ЖАСАҚТАРЫНЫҢ  ЖҰМЫСЫ  ЖАНДАНЫП  КЕЛЕДІ

Апта басында өңірде республикалық «Таза Қазақстан»  жалпыұлттық  экологиялық ак­ция­сы аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақ­тарының кезекті еңбек маусымының ашылу  салтанаты  өтті.

Іс-шараға еңбекші  жастармен қатар, во­лон­терлер, қала тұрғындары қатысты. «Жасыл ел» қозғалысы жастарды еңбекке баулып қана қоймай, ортақ идеялар төңірегінде топтас­тыруда. Жастарды іріктеу кезінде халықтың әлеуметтік  осал топтарынан шыққан балаларға өздерін көрсетуге, демалыс кезеңінде қосымша  табыс  табуына назар аударылып келеді.

«Жасыл ел» жобасы аясында биыл 1871 жас маусымдық жұмыспен, орналастыру, қажетті экипировкамен, белгіленген мөлшерде еңбек­ақымен  қамтамасыз  етіледі.

Қозғалыс мүшелерімен облыс көлемінде орналасқан мәдени-демалыс орындарында, аллея, сквер, алаңдар мен парктерде көгал­дандыру, аумақтарды қоқыстан тазалау шаралары  атқарылады.

Алғашқы  тазалық  маусымында 100-ге  жуық  еңбекші  жастар Қызылорда қаласын­дағы «Б.Шөке­нов саябағында» тазалау, сыр­лау, әктеу жұмыс­тарын жүргізіп, респуб­ликалық «Таза Қазақ­стан»  жал­пы­ұлттық  экология­лық  ак­ция­сына  өз  үлесін  қосып  үлгерді.

8  МЫҢ  ТОННАДАН  АСТАМ  ҚОҚЫС  ШЫҒАРЫЛҒАН

Айта кету керек, мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған экологиялық акцияға осы кезге дейін барлығы 191 мыңнан аса ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысып отыр. Нәтижесінде 8 мың  тоннадан (8426) астам қоқыс қалдық­тары  шығарылып,  елді мекендердегі 505 сквер мен парк, 225 тарихи мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік нысан, 1130 өнеркәсіп және бизнес нысаны,  289  су  объектісі,  24 445  аула  мен  көшенің бойы тазартылған. Бұл жұмыс­тарға 900-ге жуық техника жұмылдырылып, 129 мыңнан аса (129 358) өңірдің климатына сәйкес  жерсінетін қарағаш, терек және  сыр талы­ның  көшеті  егілді.

Иә, егіліп жатқан көшетте есеп жоқ. Ерте көктемде Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов  «көшет егуге де ғылыми көз­қарас керек» деп, арнайы мамандарды алдыр­ған бола­тын. Яғни, ғылыми тәжірибеге сүйе­ніп, жерсінген ағаштарды егу, ең бастысы, егілген көшеттерді суару жұмыстарын қолға алған жөн. Биыл аяқсу беру жұмыстары да ерте басталды. Тиісінше, арықтар да ертерек тазартылды. Осы күні су тапшылығына байланыс­ты қала ішіндегі  арықтарды бетондап, суды үнемдеу әдісін қолдану туралы ұсыныстар айтылып жүр. Сайып келгенде бәрі – экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау  және  тазалық мәселесі үшін атқарылып  жатқан  жұмыстар.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: