Бүгін, 23 наурыз – Наурызнама онкүндігі аясындағы Тазару күніне орай Арал ауданы көлемінде кең ауқымды экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен «Мөлдір бұлақ» акциясы табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған игі бастамалардың бірі ретінде бағаланды.
Ауқымды іс-шараларға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, табиғатты аялау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Ең алдымен Арал қаласындағы Ә.Нұрпейісовтің әдебиет үйінің ауласында тал отырғызу жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға аудандық дербес бөлім және мекеме басшылары, қала тұрғындары, жастар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, жалпыға ортақ сауапты әрі өнегелі іске көпшілік бірге жұмылды. Бұл игі іс қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталды. Руханият жаншырларының қара шаңғырағына айналған әдебиет үйінің ауласына барлығы 100 дана қара тал және терек ағаштары отырғызылды.
Сонымен қатар, бұл игі іс Қамыстыбас елді мекеніндегі Қамбаш көлінің жағалауында жалғасты. Демалыс аймағында тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, оған Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер мен ерікті жастар жұмылдырылды. Бұл іс-шара табиғи аймақтың тазалығын сақтауға үлес қосты.
Қосаман ауылдық округіндегі «Ыстық су» бұлағында да кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Жылдың төрт мезгілінде адам қарасы үзілмейтін бұл аймақта тазалық жұмыстары жоғары деңгейде өтіп, бұлақ басындағы демалыс орындарының да айналасы мен сыртқы келбеті ретке келтірілді.
Ал Қаратерең елді мекеніндегі Қасқақұлан өңірінде өткен санитарлық тазалық жұмыстарына «Барсакелмес» мемлекеттік мекемесінің қорықшылары қатысып, табиғи аумақтарды қорғау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылды. Бұл – елдің осы күні табиғатқа деген ерекше жанашырлығын көрсететін көрікті іс-шара.
Осылайша, Тазару күні аясында ұйымдастырылған экологиялық акциялар аясында аудан тұрғындары бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, туған жердің тазалығы мен көркеюіне бағытталған нақты істер жүзеге асты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!