Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенатор Үкіметтен елдегі топырақтың деградациясы мәселесін шешуді сұрады

08.02.2024, 12:30 367

HALYQLINE.KZ

Қазақстандағы жердің 75%-дан астамы тозып кетті. Сенатор Руслан Рүстемов Үкіметті осы саладағы проблемаларды шешуге шақырды.

Депутаттың айтуынша, Қызылорда облысында су тапшылығына байланысты шаруа қожалықтары жыл сайын ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға басымдық бере отырып, негізгі күріш дақылының көлемін қысқартуға мәжбүр болып отыр.

«Алайда, бұл шаралар топырақ тозуының алдын алуға қауқарсыз. Елдегі күріш алқаптарының 90 пайызын қамтитын Сыр өңірінде тұзданған жерлер аумағы ұлғайып, топырақтағы зиянды тұздар мөлшерінің өсуі салдарынан егіске қолайсыз жағдай қалыптасуда. Күріш егу көлемі қысқарған сайын, оның айналасында жұмыс істеп, отбасын асырып жүрген жұмысшы-механизаторлардың саны да қысқаруда», – деп атап өтті сенатор.

Депутат Рүстемов сондай-ақ Қазақтың топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының құрамын қысқартуға ұшырап жатқанына және әлеуеті төмендеп кеткеніне назар аударды. Сенатор осыған байланысты Қызылорда облысында мамандандырылған топырақтану зертханасын ашып, Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен жұмысты ғылыми жүйелеуді ұсынды.

«Зертхананың құрылуы өңірде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, облыс тұрғындарының әл-ауқат деңгейін, оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жаңа жұмыс орындарын арттыруға септігін тигізеді. Нәтижесінде, топырақ құнарлылығын арттыру арқылы тыңайтқыштарды оңтайлы пайдалану, сортты таңдау, ауыл шаруашылығы дақылдарын сынау және шығару, оларды өсірудің агротехнологиялық стандарттарына сәйкестігін ғылыми қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді», – деді депутат.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер:
  • Өте дұрыс, жердің әбден тозғаны рас, бұл жағдайдың алдын алу шаралары жасалса дұрыс болар еді. Күріш көлемінің жыл сайын қысқарып жатқаны да шындық. Сайып келгенде бұл дария суының жылдан жылға азайуынан туындап отырғаны белгілі. Меніңше дария суын жоғарыдағы көршілермен тең пайдалану жөнінде мемлекетаралық мәселелерді шешу жолдарын қарастыру керек.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: