Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Санитарлық тазалық пен бірқатар өзекті мәселе қаралды

26.03.2026, 9:30 30

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен Сырдария өзеніндегі көктемгі су көтерілу кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аудан аумағындағы санитарлық тазалық мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Жиында Сырдария өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты атқарылатын жұмыстар жан-жақты талқыланды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, «Көктөбе» су бекеті арқылы облыс шекарасына секундына 850 текше метр су келуі күтілуде. Осыған орай, аудан басшысы тиісті сала басшыларына су басу қаупі бар аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлдер жүйесі мен жайылымдық жерлерге суды тиімді бағыттау, қорғаныс бөгеттерін нығайту және инженерлік инфрақұрылымды ретке келтіру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар жағалауларды бекіту, бөгеттерді жөндеу, каналдар мен арықтарды тазалау, су өткізгіш құрылғыларды жаңарту жұмыстарын белгіленген жоспарға сәйкес сапалы әрі уақытылы жүргізуді қатаң тапсырды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында эвакуациялық пункттердің дайындығын пысықтап, түсіндірме және оқу-жаттығу шараларын тұрақты өткізу қажеттігін атап өтті.

Мәжілістің күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар да қаралды. Осы ретте аудан әкімі Әйтеке би кенті мен ауылдық округтердің санитарлық тазалығын сынға алып, бірқатар кемшілікті атап өтті.

Тазалық жұмыстарын жүйелеу, елді мекендердегі қоқыс мәселесін шешу, абаттандыру мен көгалдандыруды күшейту, заң талаптарын сақтамай, белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған тұрғындарға қатысты әкімшілік шараларды күшейту қажеттігін ескертті.

Жол бойындағы санитарлық тазалық, әсіресе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойындағы тазалық мәселесін қамтамасыз ету бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.

Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі барлық жауапты тұлғаларға берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: