Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елімізде су саясатына еш мән берілмей келді

28.09.2023, 10:40 245

Жаман айтпай, жақсы жоқ, бірақ «су үшін соғысатын күн алыс емес» деген болжамды соңғы кездері мамандар жиі-жиі айтып жүр. Ол жағдай болмас үшін елімізде қазақ суының стратегиялық саясаты қалыптасуы керек. Бұған дейін су саясатына еш мән берілмей келгені жасырын емес. Тіпті, су мамандары, экологтар мен қоғам белсенділері Су министрлігінің керек екенін көптен бері қозғап келеді. Су тақырыбын зерттеп жүрген сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаевадан еліміздегі су саясатындағы салғырттықтар төңірегінде сұраған болатынбыз.

Сарапшының пікірінше, Су комитеті әр министрліктің  босағасында  жүріп  көп  игілікті  жоғалтқан. Сондықтан, Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуынан ел мұрабтары  көп  үміт  күтетінін  айтады.

– Осы уақытқа дейін әр министрліктің  босағасында  жүрген Су комитеті ел мен су мүддесі жолында көп игілікті жоғалтты. Ең әуелі, су мамандары, мықты кадрлар  бағаланбады. Министрлікте қазақ суының мүддесін қорғайтын кадрлар қалыптаспады.

Трансшекаралық  сулардың   бөлінісінде  Қазақстан  әлі  ұтылып  келеді. Қазақстанда мемлекеттің ең бағалы, стратегиялық байлығы су саясатына  мән  берілмеді.

Мәселен, Су Кодексінде трансшекаралық  сулардың  құқықтық аспектілері  мүлде  ескерілмеген. Кодексте тек ішкі  суларды  пайдалануға, ауылшаруашылыққа қажетті суларды реттеуге  ғана  маңыз  берілген.

Осы жылдар ішінде ішкі су жолдарын аршуға, тазалауға, жөндеуге триллиондаған қаражат жұмсалды. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Сол 50-60 жылғы тозған гидроқондырғылар. Әлі де су тораптарында қолмен іске қосылатын механизм «сақалдары» сапсиып тұр. Озық елдерде бәрі цифрланған. Бүкіл ел бойынша көрініс осындай, – дейді  Айткүл  Жетібайқызы.

Журналист  бұған  дейін  еліміздегі  су  мәсе­лесіне қатысты Үкіметке  ұсыныс жасаған еді. Онда Қазақстандағы су саясатының әлсіз екенін мойындап, су саясатын күшейтуді шұғыл қолға алуды сұраған. Сондай-ақ, «Су саясатын Ұлттық Қауіпсіздік дәрежесіне кө­теру  керек»  деген  ұсыныс  та  айтқан  болатын.

– Ішкі шаруашылық суларын реттейтін ОДСП мекемесінің жұмысын күшейту үшін заңға тиісті нормалар енгізу қажет. Жалпы қазақ суына құрбандықпен еңбек етіп жүрген су саласы қызметкерлері мен жұмыскерлерінің жалақысы мардымсыз. Олар – маңдайын күнге күйдіріп, табанын тасқа тілдіріп жүрген бейнетті мамандықтың иелері. Қазақстанда суды пайдалану, реттеу, сақтау саясаты болмағандықтан, трансшекаралық суларды пайдалануда есеміз кетті. Судың бастауындағы көршілер қазақпен есептесуді жөн көрмейді, мәмілесуде өктемдік танытатыны да шындық. Су Кодексі әлі қабылданған жоқ, – деді Айткүл Шалғынбаева.

Мемлекет  басшысы   Қасым-Жомарт  Тоқаев «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйе­сін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналы­суы қажет деп санаймын» деп Су ресурс­тары және ирригация министрлігі құрылатынын айтқан-ды. Кейіннен Нұржан Нұржігітов жаңа министрлікке басшы болып тағайындалды. Шынында, бұл министрліктен су саласының мамандары ғана емес, ел-жұрт та көп үміт күтеді. Өйткені, су саласында жібер­ген қателігіміз баршылық. Енді білікті кадрлар шоғырын қалыптастырып, техникаларды жаңартып, су саясатында елімізге қолайлы шешімдер  қабылдануы  керек.

Мамандар елімізде қазақ суының стратегия­лық саясаты толық қалыптаспайынша, алдағы жылдар мен ғасырлар су үшін болатын соғыс заманына айналуы мүмкін екенін растап отыр. Жалпы, су тапшылығы әлемде бар. Трансшекаралық сулардың бөлінісінде Қазақстанның әлі ұтылып келе жатқанын бәрі біледі. Диқандардың көктем шығар-шықпастан жан-жаққа жалтақтайтынының өзі көп жыл бойы біраз нәрсені  ұғындырған  да  шығар.

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: