HALYQLINE.KZ Экологиялық аймақ саналатын Қызылорда облысында да қоқыс сұрыптайтын кешеннің қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын салу мәселесі қаузалып келе жатқанына бірнеше жыл уақыт болды. Аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС және «Қызылорда тазалығы» мекемесі мен әкімдік үшжақты әріптестік аясында қала маңындағы Белкөл кентінен жаңа қоқыс полигоны жобасын жүргізуді қолға алған. 1 млрд 300 млн теңгені құрайтын, 2019 жылдың қарашасына дейін аяқталады деген құрылыс қашан пайдалануға беріледі? Мәселенің анық-қанығын білмекке облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хабарластық.
– Белкөл кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды (қоқыс) тастайтын ескі полигондағы қоқыстарды сұрыптаумен 2004 жылдан бастап «Ибрайхан и К ЛТД» ЖШС айналысып келді. Ал, 2020 жылдың 15 сәуірінен бастап аталған тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны «Қызылорда-Тазалығы» ЖШС-ға табысталды. Сонымен бірге Қызылорда қаласында қоқыс сұрыптау кешенінің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу және сыртқы инженерлік желілерді жүргізу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа полигон Белкөл кентінен 4 шақырым жерде орналасқан. Аумағы – 20 га. Қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыптау қуаттылығы – 60 мың тонна. Жоба мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында іске асырылуда. Жаңа полигонды 2020 жылдың ІІ тоқсанында іске қосу жоспарлануда, – деген жауап келді аталмыш басқармадан.
Айта кетейік, аймақ бойынша заңдастырылған қоқыс алаңын Қазалы ауданында «Қазалы-Көркем-Сервис» ЖШС, Шиелі кентінде әкімдікке қарасты «Сазқұм» кооперативі, Жосалы кенті мен Ақай ауылдық округінде әкімдік аппаратына қарасты мекемелер игеріп отыр.
– Аймақтағы өндіріс кәсіпорындары мен заңды және жеке тұлғалардан, яғни табиғат пайдаланушылардан қоршаған ортаға 236 325 913 теңге шығын келсе, салынған айыппұл көлемі 109477432 теңгені құрады. Облыс көлемінде жылына шамамен 148-150 мың тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады. Оны қайта кәдеге жарату немесе игеру әзірге 14 пайызды құрап отыр. Жалпы облыс бойынша санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру мен абаттандыруға 2020 жылға 544 млн теңге бөлінді, – дейді Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті басшысы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Т.Аптикаликов.
Халық денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды игеретін полигон аймаққа қарасты Арал, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарына да салынуы керек. Әйтпесе, тұрғындар мен өндіріс компанияларының кесірінен табиғатқа залал келуде.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!