Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дүниеден өтті жақсы адам

03.06.2025, 10:55 381

HALYQLINE.KZ

2025 жылдың 1 маусымында 89 жасында қырым татарларының батыр қызы, тарихшы, журналист және құқық қорғаушы Айша Сейітмұратова қайтыс болды. Өмір бойы өз халықының өз жерінде өмір сүруі үшін күресін тоқтатқан жоқ. Сол үшін түрме мен лагерьде отырды, жер аударылды.

Кеше, 2 маусым күні Семфериполь қаласының Белое ауданындағы Кедеров көшесі 4-үйде жаназасы болды. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, Айша апа.

«Халық» газетінде 2007 жылы жазылған мақаламды ұсынып отырмын.

(Ашық дереккөзінен алынған фотода: Айша апамыз АҚШ президенті Рональд Рейганның қабылдауына сол жақта бірінші отыр).

ҚЫРЫМ  ТАТАРЛАРЫНЫҢ  ТАҒДЫРЫ

1942 жылдың жазында фашистер Еділ мен Қырымға жақындағанда жау жағына шығып кетеді деп қауіптенген Бас қолбасшы Сталин Қырым татарларын, түрік-месхитин, т.б. халықтарды Қазақстан мен Орта Азияға, соның ішінде Қырым татарларын Өзбекстанға күштеп көшірді. Патша заманында 25 жыл бойы отаршылдарға қарсы соғысқан шешен, дағыстан, құмық, т.б. тау халқының күресін бастаған Авар халқының батыр ұлы имам Шәмілдің сенімді жауынгерлері осы Қырым татарлары болды, оларға деген сенімсіздік осыған байланысты болса керек.

Ұлы Абай ақынымыз да: «Солдатқа да шыдайды, кедейлікке де, қазаға да шыдайды, молда, медресе ұстап дін күтуге берік» деп, бұл халыққа әділ бағасын берген болатын.

Соғыс аяқталған соң шешен, неміс, т.б. халықтар ақталып, атамекеніне көшіп кетті. Өздерінің жеріне көшуге Қырым татарларына ғана тыйым салынды. Басты себеп Қара теңіз жағасының табиғаты әсем еді, сірә ол жерде славян халықтары тұрғаны дүрыс деп шешкен болуы керек. Содан бастап жалған айыптан ақталмай қалған осы қаһарман халықтың тәуелсіздігі үшін күресі басталды.

Күресті татар халқының өжет қызы Айша Сейітмұратова бастады. Самарқанд университетінің тарих факультетін қызыл дипломмен, Москвадағы аспирантураны да үздік бітіріп, кандидатық дессертацияны қорғауға бір ай қалғанда, өзін не күтіп тұрғанына қарамастан осындай қадамға барды.

1967 жылдың 21 маусымында КПСС-тің кезекті Пленумы өтіп жатқанда Айша Сейітмұратова өз халқының 20 өкілімен ел басшыларымен кездесуді талап етіп, соған қол жеткізді. Бір таңғаларлығы, оларды үш орган басшысы КГБ шефі Ю.Андропов, МВД басшысы Н.Шелоков, Бас прокурор Р.Руденко қабылдады.

Көп ұзамай 1967 жылдың 5 қыркүйегінде СССР Жоғары Кеңесі Президумының Жарлығы шықты. «Бұрынғы Қырымда тұрған татар халқының азаматтары туралы» деген атынан көрініп тұрғандай, оларды «сатқын» деген жала алынып тасталғанымен, атамекенге қайтару туралы ештеңе айтылмады. Бұл жарлық жағдайды ушықтырып жіберді. Өз наразылықтарын білдіру үшін Москваға жазбаша арызданып келген қырым татарларын тұтқындап, ұрып-соғып, келген жақтарына қайтарып отырды. Ол жақта КГБ-ның бақылауына алынды. Өзбекстанда демонстрация мен митингіге шыққан қырым татарларын милиция мен солдаттар күшпен таратты, ұйымдастырушылары тұтқындалып, сотталды.

Батылдары мен қаржысы барлар Қырымға барып үй сатып алып тұра бастағанда, үйлерін бульдозермен қиратып, ұрып-соғып, Өзбекстанға жіберілді. Қырымдағы орыстар мен украиндардың ұлтшыл жастары қырым татарларын ұрып-соғуы күнделікті әрі қалыпты жағдайға айналды. Қолдан жасалынған айыптар бойынша 300-ден астам қырым татары сотталды.

СССР Министрлер Кеңесі Қырым татарларының паспорттық тіркеуін қатаң бақылауға алатын шешім шығарды. Бұдан былай Қырымда пәтерін жалға беретіндердің өздері басқа жаққа жер аударылатын болды. Бұның бәрі КПСС Орталық Комитеті жанынан құрылған комиссияның сценарийі бойынша іске асырылған болатын. Кейін Н.С.Хрущев кезінде өзі басқарған Украин ССР-не бүйрегі бұрып, Қырымды украиндарға қосып жіберді. 1971 жылы Айша Сейітмұратова екінші рет ұтқындалып, 3 жылға сотталып, жазасын Мордовия лагерьлерінде өтеді. 1979 жылы АҚШ-тан баспана сұрап, сол жақта күресін тоқтатқан жоқ. СССР тараған соң Қырымға қайтып келді. 2007 жылы 70 жасқа толуына байланысты Украина президенті Петр Ющенко 1-дәрежелі «Батылдығы үшін» орденімен марапатттады. Қазір қайырымдылық шаралармен айналысады.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: