Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Достық әнін шырқайық!

02.05.2025, 10:00 297

HALYQLINE.KZ

Кеше Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қазалы ауданында мерекелік салтанатты ісшара өтті. Ұлтты ұйыстырып, береке мен бірлікке, татулық пен ынтымаққа үндейтін бұл мереке «Достық әнін шырқайық!» атаумен Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда ұйымдастырылды. Мәдени-көпшілік іс-шараға аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, бірлік мерекесін ерекше көңіл күймен атап өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев сөз сөйлеп, барша қазалылыққа аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің мерекелік құттықтауын жеткізді.

— Татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символына айналаған бұл мерекенің еліміз үшін орны ерекше. Өйткені, мереке Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт пен ұлысқа ортақ. Сондықтан, бүгінгі мерекені ел бірлігін сақтауға айрықша үлес қосатын айтулы күн есептеймін. Бүгінде ауданымызда орыс, корей, татар, өзбек, украин, башқұрт, грек, қырғыз, түрікмен, неміс сынды 10-нан аса түрлі этнос өкілдері әлеуметтік, шаруашылық пен өндіріс салаларында татулықпен еңбек етіп, аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосуда. Олар өздерінің ана тілдерін, салт-дәстүрлерін дамытумен қатар, «Тамыр терең, тарихы кенен Қазалы» жерінде достықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осындай ынтымақ пен бірлігіміз барша қазалылықты мол табысқа жеткізуде. Алдағы уақытта да аудан халқының береке-бірлігінің, ынтымағының, ауызбіршілігінің арқасында ел игілігіне бағытталған айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге аса берсін, — деді Жалғас Оңғарұлы.

Мерекелік құттықтаудан кейін Жалғас Сүйеубаев түрлі салада жемісті еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар ұлт өкілдеріне аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

Мерекелік іс-шара барысында «Мәдени құндылықтар – ұлт қазынасы» атты көрме, «Бір шаңырақ астында…» атты үздіктер шеруі өтіп, бейбітшіліктің белгісі саналатын ақ көгершіндер көк аспанға самғады.

Мұнан соң аудан өнерпаздары жырдан шашу шашып, ұлттар достығы мен бірлігін дәріптейтін қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: