«Қиындатпаңдар, жеңілдетіңдер, қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер»
Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с)
«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз бар қазақта. Соңғы кездері бұл тәмсілдің растығына куә болып жүрміз. Алдын ала ескерте кетейік. Бұл мақала арқылы қандай да бір дін өкілін қаралау ойымызда жоқ. Ширек ғасыр тарихы бар, атамекенде Яссауи заманынан бері тамырын терең жайған Ислам дінін айыптаудан аулақпыз. Басты назарымызда – діни «фанатиктер», асыра сілтеушілер. Бұл мақаламызда бүтін дінді емес, дін төңірегінде жүргендерді талқылаймыз.
Ең алдымен діни фанатизм ұғымына анықтама бере кетейік. Діни фанатизм – қандай да бір діни қағидаға, көзқарасқа жақын болу. Яғни, діни фанатизмге бой алдырған адам рационалды ойлауға бейім болмайды. Керісінше, діни принципті өзі қалай ұстанса, орындаса, айналасынан да соны талап етеді. Олар көбіне ұлттық мүдде мен құндылықты діннен кейін қояды, сәйкесінше бұл топтағы адамдардың қоғамға пайдасынан зияны көп. Сөз басында айтып өткендей, дінге еш қарсылығымыз жоқ. Діннің имиджін құртып отырған – дінді ұстанушылар. Бәрімізге белгілі, қай әлеуметтік, экономикалық статистикаға сүйенсек те, қай сфера бойынша алсақ та, көш басында Еуропа елдері, байырғы скандинавтар – Исландия, Норвегия, Швеция сынды мемлекеттер. Ал көш соңында ше? Көбіне мемлекеттік діні Ислам саналатын Азия құрлығының шығысында орналасқан Сирия, Ауғанстан, Йемен, Иран мен Ирак. Бұл жақта террорлық ұйым көп, бірінің тіпті билігін құлатып, өздері иелік еткен, өздерін ислами-саяси ұйым санайтын экстремистік ұйым «Талибтер» басқарады.
Аталған ұлттардың бір-бірімен соғысып, дінге таласып жүргелі біраз жылдың жүзі болды. Бұл жақта әйел құқығы атымен жоқ, балалар қауіпсіздігі сақталмаған, құлиеленушілік әлі бар, ақылға қонымсыз салт-дәстүрлер де кездеседі. Қысқасын айтқанда, Шығыс Азияда демократия қалыптаспаған. Көпшілік бұл сәтсіз позицияға діни фанатизмнің қатысы жоқ, ұлттық менталитеттің кінәсі деуі мүмкін. Осы тұста тарихи жайттан мысал келтірейік. Жалпы, Иран мемлекетінің бүгінгі жағдайы көпке мәлім. Бітпейтін соғыс, Ирандағы еркектер бір тал шашы көрінген әйелді сабауға бар. Онда қазір санкциядан көп нәрсе жоқ. Біз секілді YouTube, Instagram қолданбайды, өз желілері бар. Тіпті Visa-лары да бөлек деседі. Ал сіз Иран халқы шамамен жарты ғасыр бұрын «еуропаша» өмір сүрген десек, сенер ме едіңіз? 1978 жылдың қаңтар айына дейін Иран болашағынан үміт күттіретін, прогрессивті мемлекет-тұғын. Мемлекет басқарған жас басшы АҚШ, КСРО секілді ірі мемлекет-одақтармен тығыз қарым-қатынаста болды. Әйелдер қауымы еш қиындықсыз Бағдат көшелерінде хиджаб, никабсыз жүре беретін. Жастар Queen, AC/DC секілді музыкалық топтардың әуенін тыңдап, еліктейтін тұсы еді. Алайда, 1979 жылы болған революция жағдайды түбегейлі өзгертті. Жақсы жағы сөз бостандығы қайта орнады, мұнай компаниялары жекеменшікке айналды, монархиялық режим солайымен жойылды. Десек те, билікті қолына алған діндар көшбасшылар аздаған уақыт ішінде дамушы мемлекетті авторитарлы ислами сектаға айналдырды. Елде патриархат орнады, әйелдер бетін жабуға мәжбүр болды. Себебі, бұған көнбегендерді жұрттың көзінше жазалау сол кездегі билікке еш қиындық туғызбады. Діни қағидаға сәйкес алькогольді сусындарға тыйым салынды, Иран салт-дәстүріне, Ислам дініне қайшы әлем әдебиеттері, ақпараттық басылымдар, кинофильмдер толық жойылды. Дәлірек айтсақ, Иран бүгінгі Солтүстік Кореяның күйін кешті. Ислам саясатының әкелген жалғыз плюсі – халық саны. Революция орнағалы бері халық саны екі еседен аса көбейген. Қазіргі таңда Иранда бас-аяғы 83 миллион адам өмір сүреді.
Осы орайда керісінше мысал келтіруді жөн көрдік. Мұстафа Ататүрікті бәріміз білетін шығармыз. Осыдан 100 жыл бұрын Осман империясы жойылып, Түрік республикасының негізі қаланды. Билікке келген Мұстафа Кемал жаңа ілкімді істерді місе тұтты. Бұл заманауи, зайырлы «еуропашыл» Түркияның дүниеге келуіне түрткі болды. Мұстафа Кемал мейлінше дінді саясаттан алыстатуды жөн көрді. Сәйкесінше, халифат жүйесін жойды. Кемалистер Ислам ортодаксиясына қарсы шыға отыра, мемлекетті толықтай зайырлы етті. Жаңа көшбасшы Ислам қағидаттарынан тұратын заңдар мен дәстүрлерге нүкте қойды. Сонымен қатар, Еуропаның философиялық идеяларын негіз етіп жаңа заң жүйесін енгізді. Мешіттер мен басқа да діни орындарды мемлекеттің қарамағына алып, құранды түрік тіліне аудартты. Бірақ сол кездері құранды өзге тілге аудару кешірілмес күнә еді. Кемалдың әйел теңдігіне қосқан үлесі де орасан зор. Ататүріктің келуімен нәзікжандылар сайлауға дауыс беруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, ашық, батыс стилінде киінуге де рұқсат етілді. Тоқетері, түркі халқы соншалықты үркіген империяның құлдырауы керісінше Түркияның жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Түркияның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы, туристік ел атануы, сауда-саттық жүйесінде көш басында болуы Ататүріктің арқасы десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан да Мұстафа Кемал әлі күнге дейін Түркияның ең ұлы саяси өкілі, мүйізі қарағайдай аңызы саналады.
«Мас болып отырып біреуді өлтіріп алған адам кейін есін жиғанда істегені үшін өкінуі мүмкін. Ал діндар адам өкінбейді. Ол өзінің істеген қылмысын өзінің миссиясы деп санайды. Мысалы, Шарли Эбдоның редакция мүшелерін бауыздап шыққан адам өкінбейді». Бұл – «Dope Soz» подкастына келген журналист Дархан Әбдіктің сөзі. Әрине, оның бұл әңгімесі исламофоб-атеистікіне келіңкіреуі мүмкін. Десе де, тележурналистің сөзінің расымен жаны бар. Қазір қос дін өкілдері түгілі, бір дінді бөлісе алмай, неше түрлі сорақылыққа барып жүргендерді көзіміз шалып жүр. Дағыстанда кеше ғана болған жайтты мысалға алсақ болады. Белгісіз адамдар Махачкала, Дербент қаласындағы шіркеулерге шабуыл жасаған. Нәтижесінде 22 адам еш кінәсіз қаза болды. Дін арасындағы алауыздық қаншама адамның өмірін жалмады.
Бүгінде ана хадисті бір айтып, мына хадисті бір айтып, нақты ойын жеткізе алмайтындар көбейді. Өнерді, ғылым мен руханиятты сынайтын дін қызметкерлерін көріп те жүрміз, естіп те жүрміз. Бірі домбыра харам дейді, жылқының етін арам санатына қосатындар да бар… Ешкімнің неге деген қарапайым сұраққа жауап бергісі жоқ. Әр ғұламаның айтары әртүрлі. Ғұлама дегеннен шығады, жалпы Ислам дінінде хадис құрылымының бүлінгеніне біраз болды. Жалпы, Мұхаммед пайғамбардың жан досы, серігі Халиф Хазрат Әбубакр бас-аяғы 500 хадис қалдырып кеткен екен. Одан кейін 700 жылдары өмір сүрген ғалым Ибн Шихаб аз-Зуһри қолға жеткен, жазылған хадистер санын 1500-2000-ға жеткізген. Бір қызығы, арада жүз жыл өтіп миллион хадисті жатқа айтқан Ибн Ханбаль атты ғұлама шығыпты. Дінтану ғылымдарының докторы, Түркияның дін істері министрлігінің қызметкері Али Ақынның өзі мұны үлкен абсурдқа санайды. Айтуынша, хадис таралу барысында үлкен хальсификация орнады. Және бір-біріне қарама қайшы келетін хадистер көп кездеседі. Сондықтан, біз тыңдап жүрген имам-ұстаздардың әр айтқан сөзін расқа балап, салт-дәстүрге, өнер мен ғылымға деген көзқарасымыздан айнып қалмағанымыз дұрыс.
Асыра сілтеушілер өз заманының ұлыларын қашанда қудалап келгені бесенеден белгілі. Стивен Хокингтің ауруын келемеждеп, атеист болғанының кесірі, өзіне сол керек деуші діндар азаматтар бар. Онымен қоймай, Дарвиннің эволюция теориясын түбегейлі болмадыға шығаратындардың кері сонау Әл Ғазали кезеңінен бастау алған болу керек. Исламның алтын ғасырында қыпшақ Әбу-Наср Әл Фарабидің еңбектерін Ғазали сандыраққа санағаны мәлім. Оның сынына түскендердің қатарында атақты дәрігер-ғалым Ибн Сина да бар. Сондағы Әл Фарабидің бар кінәсі антика дәуірі философтарының еңбектерін зерттеп, Аристотельді «дана ұстаз» санауы еді.
Өткенде әлеуметтік желіден бір видеоны көзім шалып қалды. Имамның аты-жөні есімде жоқ. Жиылған жұрт ішінде баласы да, кәрісі де бар. «Ешқандай дипломның керегі жоқ! Магистратура оқимын дейді, PhD қуамын дейді. Арғы дүниеде саған үш ғана сұрақ қойылады ғой, қанша жылғы білімің сонда қайда қалады?» дейді. Асыра сілтеушілер арасында дінді тек қорқынышпен ұстап, ақыретті ғана ойлау кәдімгідей пропагандаға айналғандай. Инфрақұрылым, медицина, ақпараттық технологиялардың дамуы – ғылымның арқасы. Ғылымда кімнің қандай дін екені, нәсілі қандай, ұлты кім екені рөл ойнамайды. Атеистің ойлап тапқан микрофонын аузына тақап, ғылымды келеке етіп, текке уақыт құрту деуі – Абайдың «арамза молда» образының прототипі деуге толық негіз бар.
Қорытындылай келе, мәселе діннің өзінде емес, ұстанушыларда деген тұжырымға келдік. Дін – жаман әдеттерден арылтушы, мейірімділіктің, адалдықтың әрі әділдіктің символы іспеттес. Дін мен ғылымды, саясатты үш санатқа бөліп, шиеленістірмеген ұлт ғана дамуға қауқарлы. Жалпы идеология атаулы қазаққа жақсылығымен есте қалмаған. Діни фанатизм де – коммунизм мен социализм секілді үлкен идеология, диктатура мен тоталитаризмнің бір бөлігі. Мақаламызды ұлы ғалым, әдебиетші Мұхтар Әуезовтің 1918 жылы «Абай» журналына жариялаған мақаласындағы үзіндімен қорытындаласақ. «Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп – діни фанатизм, ескі ғұрып-ғадат. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатасын жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді».
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!