Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Демография – дамудың діңгегі

07.12.2023, 12:20 308

XX ғасырдың басында Әлихан Бөкейханұлы: «Әлхамдулиллах, 6 миллионға жеттік» деп сүйіншілеген еді. Шүкір, 20 миллионға жеттік! Қуанышты жаңалықты алғашқы болып Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бөлісті. Бағалай білсек, бұл – ел ретіндегі ең үлкен  жетістігіміздің  бірі.

СЕРТИФИКАТ  КІМГЕ  БҰЙЫРДЫ?

2017 жылы 11 мамырда Талдықорған қаласында Муслима Саматқызы есімді 18 миллионыншы тұрғын туған-ды. 2021 жылдың 20 мау­сымында Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы 19 миллионыншы азаматы ретінде тіркелген еді. Арада  екі  жыл өткенде 1 миллион  адамға  көбейіп, 2023 жылдың 14 қарашасында сағат 08:10-да Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облысында 5 сәби туып, 20 миллионыншы адам болды. Яғни соңғы 3-4 жылда 1 миллион адамға көбейіп келе­міз. Бұл – жақсы  көрсеткіш.

Елдің 20 миллионыншы тұрғыны атанған бес сәбидің бірі – Мұхаммад Қосай. Атырау қаласында өмірге келген сәбиді ата-анасы төрт жыл күтіпті. Бақытты сәбидің бірі Ұлытау облы­сының Жезқазған қаласында дүние­ге келді. Оның есім-сойы – Томирис Ақылбек. Үйінің тұңғышы, ата-әжесінің алғашқы немере­сі. Түркістан облысының Жетісай ауда­нындағы Шакеновтер отбасындағы сәбидің есімі – Әлімхан Асқар. Ақмола облысында – Ясина, ал Жетісу облысында Айсұлтан есімді сәбилер  ата-анасын  қуантты.

Талдықорғанда тұратын Мұхтар Әзімбаев­пен хабарласқанымызда: «Айсұлтан – біздің төртінші баламыз. Оның дүниеге келуі жалпы­халықтық оқиғаға айналды. Енді баламызды білімді, білікті, белсенді етіп тәрбиелеу – біздің негізгі  міндетіміз»  деп  жауап  берді.

Елдің «20 миллионыншы тұрғыны» деген сертификатты алып, ата-анасы мен ата-әжесі қуанып жатқанда, Үкімет 2 миллион теңгенің сертификатын табыстап, мерейлі отбасылардың  қуанышына  қуаныш  қосты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы бала туу деңгейі жоғары болып, 446 мың бала дүниеге келді. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. 1991 жылы 1000 тұрғынға шаққанда өлім-жітім 8,2 болса, 2022 жылы 6,8 адамға төмендеді. Бәрекелді! Халқымыз өсіп-өніп, көбейе берсін! Өйткені саннан сапа шығады. Сапасыз ұлт өркендеу жолын табуы қиын. Өйткені демография – даму­дың  діңгегі.

Осы жерде «25 немесе 30 миллионға қашан жетеміз?» деген заңды сауал туады. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуіне сүйеніп, бұл сұраққа жауап беруге болады. Халықаралық ұйым 2050 жылы қазақстандықтардың саны 25 миллионға, 2100 жылы 30 миллионға жетеді деген  болжамы  бар.

Демографтар мен әлеуметтанушылардың сөзінше, қазіргі табиғи өсім 1980-1990 жылы аралығындағы аналардың арқасында қалыптасты. Ал 1990-2000 жылдары туған аналар демогр­афиялық ахуалға деген көзқарасы өзгеше, олар бір-екі баламен шектелуді дұрыс санай­ды. Яғни келешекте ел бойынша бала туу деңгейі төмендейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосуының бір себебі – осы үдерістің алдын  алу  болса  керек-ті.

АСТАНАНЫҢ   ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ   АХУАЛЫ

2023 жылы Астана қаласының тұрғыны 1 миллион 371 мың адамға жетті. Егер 1998 жылы 275,3 мың адам болғанын ескерсек, 25 жылда көші-қон және табиғи өсім нәтижесінде 1,1 миллион адамға көбейді. Бұл – ел тарихы­ндағы  рекордтық  көрсеткіш.

Статистикалық деректерде 2000 жылы Астана қаласында 381 мың адам тұрса, 2003 жылы 502 мыңға жетіп, жарты миллиондық мегаполис болды. Әр бес жылды саралайтын болсақ, 2005 жылы – 529,3, 2010 жылы – 684, 2015 жылы 852,9 мың адамға жетті. 2016 жылы Астана  күні  қарсаңында  миллионыншы  Саи­да есімді тұрғын дүниеге келді. Қала тұрғыны Олжас пен Арайлымның  тұңғышы  бүгінде  7 жаста. 2020 жылы бас қаланың тұрғын саны 1 млн  136  мыңға  жетті.

Әлеуметтанушы Айнұр Анарбекова 2000 жылдардың  басында  елордада  халық санының артуына көші-қон үдерісі оң әсер етсе, соңғы жылдары бала туу көрсеткіші көбейіп келе жатқанын айтты. Мәселен, 2003 жылы 6449 бала дүниеге келсе, табиғи өсім 3163 адамды құрады. 2005 жылы 9,1 мың сәби туса, 3,6 мың адам өлді. Яғни табиғи өсім 5,5 мың болды. Ал көшіп келгендер – 26,8 мың, көшіп кеткендер 11,1 мың адамды құрады. 2010 жылы туғандар саны – 17,4 мың, өлгендер саны – 3,1, табиғи  өсім  14,1  мың  болса,  көшіп  келгендер – 59,3 мың, көшіп кеткендер 25,5 мың болды. 2015 жылы туғандар саны – 26,1 мың, өлгендер саны – 3,8 мың, табиғи өсім 22,2 мыңды құрады. Көші-қон айырмасы 2,4 мың болды. 2020 жылы туғандар саны – 28,7 мың, өлгендер саны – 4,3 мың, табиғи өсім 24,4 мың болса, көшіп келгендер – 122,2 мың, көшіп кеткендер 97,3 мыңға жетті. Яғни Астана қаласында көші-қон үдерісімен қатар, бала туу көрсеткіші де  артып  келеді.

Астана  қаласында  әйелдерге  жүктілік, босану, босанғаннан кейінгі кезеңдегі көмек және жаңа туған нәрестелерге стационарлық медициналық жәрдем 550 орынды қамтып тұрған  негізгі  үш ұйым да  іске  асырылып  жатыр. Кейінгі  10  жылда бала туу 41 пайызға  артты. 2012 жылы – 19,5 мың, ал 2022 жылы 31,7 мың  бала  өмірге  келді.

Егер өзге өңірлерде де табиғи өсім Астана қаласындағыдай болса, онда Қазақстан дамудың жаңа деңгейіне көтерілер ме еді?! Алайда біздің Үкімет демографияға маңыз беретін болса, әлеуметтік-экономикалық мәселелер туындайтынын түсінеді. Демограф, саясаттанушы Әзімбай Ғалидің сөзінше, ел экономикасы халықтың өсуін көтере алмаса, онда шектеу шараларын қолға алады. Мысалы, Астана қаласында халықтың көбеюіне сай әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мүмкін болмай, үшауысымды  мектеп  мәселесі  туындады.

ОРТА  АЗИЯМЕН  САЛЫСТЫРҒАНДА

Орта Азия елдерінің демографиялық сипатын саралайтын болсақ, 1991 жылы Қырғыз­станда халық саны 4 миллион 464 мың адам болса, 2022 жылы 7 миллион 38 мың адамға жетіп, 2,5 миллион адамға көбейді. Демографиялық көрсеткіш Тәжікстанда едәуір жақсы. 31 жылда 5 миллион 338 мың адамнан 9 миллион 886 мыңға жетті. Тәжікстанның әлеуметтік-экономикалық деңгейі біздің елмен салыстырғанда төмен болғанымен, жыл са­йын бала туу деңгейі жоғарылап келеді. Мәселен, Тәжікстанда 2000 жылы 167 мың бала туса, 2005 жылы – 180 мың, 2010 жылы 239 мың, 2020 жылы 243 мың бала туды. Ал Еуразияның кіндігінде қозғаушы күшке айналуға ниетті Өзбекстанда халық саны 17 миллион адамға артты. Кезінде шекесінен қарап, менсінбей жүрген  өзбектердің саны 90-жыл­дармен  салыс­тырғанда 2  есеге  артты. Олар  әлемде  халық  саны  жөнінде  41-орында  тұр. Бұл елде 1 шаршы  шақырым  жерде  75,9  тұрғын  қоныс­танады.

Енді Қазақстан мен Өзбекстанның демографиялық  көрсеткіштерін   салыстырсақ, 1989 жылғы Бүкілодақтық  халық  сана­ғы  бо­йынша  Қазақстанда  16 миллион 536 мың адам болса, Өзбекстанның   халық саны 19 мил­лион 810  мың  адамды  құрады. Өзбекстанда әр  5 жыл сайын 2 миллион адамға көбей­ді. Мәселен, 2000  жылы  –  24  мил­лион  591  мың,  2005  жылы  –  26 миллион  254 мың, 2010 жылы – 28 мил­лион 292 мың, 2015 жылы – 30 мил­лион  680 мың, 2020 жылы 33 мил­лион 226  мың  адамға  жетті. Қазақстанда 2000 жылы – 14 миллион 900 мың, 2005 жылы – 15 мил­лион  75 мың, 2010 жылы – 16 миллион 204 мың,  2015 жылы – 17 миллион 417 мың, 2020 жылы 18 миллион  632  мың  адамға  жетті.

Статистикалық мәліметтерден 30 жылда Өзбекстан халқына 14 миллион адам қосылса, Қазақстанда 2 миллион адамға ғана көбейгеніне көз жеткізуге болады. Неге? Бұл сұраққа демог­раф  Аяулым  Сағымбаева:

– Қазақстанда демографиялық саясатты жүзеге асыратын, бақылайтын, яғни демографиялық жағдайды кешенді түрде қарастыратын уәкілетті орган жоқ. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі адамдардың жас ұзақтығы мен өлім-жітіміне жауапты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдем­ақы мен көші-қон процесін реттейді. Ішкі істер министрлігі көші-қон үдерісін тіркейді. Ұлттық статистика бюросы статистикалық ақпараттың сапасын қамтамасыз етеді. Жастар және отбасы комитеті отбасылық және жастар саясатын жүргізеді. Ал Ұлттық экономика министр­лігі аумақтық дамуға жауап береді. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі демографиялық көрсеткішке әсер ететін: бала туу, табиғи өсім, көші-қон үдерісімен өлшенбейді. Өйткені макро-экономикалық болжам халық санына емес, негізгі зерттеулер доллардың, алтынның, газ бен мұнайдың құнына негізделеді. Біздің елде халық санының өсуі табиғи өсімнің арқасында ғана болуда, – деп жауап берді.

ӘЛЕМ  ЕЛДЕРІНІҢ  ТАЛПЫНЫСЫ

Демограф Аяулым Сағымбаева халықты байлық  ретінде  бағалайтынын  айтты.

– Халық – демографиялық көрсеткіш қана емес, біріншіден, бұл – жұмыс күші, екіншіден, бұл – үлкен нарық. Мысалы, Қытай, Үндістан демографиялық дамудың арқасында өсіп-өркен­деудің  жолын  тапты, – дейді  демограф.

Расында, қазір адам ресурсы маңызды көрсеткішке ие. Өйткені елдің өркендеуі адами ресурсқа тікелей тәуелді. Яғни адамдардың дағдысы, ойлауы және білімі елдің келешегін айқындайды. Озық елдер адам ресурсы шексіз мүмкіндікке ие, тек ұлы жетістікке ерік-жігердің жетіспеушілігі кедергі деген қағиданы ұстанып, ғарышты игеріп, роботты жұмсап, өркениет өрісінде жаңа деңгейге жетті.

АҚШ жазушысы Эльберт Хаббард «Бір машина елу адамның жұмысын орындағанымен, елу машина бір интеллектуалды адамның жұмы­сын атқара алмайды» деп адамның ғылыми шығармашылық потенциалына баға береді.

Расында, Жапония, Корея, Сингапур сынды елдер табиғи ресурсқа бай болмаса да, адамдарға жайлы өмір салтын қалыптас­тырғанын жақсы білеміз. 2000 жылдардың басынан біздің елде жалдамалы жұмысқа жегі­ліп, құрылыс пен шаруашылық қызметтерді атқарған өзбекстандықтарды кемсітіп, кекетіп жүретіндер көп еді. Қазір осы менсінбей жүрген Өзбекстан бізді шаң қаптырып барады. Бір ғана дәлел, Қытайдың Ханчжоуында өткен Азия және Пара Азия ойындарында Өзбекстан жалпыкомандалық есепте алдымызды орап кетті. Өйткені  оңтүстіктегі  көршінің  саны  басым, ал  саннан  сапа  шығатыны  тағы  анық.

Дүниежүзіндегі жалпы халықтың 18,3 па­йызы Қытайда өмір сүреді. Кезінде Қытай компартиясының лидері Мао Цзэдун «Басты байлық – адам» деп санап, «неғұрлым көп жұмысшы болса, соғұрлым өндіріс те, қор да өседі» деген пікірді ұстанды. Бұл қағидадан ресми Пекин де бас тартпай, 2021 жылы әр отбасына үш балаға дейін рұқсат беретін жаңа демографиялық бағдарламаны жариялады. Неге десеңіз, еңбекке жарамды адамдар санын арттыру үшін керек. Өйткені еңбек құнының арзан болуы тауардың өзіндік құнын арзандатып, тауарға сұраныс артады. Бұл өз кезегінде кіріс көзіне әсер етеді. Әлемнің алпауыт компаниялары Қытайға қызығушылығы жоғары болуының бір себебі – осы. Ал әлем халқының 17,7 пайызы Үндістанға тиесілі. Түбекте орналасқан мемлекет өркендеудің өзіндік жолын тапты. Қазір Қытаймен де, Үндістанмен де әлем елдері санасады. АҚШ, Жапония, Германия, Түркия, Индонезия, Бразилия, Вьетнам және Иран сынды елдерде 80 миллионнан артық адам қоныстанды. Халық саны көп болса, ашық бәсеке болады. Бәсеке болған жерде сапа  артады.

Қазір Еуропа елдерінде бала туу деңгейі төмендеп, «ұлттың қартаю» проблемасы туындады. Рас, Еуропа ғалымдары мен демографтары «мықты отбасы – қауіпсіздік негізі» деп дабыл қағып, демографиялық дағдарысты еңсеруге шақыруда. Батыс елдері бала тууды ынталандыруда тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие, бала тууға байланысты жәрдемақыны көбейту, балалы отбасылар үшін салықты азайту және тағы басқа жеңілдікті қарастырады. Мәселен, Германия жас отбасыларды қолдауды басымдық етсе, Италия көпбалалы отбасыларды, ал Франция балалар жәрдемақысын көтеру арқылы мәселені шешуге мән беруде. Сәбидің анасымен қатар әкесіне декреттік дема­лыс беретін санаулы елдің бірі – Швеция. Бұл елде декреттік демалыс 480 күнге созылса, соның  90  күні  әкесіне  арналады.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S: Біздің санымыз аз, жеріміз кең. Бұл – бір жағы байлығымыз, бір жағы сорымыз болып тұр. Егер демографиялық саясатты басымдық етіп, көбеюге мән бермесек, тұтастық, тұрақтылық, елдік мұрат деген ұрандар жай сөз болып қалады. Өйткені демография – дамудың діңгегі.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Инфографиканы жасаған А.Үмбетова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: