Алматыда Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Амалбек Тшановтың жиені ұсталды. Бақдәулет Жамалбек Таиландтан есірткі жеткізуді ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Толық мәліметті Ulysmedia.kz редакциясына Қаржылық мониторинг агенттігі ұсынды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі.
Тергеуді Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жүргізіп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылдың тамыз айында Бақдәулет Жамалбек интернет арқылы шетелде есірткі сатумен айналысатын тұлғалармен байланысқа шыққан. Тыйым салынған заттар Таиланд Корольдігінен Қазақстанға халықаралық пошта арқылы жіберілген.
— Өзінің іске қатыстылығын жасыру үшін күдікті бұрын кәсіпкерлік қызмет барысында алған үшінші тұлғалардың дербес деректерін пайдаланған. Қыркүйек айында ол «Қазпошта» АҚ курьерлік жеткізу қызметі арқылы сәлемдемені алуға әрекеттенген. Ұстау Алматыдағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің маңында, жөнелтімді алу сәтінде жүзеге асырылды. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, — деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Бақдәулет Жамалбекке бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкцияланды.
Отбасылық байланыстар
Амалбек Тшанов кім? Ол бір кездері Қазақстандағы ықпалды тұлғалардың бірі болған, жоғары мемлекеттік қызметтер атқарған. Қазір жасы 82-де. Туған жері — Түркістан облысы. Еңбек жолын цемент зауытында слесарь болып бастап, кейін инженер, прораб қызметтерін атқарған. 1991 жылы алғашқы президент сайлауы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкент облысы бойынша сенімді өкілі болған. Осыдан кейін оның мансабы қарқынды өсті.
Ол Шымкент қаласы әкімшілігін басқарды, құрылыс министрі болды, Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарды, Мәжіліс депутаты болды, сондай-ақ Республикалық спорт колледжінің директоры қызметін атқарған.
Бірнеше жыл бұрын Тшановтың есімі анонимді телеграм-арналарда атала бастады. Авторлар оның кеңес дәуірінде ауыр бап бойынша сотталғаны, кейін соттылығын жасыру үшін жеке деректерін өзгерткені жөнінде мәлімдеген. Алайда Амалбек Тшанов бұл айыптауларды Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында жоққа шығарған. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметте жүрген жылдары өмірбаяны бірнеше мәрте күштік құрылымдар тарапынан тексерілген.
— Бір сәтке мені бұрын сотталған адам деп елестетіп көріңізші. Онда баяғыда-ақ біреулер келіп, «бізден пайыз алып, көз жұма қара» деп ұсыныс жасар еді. Осы логикамен қарасақ, кеше ғана түрмеден шыққан адам ретінде мен ондай ұсынысты қабылдар едім, — деген еді ол.
2022 жылы Тшанов Алматыда Республикалық спорт колледжінің тағдырына қатысты дау аясында баспасөз мәслихатын өткізген. Сол кезде Мәдениет және спорт министрлігі елдегі ең көне оқу-спорт мекемелерінің бірін қайта бейімдеп, оның базасында алты басым спорт түрі бойынша академия құруды ұсынған. Тәрбиеленушілердің ата-аналары балалар мен жаттықтырушылар оқу-жаттығу базасыз қалуы мүмкін деп қауіптеніп, бұл бастамаға қарсы шыққан.
Тшановты 2000 жылғы Олимпиада ойындарының еркін күрестен күміс жүлдегері Ислам Байрамуков қолдаған.
Фото: Turaninfo.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!