Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бөтелкені «БОМЖ» ғана өткізген жоқ

01.11.2024, 7:00 418

HALYQLINE.KZ

Бұрын да, қазір де бос құтыны (бөтелке) БОМЖ-дар өткізеді деген түсінік қалыптасқан. Бірақ СССР кезінде бутылка-шишаны профессорлар, оқытушылар, дәрігерлер, инженерлер, зейнеткерлер мен оқушылар да өткізген болатын (фото №1). Бұл тірлік 1960 жылдан бастау алды. Соғыс аяқталғанына 15 жыл болды. Елдің әлеуметтік жағдайы жақсара бастағасын тұтынушылық қажеті де өсті. Азық-түлік дүкендерінде 1-2-3 литрлік банкілерде тұздалған қияр, помидор, капуста салаттары, түрлі жемістен қайнатылған тосап-повидло тез өтіп кеткендіктен шыны ыдысқа деген сұраныс артты. Еліміздегі шыны ыдыстарын шығаратын заводтар 3 ауысымда жұмыс істесе де, шыны ыдыс тапшылығын жоя алмады. Сондықтан 1961 жылы СССР Министрлер Кеңесі (үкімет) арнайы Қаулы шығарды. Қаулы бойынша бүкіл елде консерві мен арақ-ликер заводтарына шыны ыдыстар жетіспеушілігіне байланысты барлық республиканың елді мекендерінде шыны ыдыстарын қабылдайтын пунктер ашылды. Оның бағалары №2 фотода көрсетілген. Лимонад құйылған 0,5 л бөтелкенің бағасы лимонад бағасының 50 пайызы, құрғақ шарап құйылған 0,7 л бөтелкенің бағасы шарап бағасының 10 пайызы, ал арақ бөтелкесінің  бағасы арақтың 5 пайызы болды, тек Куба ромының бос ыдысын ғана қабылдамайтын. Ал ең жоғарғы баға кефирдің бағасы: 15+15=30 тиын болды, яғни бөтелке мен кефирдің бағасы бірдей болды. Сондықтан кефир бөтелкесін тасырғандар ақшасының орнына қайтадан кефир алатын болғанын №3 фотодан көруге болады.

Бөтелкені тек әйелдер ғана өткізген жоқ. Брежнев заманында мерекені қызмет пен жұмыс орнында атап өтетін және жұмыстан соң қалып арақ ішудің еш айыбы жоқ қалыпты жағдай болатын. Сондықтан жұмыстан соң «шаң басқысы» келетін жұмысшы да, галустук таққан интеллегенция өкілдері де бөтелке тапсыратын және кезексіз тапсыруға болатыны ілініп тұратынын №4 фотодан көруге болатын. Енді бөтелке қабылдайтын адамның жалақысы қанша болды десеңіздер, 100-150 сом аралығында болды, бұл – тек ресми баға, олар түрлі қитұрқы жасап, одан көп пайда тапты, кейде сол үшін ОБХСС-ке ұсталып жатқандары да болды. Сол кездегі дәрігер мен мұғалімнің жалақысы 165 сом, ал еден жуатын жұмысшының жалақысы 70-80 сом еді.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, бөтелке жинап, су жаңа «Жигули» атвокөлігін сатып алып, «көк жигули, көк жигули» деп әндетіп жүрген пысықтар да болды. «Қайда?» десеңіздер, Қара теңіз жағасындағы Сочи, Одесса, Пицунда, т.б. көптеген курортты қалалар жағасына демалуға миллиондап келген адамнан бөтелке күнделікті тонналап қалатын. Демалуға келгендер бөтелке тапсыратын жерді іздеп кетпейді ғой. Сондықтан пысықтар жылда осында келіп, жағажайға бақылау жасайтын «бақылаушыларға» (смотрящий) жолығып, күнделікті «үлесін» (доля) беріп, бөтелке теретін. Үш ай ішінде «Жигулиге» ақша жинап алып еліне қайтатын. Келесі жылы өзінің жақсы танысына не досына бөтелке жинайтын аймағын сатып, «бақылаушымен» таныстырып кететін.

Сөзімнің соңында бұл бутылка тапсыратын орындарды совет суретшілері де назардан тыс қалдырған жоқ, оны №5-6 фотодан көріңіздер. Осы бөтелке өткізуге байланысты біздің жастық шағымызда қалыптасқан бір қанатты сөздің тарихын да айта кетейін. Жаз айы бұл студенттердің жазғы сессиясынан кейін каникулға үйлеріне қайтатын кез. Сол кезде сыныптағы жігіттер басқосу кешін (вечер) жасау үшін белсеніп шығады. Әдетте оған ақша жинау үшін екі жігіт шығады, қыздарға 5 сом, жігіттерге 10 сомға «такса» қоямыз. Кейбір сараң жігіттер 10 сомды көпсініп сылтау айтатын болса, жауабымыз да дайын: «Бөтелке өткізсең де, келесі келгенде 10 сом беретін боласың!». Ол қызықты кез де басымыздан өткен болатын.

Міне, бір бөтелке тапсырудан шыққан әңгіменің тобықтай түйіні.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: